Өнер • 13 Маусым, 2023

Жаратушының қолдауы болмаса, сурет өнері ешқашан шықпайды - Алпысбай Қазығұлов

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Суретші қылқаламы арқылы артында бүкіл тарихты қалдырып кетеді десек артық емес. Суреттегі мың сан бояудың астарында тарихтың талай жылдары сөйлеп жатады. Кейде суреттерге қарап тұрсаң, бұрын өкен ғасырға барып келгендей әсер аласың. Бұл, сірә суретшінің талантынан болса керек. Әрбір сөз секілді, әрбір бояудың да өз мағынасы, терең философиясы бар. Біз бір ойды дәл жеткізу үшін сөзді қалай іздейтін болсақ, бояуды да дәл таба алу - нағыз шеберлік. 

Жаратушының қолдауы болмаса, сурет өнері ешқашан шықпайды - Алпысбай Қазығұлов

Осы салада 45 жыл еңбек еткен Алпысбай Қазығұлов: «Жаратушының қолдауы болмаса, сурет өнері ешқашан шықпайды», дейді.

Кез-келген сурет ұлы туындыға айнала алмайды. Көркем жұмыстың сыртқы пішіні ғана көз тартарлық көркем болуы аздық етеді. Оның ішкі мазмұны да көрерменге көп ой салуы шарт. Суреттің жаны, тілі болады. Кейде сондай туындыларды көріп тамсанғанда «ол қалай туады екен?» деген сұрақ көкейімізде тұрады.

Ақын-жазушылардың «сөздерді біреу құлағыма келіп айтып кетті» дегеніндей суретшіге де әлдебір құдірет сыбырлай ма екен?

«Жаклой Давид - француздардың ең ұлы суретшілерінің бірі. «Коронация Напалеон» деген картинасын жазған кезде бірден империядағы бірінші суретшіге айналды. Қазір бұл сурет Луврда тұр. Оның көлемі - 6х10 м. Ішінде 156 кейіпкер салынған. Мен оны көрген кезде бұндай картинаны суретші Алланың көмегінсіз сала алмайды деген тұжырымға келдім. Ондай ауқымды картинаны бір адамның жинақтап, жазып шығуы мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан, жаратушының қолдауы болмаса бұл сурет өнері ешқашан шықпайтын еді», дейді суретші.

Талант иесі сурет өнеріне «халықтың интелектуалдық байлығы» деген баға береді.

«Қазақ сурет өнері биыл 90 жылға толды. Бұл қазақта кенже өнер. Сондықтан қазақтың айтқанынан айтатыныны көп деп ойлаймын. Менің де қосатын үлесім әлі алда. Басқа елдерде көркем сурет өнері 700-800 жылдан бері дамып келе жатыр. Бізге нәбәрі - 90 жыл. Сондықтан қазақ қоғамы сурет өнерін түсінуден алшақтау. Толық түсінуге жете қойған жоқ. Мен өзім бір тәжірибе жасап көрдім. Сонда 10 такси жүргізушісін тоқтатып, сұрағанымда біреуі де Қастеев музейі қай жерде орналасқанын білмейтін болып шықты. Осыдан-ақ халықтың музейге бармайтынын аңғаруға болады. Десе де түсінетіндері де бар. Көптеген коллекционерлер де бар. Мен өзім де 40 жыл бойы қазақ суретшілерінің туындыларын жинап келемін. Менің топтамамда олардың 3 000-ға жуық картинасы бар. Оның ішінде үшеуі - Әбілхан Қастеев атамыздың картинасы. Қалғандары да қазақтың белді суретшілерінің туындысы. Мен оларды халықтың мұрасы ғой деп жинап жүрмін», дейді Алпысбай Қазығұлов. 

Тағдырлы өлеңдер болатыны секілді, тағдырлы картиналар да болады.

«Мына картинаны мен 4 курста, студент болған шағымда салғанмын. Бұған 2 курс төмен оқитын жігіт себепші болды. Ол осы суреттің жантысын сала алмай отыр екен. Өзі үнемі шәкіртақыдан қағылып қалатын. Сосын мен оған «саған салып берейін, шәкіртақыңды ал» деп, сол суреттің жартысын салып бергенмін. Кейін ол емтиханға алып барғанда мұғалімдер: «біздің институтта бұны тек бір-ақ адам сала алады», депті. Мені деканатқа шақырып, ұрысқан еді. Жұмысты өзің ал деді де ана балаға 4 қойып берді. Содан кейін картинаны тағы толықтырып салдым. Бірақ кейін оны біреу ұрлап кетті. Артынша оны қайта салып шықтым. Бұл картинаның тарихы осындай», деді ол.

13

Әр туындысынан қолтаңбасы көрініп тұратын талантты суретші бұған тек ізденіп, көп оқып, еңбек етіп қана жетуге болатындығын біледі. Оның тағы бір қағидаты - қарапайымдылық. Суретші қарапайымдылығын жоғалтса, сұлулықты көре білетін, сезіне алатын таным түйсігін бітеп тастайды. 45 жыл ғұмырын сурет өнеріне арнап, 8 мың картина салған талантты да кәсіби суретші Алпысбай Қазығұлов «болдым-толдым» демей, керісінше «қазаққа бергенімнен берерім көп» дейді.