Қоғам • 03 Қыркүйек, 2024

Әдеби мектептің жаңа мүмкіндігі

64 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдебиет пен мәдениеттің қай­наған ортасы саналатын ару шаһар Алматыдан алыста жүрген жас қаламгерлерге қолдау мен қол­паштаудың маңызы зор екені шындық. Десек те кейінгі жылдары осы қасаң пікірдің көбесі сөгіліп, Жазушылар одағы жас­тарға қатысты ірі-ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.

Әдеби мектептің жаңа мүмкіндігі

Жыл сайын Жазушылар ода­ғына мүшелікке қабыл­дауда жастарға басымдық берілуі, жас ақын-жазушылар кітабын мемлекет тарапынан шығаруға мұрындық болуы, тіпті «Жазушылар одағына үміткер» жобасының қолға алынуы – сөзіміздің айқын дәлелі. Ауқымды жұмыстардың тағы бірі – биыл шығармашылық ұйым мен Мәдениет және ақпарат министр­лігі арасындағы стратегиялық әріптестік аясында қола алынған «Жазушылар­дың әдеби шеберлік мектебі» атты жаңа жоба.

Аталған жобада шығармашылық ортадан жырақта, шалғай аймақтар мен шағын қалаларда жүрген 20 жас­тың басын қасиетті қарашаңырақ астын­да қосып қана қоймай, оларға мү­йізі қарағайдай ақын-жазушылар, әдебиет­танушылардың дәрісін тыңдату, белгілі қаламгерлердің шеберлік сағаттарын ұйымдастыру, шынымен де, тың бастама. Ерекше атап өтерлігі – бұл жобаға қатысушыларды іріктеуге арнайы сараптама комиссиясы құрылып, алдымен талапкерлер іріктеуден өтті.

Екіншіден, аталған жоба жас ақын-жазушыларға жаңа мүмкіндік сый­ла­ғаны даусыз. Өйткені Сәкен, Бейім­бет, Ілияс, Мұхтар, Әбдіжәмілдей тау тұл­ғалардың ізі қалған қара­ша­ңырақта жастар 10 күн бойы белгілі қала­мгерлер­мен етене жүріп сөйлесуі, білмегенін сұрап-білуі де бір ғанибет. Жас талап­тың кеудесіне сенім ұялатып, қиялына қанат бітіреді. «Мен де сол кісі секілді атақ­ты шығармалар жазуым мүмкін екен ғой» деген үміт пен жігер сыйлайды. Сондай-ақ еліміздің әр түкпірінен келген жастар бір-бірімен араласып, өзара пікір алмасу арқылы көкжиегі кеңейеді, жаңа тақырыптарға қалам тартады. «Жаңа мүмкіндік ашылады» деп отырғанымыз – осы.

Отыз бес жасқа дейінгі жас қалам­герлерге арналған шеберлік мектебінде проза мен поэзия жанрындағы әдеби үрдіс, кәсіби шеберлік, әдеби сынның дамуы, әдебиеттегі тәуелсіздік рухы, халықаралық байланыс, аударма, кітап тарату бағыттары мен Жазушылар ода­ғы­ның еліміздің әдеби өміріндегі алатын орны туралы тағылымды әңгімелер айтылып, күн сайын Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков, әдебиет сыншысы Жанғара Дәдебаев, ақындар Бақытжан Қанапиянов, Әділғазы Қайырбеков, Бекжан Әшірбаев, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, драматург Асылбек Ихсан, танымал аудармашы Ләйла Мұсалы дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті. Осы жобаға шетелден арнайы шақыртылған түркия­лық Екрем Аян, көрші қырғыз елінен келген Абдылдажан Ақматалиев, АҚШ-тағы Колумбия университеті Шығыс­тану институтының аймақтық директоры Рафис Абазов, ресейлік жазушы, аудармашы Гузель Яхина шеберлік мектебіне өзіндік әр берді.

Әрине, шеберлік мектебінде дәріс оқыған қаламгерлер мен олардың қау­заған тақырыптары туралы таңды таң­ға ұрып айтуға болады. Дегенмен бел­гілі қазақ жазушысы, екі буынның да көзін көрген Жүсіпбек Қорғасбектің дәрістерін ерекше атап өтуге тиіспіз. Өткен ғасыр классиктерінің де, қазіргі буынның да шығармашылығымен жақсы таныс қаламгердің дәрістеріне бөлінген уақыт аздық етіп, жобаға қаты­сушылардың қосымша уақыт сұрағаны көп нәрсені аңғартса керек. Сол секілді, танымал ресейлік жазушы, кәсіби аудармашы, атақты «Зулейха открывает глаза», «Дети мои», «Эшелон на Самарканд» романдарының авторы Гузель Яхинаның шығармашылық зертханасы бәрімізді лезде қызықтырып әкетті. Жалғыз-ақ «Зулейха открывает глаза» романына бір мезгілде 5 беделді әлемдік әдеби сый­лықты иеленген жазушының дәрісі ерекше ұнағандығы соншалық, қадірлі қонаққа бірнеше сағат бойы сұрақ қойдық. Әдебиеттегі өте өзекті тақырып – аударма мәселесі туралы сөз қозғаған Түркияның Мугла Сыткы Кошман уни­верситетінің профессоры, PhD Екрем Аян бірнеше күн бойы тәржімаланатын шығармалардың тізімін жасау керегін, ортақ терминология құрастырудың мәні зор екенін айтып, қос елдің әдеби байланысын нығайту тетіктері туралы ой толғады. Аударма туралы айтқан­да, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «Жас аудармашылар ұйымының» ғылыми жетекшісі, профессор Ләйла Мұсалы дәрістерін айрықша атап өткен жөн. Оның нақты мысалдар келтіре отырып, барлық қатысушыға поэзия мен прозадан аударма жасатып үйретуі, өз бетінше тәржіма жасауға дағдыландыруы, осы саланың қыр-сырымен бөлісуі – бізге құнды дүние болды. Авторлық құқық, баспа мәселесі, БАҚ-тағы ұлттық мүдде мен қайшылықтар, қаламгердің азаматтық ұстанымы туралы әңгімелеген Бекжан Әшірбаевтың дәрістері – дайын тұрған оқу бағдарламасы.

Шығармалары әлемнің 11 тіліне аударылған әдебиеттанушы, академик Абдылдажан Ақ­ма­талиевтің Шыңғыс Айтматов туралы естеліктері бәрімізді ә дегеннен-ақ баурап алды. Кемеңгер жазушының жанында жас кезінен бастап соңғы күндеріне дейін бірге болған ол Айтма­товтың көпшілік біле бермейтін тағдыры мен адами қасиет­тері, Мұхтар Әуезовпен достығы туралы тың деректерді әсерлі жеткізді.

Шеберлік мектебі барысында жо­баға қатысушылардың сұрауымен Қазақ­станның халық жазушысы Бексұл­тан Нұржекеұлы, ақын, драматург Иран-Ғайыптың да дәрістері өтті. Ше­берлік мектебіне қатысу­шы­лардың өті­ніш-тілегіне орай Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып демалыс күндері бәрімізді Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов­тің музейіне, «Кең­сайдағы» Ілияс Есенберлин, Әзілхан Нұршайықов, Мұқағали Мақатаев, Оралхан Бөкей, Қадыр Мырза Әли секіл­ді әдебиет алыптарының басына апарып, зиярат жасатты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының «Жазушылардың әдеби шеберлік мек­тебі» жобасы жас қаламгерлерге үлкен тәжірибе, бірегей тағылым ала­ңына айналды. Мұндай бастама жал­ғасын тапса, талай жас дарынға жаңа мүмкіндік сыйлайтыны анық. Бола­шақта үлкен әдеби мектепке айналатын үрдіс болатыны сөзсіз.

 

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

«Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасының қатысушысы