Қоғам • 05 Маусым, 2024

Әулиеатадағы елшілдер форумы

29 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әулиеатада Мемлекеттік рәміздер күні «Туған жерім – Қазақстаным!» тақырыбында патриоттар форумы ұйым­дас­тырылды. Қала тұрғындары, жергілікті атқамінер аза­маттар қатысқан форумда Мемлекеттік гимн шыр­қа­лып, елдігіміздің айнасы – көк байрақ көкте желбіреді.

Әулиеатадағы елшілдер форумы

Елдігіміздің басты ныша­нына айналған Мем­лекеттік рәміздер күні­не орайластырылған іс-шарада өңір басшысы Ербол Қарашөкеев сөз алып, жамбыл­дық әлеуметті құттық­тады.

«Мемлекеттік рәміздер – елді­гіміздің біртұтастығын бей­не­лейтін басты мақтаны­шымыз. Азаттық жылдарында еліміздің бойтұмарына айналған рәміздерді қадірлеу, құрметтеу – жастың да, жасамыстың да қасиетті борышы.

Рәміздеріміз арқылы біз тату­лық туын бәрінен биік қой­­ған ел екенімізді төрткүл дүниеге дәлелдеп жүрміз. Жыл са­йын дәстүрлі түрде ұйым­дас­ты­рылатын патриоттар форумы биыл қасиет дарып, құт қонған Жамбыл облысының 85 жыл­ды­ғымен тұспа-тұс келіп тұр. Өңірімізде ұйымдастырылған іс-шара облысымыздағы татулық пен тұрақтылықты, бірлігімізді әрмен қарай нығайта беретініне сенім мол. Тәуелсіздігіміз мәң­гілік баянды, Мемлекеттік рә­міздеріміздің мәртебесі әр­қашан асқақ болсын», деді Е.Қарашөкеев.

Іс-шара барысында өңірде патриотизмді нығайтуға, облыс­тың қоғамдық-саяси өмірінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар мен бейбіт күннің батырлары атанған тұрғындар өңір басшысының қолынан Құрмет грамотасы мен Алғысхат алды.

Форум аясында ұйымдас­тырылған концерттік бағдар­ла­маға белсене қатысқан Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары рухты оятатын патриоттық әндерді шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Рәміздер күніне орай өңірдің барлық ауданында түрлі фор­маттағы іс-шаралар өткізілді.

 

Тараз