Денсаулық • 05 Желтоқсан, 2023

Қызылшаны ұжымдық иммунитет жеңеді

141 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде қызылша ауруы әлі бәсеңдемей тұр. Бұл дертпен сырқаттанушылардың күрт өсуі Үкіметте күн тәртібінен тыс жиын өткізуге түрткі болды. Бүгінде жұқпалы дерт еліміздің барлық аймағына таралып үлгерді. Соның ішінде ауруды ең көп жұқтырғандар – Шымкент пен Алматы қалалары.

Қызылшаны ұжымдық иммунитет жеңеді

Шымкентте қазір де жағдай мәз емес. Дерт­ті ауыздықтаудың жал­ғыз жолы – екпе сал­дыру. Са­ни­­­та­риялық-эпиде­мио­логия­лық ба­қылау департаменті бас­шы­сының орынбасары Ай­гүл Тұ­рым­­бето­ваның айтуын­ша, бұл жұ­мыстар тұрақты жалға­сып келеді. Осы ретте маман ха­лық­ты иммундау әре­кет­теріне тұрғын­дардың белсене қатысуын өтінді.

«Қалада қызылшаны туын­датқан эпидемия­л­ық ахуал қолайсыз болып жатыр. Бүгінге дейін қызылша жұқтырған 6 мыңнан аса жағдай тіркелді. Оның тең жартысы зерт­ханалық сынама арқылы расталып отыр. Ауыр­ғанның көпшілігі  жасөспірімдер, олардың ішінде 6 жасқа дейінгі бала көп. Жалпы, қызылша – адамға тез жұғатын ауру. Бұрын вакцина болмаған уақытта бұл дерт тез таралатын және оны тоқтатуға адамда ешқандай қауқар болмады. Тек халық түгел қызылшамен ауы­рып болған соң ұжымдық иммунитет қалыптасқан. Алайда оның жанама әсері ауыр. Өкпе, мидың қабынуынан адамдар қатты зардап шекті, әсіресе жаңа туған жас нәрестелердің қызылшадан аман қалғаны аз болды. Жоғарыда айтқанымдай, бұл жұқпалы дерт өте тез таралады. Халықтың ара­сын­да ұжымдық иммунитет бол­маса, адамдардың қызылша жұқ­тыру қаупі де жоғары болады. Ке­­рі­сінше, екпе салдырғандар қа­та­­ры артса, аурудың таралу дең­­гейі де әлсірей түседі», деді А.Тұрымбетова.

Эпидемиологтің мәлімдеуін­ше, қызыл­шаның алдын алудың ең тиімді тәсілі сол бұрынғы күйін­ше қала береді. Бұл – дер кезін­де екпе салдыру. Ұлттық егу күн­тіз­бесіне сәйкес 6-11 айлық нәрес­телер мен 6 жасар балалар жоспарлы түрде вакциналанады. Ал қазіргі ахуалға байланысты 12-15 айлық бөбектер де, 2-4 жас аралығындағы кішкентай балалар да ата-аналарының рұқ­сатымен қызылшаға қарсы екпе алады. Осыған байланысты бүгінгі таңда егу жұ­мыс­тары қалада қар­қынды жүріп жатыр. Со­нымен қатар қызылша дерті өршіген 2019 жылдан бері вакцина алмаған меди­цина қызметкерлері де екпе салдыру мін­детті болған азаматтар қатарына жатады. Де­генмен алдын қызылшамен ауырып шық­қан адам қайта вакцина салдырмайды. Қазіргі уақытта мегаполистің барлық емханасы мен алғашқы медициналық-санитариялық кө­мек көрсету мекемесінде таң­ғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ақысыз әрі демалыссыз екпе егу жұмыстары жүріп жатыр. Медициналық және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қос­қанда жалпы саны 187 егу бекеті іске қосылған.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы­ның мәліметіне сәй­кес, шаһарға қызылшаға қарсы 34 050 доза вакцина әкелінді. Жалпы, Шымкентте қызылшаның жаппай белең алып кетуінің алдын алу бойынша іс-шаралар жос­пары түзіліп, арнайы штаб құрылған. Бүгінге дейін штабтың 9 отыры­сы өтті. Онда қабылданған шешім­дерге сай, қалалық жұқ­палы аурулар ауруханасының төсектік орын саны 120-дан 260-қа дейін ұл­ғайтылды. Егер қажет болса гипер­бариялық оттегімен қа­нық­тыру орталығының базасында ка­ран­тиндік емес инфекциялар­мен ауыратын науқастарды қабылдау үшін 60 төсектік орын тағы қосылады.

Осы ретте мегаполистің штат­тан тыс бас инфекционисі, қа­лалық жұқпалы аурулар ауру­ханасының бөлім меңгерушісі Мұрат Иби­шевтен жағдайды сұ­рап көрген едік. Маманның берген жауабы мынадай болды.

«Негізінен инфекциялық аурулар 5 жыл сайын өршіп тұрады. Бұл – табиғи құбылыс. Бүгінде шаһар бойынша қызылшамен ауырғандарды қабылдап жатқан жалғыз ем­деу мекемесі – қала­лық жұқпалы аурулар ауруханасы. Ауруханада қызылша жұқ­ты­рып, мүш­кіл халде түскен нау­қас­тарға 200-ден аса төсектік орын сайланған. Ахуалға байланысты төсектік орын­дардың 60 пайызы, кейде 70 пайызы нау­қастарға толады. Келіп жатқан ауру­лардың 80 пайыздан астамы – нәрестелер. Қызылшаның өзінен бұрын асқынуы қауіпті. Ол адамды пневмонияға, ми қабынуына немесе іштен қан кетуге әкеп соқ­­тыруы мүмкін. Жеңіл және орта деңгейлі науқастарды меди­ци­налық кеңес беріп, үйлеріне қай­тарамыз. Созылмалы аурула­ры бар және бір жасқа дейінгі сәбилерді осында алып қаламыз. Егер пневмония болмаса 5-6 күнде, өкпесі қабынғандарды 10 күнде емдеп шығарып жатырмыз. Жалпы, дерттің өршуі тамыз айының ортасынан басталды. Содан науқастар саны күрт өсіп кетті. Ауру басылды деп айту әзірше қиын. Күнде науқастар түсіп жатыр. Кейде аза­йып қалады. Енді бірде көбейіп кетеді. Сондықтан дөп басып айту мүмкін емес. Дерттің беті қайту үшін ұжымдық иммунитет қажет. Бұл вакцинамен және белгілі бір деңгейде халықтың осы кеселмен ауырып болған соң қалыптасады. Содан соң қызылшада нақты дәл соған бағытталған дәрі жоқ. Медицинаның қолы­нан келетіні – тек вирустың әлсірегенін күтіп, науқастың жағдайын бақылауда ұстап отыру. Ал адам бір ауырған соң, онда өмір бойы қызыл­шаға қарсы иммунитет қалып­тасады. Вирус ағзаға енген соң 28-30 күн бойы көбейіп, күш жинайды. Сосын ғана клиникалық белгілерін көрсетеді. Егер ауру жұқтырдым деп күдіктенген жағдайда 72 сағат ішінде вакцина салдырса, қызыл­ша жұқтыру қаупі 70 пайызға төмендейді. Сонымен бірге дерт өршу жағдайында балалардың им­мунитетін көтеру маңызды. Оған бір арнайы дәрі немесе витамин жоқ. Ең бастысы, баланың ұйқысы қанық, түрлі дәруменге бай тағам жеп, таза ауада көбірек серуендеуі керек», деді қаланың штаттан тыс бас инфекционисі.