Қоғам • 03 Шілде, 2024

Көпбалалы ата-ана қуанышы

64 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күні кеше Глубокое кентінде «Бірқабатты Шығыс» бағдар­ламасы аясында 12 отбасына жаңа тұрғын үйлердің кілтін табыстау салтанаты өтті. Глубокое ауданында 2020 жылдан бастап жаңа үйлердің құрылысы жүріп жатыр.

Көпбалалы  ата-ана қуанышы

Қазірдің өзінде 44 қос­пәтерлі 88 тұрғын үй көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бе­рі­лді.
– Көптен күткен баспана­мызға қол жеткіздік. 2015 жылдан бері үй кезегінде тұрдым. Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, қуанышымызда шек жоқ. Төрт баланың анасымын. Мемлекеттен көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау көр­сетіліп жатыр. Сондықтан жергілікті әкімдікке ерекше алғысымды айтқым келеді, – деп ыстық лебізін білдірді Абай шағын ауданының тұрғыны Әйгерім Намазбаева.

Айта кетейік, былтыр осы жоба аясында 20 үй салын­ған. Оның ішінде жеті үй Глубокое ауданына қарасты Белоусовка, Бобровка, Веселов­ка, Прапорщиково және Черем­шанка ауылдарындағы көп­балалы отбасыларға табыс етілген. Бұл үйлердің әр­қай­сысында шаруашылық жүр­гізуге арналған 20 гектар жер учаскесі бар екенін де еске сала кеткеніміз жөн. Ең бастысы, берілген жерге дән егіп, болмаса шөбін шауып, табиғат ырыз­дығын дер кезінде пайдалана білсе, болғаны. Баспанадан бөлек жердің берілуі де үлкен көмек.

– Глубокое аудынында облыс әкімдігінің бастамасымен «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы дамып келеді. Бұл үйлер аудан әкімі, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері және «Amanat» партиясының қатаң бақылауында. Үйдің сапалы болуы маңызды. Сонымен қатар ауданда абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Қазірдің өзінде жарықтандыру жұмысы жүргізіліп, балалар алаңы салынған. Жақында асфальт төселеді, – деді Глубокое аудандық мәслихатының төр­ағасы Алтай Қалиғожин.

«Бірқабатты Шығыс» мем­лекеттік тұрғын үй бағ­дар­ла­масының тетігі өте ыңғайлы. Мердігер өз қара­жатына баспана салып, мемлекетке ұсынады. Барлық тексеруден өткен соң мемлекет қаражат бөліп, бас­паналарды сатып алады. Кейін­нен кезекте тұрған азаматтар жергілікті атқарушы органдар арқылы үйлерге ие болады. Демек үйлердің сапалы болуы ең әуелі құрылысшының қызы­ғушылығында.

– Үй аумағы – 85х65 шаршы метр. Газ блоктан салынған. Барлық жағдай жасалған. Терезелер пластиктен, жерге линолеум төселген. Үйдің ішінде ақылды пеш орнатылған. Қоныстанып жатқан тұрғын­дарға амандық тілеймін, – деп өз тілегін жеткізді КТБ құрылыс компаниясының директоры Тілек Қоңыров.

Салтанатты іс-шарада бас­пана кілтіне ие болған азаматтар бір-біріне құтты болсын айтысып, жаңа қонысқа көшу қамына кіріспек.

Шығыс Қазақстан облысы,
Глубокое ауданы