Таным • 16 Мамыр, 2024

Қазағы үшін қайғысын ұмытқан

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1927 жылы Мәскеуде түсірілген бұл сурет қандай құнды болса, тарихы да сондай қасіретті. Әйгілі композитор Александр Затаевичтің шақыруымен алғашқы кәсіби қазақ театрын құрған қайраткердің бірі Жұмат Шанин бір топ өнерпазды Мәскеуге концерт беруге алып барады.

Қазағы үшін қайғысын ұмытқан

Делегация құрамында Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қалибек Қуанышбаев, Сер­ке Қожамқұлов, Құрманбек Жан­дарбеков, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Елубай Өмірзақов, Жанбике Шанина (Жұматтың жұбайы), Дәлилә Оңғарбаева сынды талантты әртістер бар.

Бұл сапар қазақ өнері үшін қанша­лықты маңызды болса, ерлі-зайыпты Жұмат пен Жанбике Шаниндерге қасіретімен есте қалды. Мәскеуге барар жолда Жанбике апамыздың өзімен бірге ала шыққан құндақтағы 6 айлық сәбиі отарба ішінде қатты ауырып, шетінеп кетеді. Бауыр еті баладан айырылу оңай ма, қос өнерпаз қайғыдан қан жұтады. Үлкендер жағы Жұмат пен Жанбикеге: «Баланы жерлеуге елге қайтыңдар» дейді. Бірақ қашанда өз қайғысынан қазақ­тың мүддесін жоғары қойған Жұ­­мат Шанин: «Өлер бала өлді, бала біз­дікі, бірақ қазақ өнері өлмесін, мен де, Жанбике де қайтпаймыз», дейді. Себебі сәбидің шетінегенін байқаса, бұларды Мәскеу қабылдамайды. Бұл туралы ғасыр жасаған Хабиба Елебекова апамыз: «Елубай Өмірзақов пен Құрманбек Жандарбеков жолдан түсіп қалып, баланы жерлеп, арттарынан келмек болады. Бірақ бұған Жұмат қарсы болады. Себебі келісім бойынша бүкіл құрам по­йыз­дан бірге түсуі керек.Содан не керек, делегация Мәскеуге толық құраммен келеді. Жанбике өлі сәбиді өтірік әлдилеген болып, пойыздан түседі. Таң атысымен Елубай мен Құрманбек баланы татар зиратына апарып жерлейді. Ал Жұмат пен Жанбике топқа қайта қосылуға мәжбүр болады. Себебі араларында орысша білетін жалғыз Жұмат екен», деп сол бір қиын да қасіретті жылдардың естелігін айтып берген болатын.

Міне, дәл осы кезде қазақтың өнер­паздарын қарсы алуға Затаевичтің өзі келеді. Бәрі жиналып осы бір тарихи суретке түскен. Ал Елубай Өмірзақов пен Құрманбек Жандарбеков баланы жерлеуге кеткендіктен, суретке түспей қалған. Өзгесі толығымен осы суретте таспаланған.