Әйел әлемі • 08 Наурыз, 2024

Мансап пен отбасыны тең ұстау өнегесі

80 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Караван» газетінен Еуропалық қайта құру және даму банкінің «кредит менеджерін іздейміз» деген хабарландыруын көріп қалып, көрсетілген нөмірге факс арқылы резюмемді жібердім. Қызық болғанда 240 үміткердің ішінен 8 адам өттік және сол банктің базасында кредит эксперті мамандығы бойынша білім ала бастадық. Онда тек оқып қоймай, жұмыс істеуге де мүмкіндік берілетін.

Мансап пен отбасыны тең ұстау өнегесі

Бағдарлама біздегі «Альянс Банк» арқылы жүзеге асырылды. Сол жерде екі жыл жұмыс істегеннен кейін «Еуразиялық банктен» шақырту түсті. Ондағы қызметім шағын және орта бизнес қызметіне арналды. Сол жерде он жыл қызмет атқардым және банк ішіндегі барлық баспалдақты басып өттім. Жетекші маман, бас маман, бөлім басшысы, бас­қарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы болып, басқарушы директор лауазымына дейін жеттім. Сол қызметті біраз уақыт атқарып, одан кейінгі жолымды қалай жалғастырамын деп отырғанда мені «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ша­қыр­ды. Қазіргі – «Отбасы банк». Басқарма төрайымының орынбасары болып сол жерде де ұзақ мерзім жұмыс істедім.

Табаным тиген қай ұйымның мен үшін маңызы биік. «Альянс Банк» пен «Еуразиялық банк» те шағын және орта бизнеске несие беру саласына жауапты болдым. Ол құрылымдарда азаматтардың несие алып, кәсіп бастауына, сөйтіп өзінің де, елдің де жағдайын жақсартуына барынша үлесімді қостым. Ал «Отбасы банкте» баспана алуға қатысты несиелер ғана беріледі ғой, мен осы ортаға келу арқылы адамға одан сайын жақындай түскендей болдым. Азаматтардың үй алуына себепші болу адамға ерекше бақыт сыйлайды. Одан кейін 2020 жылдың соңында аяғымның ауырлығына қарамастан, Үміт Шаяхметова ханым «Халык-Life» компаниясына шақырды. Миссиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, мен адамға одан сайын жақындай түстім. Яғни бұл жерде адамдардың өмірін сақтандыруға белсене араласып келемін.

Қазір біздің компания азаматтар әр тиынның маңызын түсініп, артық ақшаны өмірін сақтандыруға, баласының білі­мі­не жинаса деген ой аясында стратегия қалыптастырып отыр. Бұл орайда компания жұ­мысында ағартушылық сипат басым. Сақ­тандыру нарығын дамытуға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көп көмегін тигізіп жатыр. Соның арқасында елімізде алғаш рет өмірді сақтандыру нарығында мемлекеттік қордан сыйақы бөлінетін болды. «Білім-Life» сақтандыру бағдарламасы бо­йынша әке-шешесі ақша жинайды. Біз оған 8 пайыз төлемақы беріп отырамыз. Егер көпбалалы ата-ана болса, оған мемлекет 7 пайыз сыйлықақы береді. Биылдан бастап тура тұрғын үй құрылыс банкіндегідей сыйлықақы жүйесі өмірді сақтандыру жүйесіне де келді. Сонда әке-шешесі «жинағыма сақтандыру компаниясы 8 пайыз сыйлықақы береді, соның үстінен балам білімге қолжеткізсін деп мемлекет тағы 7 пайыз береді екен, онда ай сайын тым құрыса он мың теңге болса да салып отырайын» деп ойлана бастайды. Бала университетке түскенде сол ақшаны қолдана алады. Егер сол ақшаны жинау барысында қолайсыз жағдай кесірінен әке-шешесі өмірден озып кетіп жатса, біз ол баланы 17 жасқа дейін жеткізіп, армандаған оқу орнына түсіріп, оқу ақысын төлеп береміз.

Отбасы құндылығы мен мансап жолын барынша тең ұстау­ға тырысып келемін. Әр балам қырқынан шыққанша анам көмек­те­седі. Жолдасым қай бас­тамамды да қолдап, тілеулес бо­лып отырады. Әйел үшін мансап құру, ерлер деңгейінде табыс табу қиын ғой. Себебі біздің күнделікті өмірде атқаратын рө­ліміз көп. Жұ­мыс­тан үйге жеткенше ана тамақ­ты істеймін, мынаны ысытып жіберемін, мынаны жуып тастаймын деп ойланып барамыз. Сөйте жүріп, жұмысты да шет қалдырмау керек. Отбасыма ғана емес, халқыма да пайдам тиюі керек деген қағиданы ұста­намын. 

Жыл сайын қаржы саласында үлкен жетістікке жететін әйел­дер қатары артып келеді. 8 нау­рыз мерекесінде ең бірінші ана­мызды құттықтауға барамыз. Отба­­­сымыздың ақылшысы, бере­кесі анамыз риза болса, біз үшін сол ғанибет. Одан кейін жұмыста қыз-келіншектерді, әріптестерді құт­тықтаймын. Әйел азаматтар құл­пыра берсін.

 

Жанар Жұбаниязова,

«Халык-Life» АҚ өмірді сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы