Спорт • Кеше

Жарыс күнделігі

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Грекия астанасы – Афинада жасөспірімдер (U-17) арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында 45 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан грек-рим күресі шебері Жаңажол Қуанышбек бас жүлдені олжалады. Аса шиеленісті финалдық са­йыста ол қырғыз Нұркерім Құмар­бековты 8:7 есебімен еңсерді. Оған дейін Жаңажол Болгария, Молдова, Иран балуандарын жолынан ығыстырған еді. Нұрдәулет Құмарұлы (48 кг) мен Нұрәлі Асқар (55 кг) күміс, Шәміл Досбол (65 кг) мен Марлен Мейірбекұлы (71 кг) қола медаль иеленді.

Жарыс күнделігі

Сурет: gov.kz

  • 14-16 тамыз аралығында Астанада таеквондодан кадеттер, жастар, ересектер арасында аса ірі халықаралық турнир­дің жалауы желбірейді. Қазір­дің өзінде 22 мемлекеттің 750-ден аса спортшысы осы жарысқа қатысатындарын растады. Олар – Түркия, БАӘ, Үндістан, Қытай, Ауғанстан, Армения, Ка­нада, АҚШ, Франция, Иран, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Сауд Арабия, Тунис, Ресей. Турнир­дің жүлде қоры – 15 808 000 теңге.
  • Еліміздің ең үздік теннис­шісі Елена Рыбакина Канаданың Монреаль қаласында тұсауы кесілген WTA 1000 турнирін сәтті бастады. Жүлде қоры 5 152 199 долларды құрайтын жарыстың алғашқы айналымында бос болған ол екінші кезеңде әлемнің 50-ракеткасы аме­рикалық Хейли Баптисттен 6:4, 6:3 есебімен басым түсті. Үшінші кезеңде румыниялық Жаклин Кристианды жеңді, есеп – 6:0, 7:6. Төртінші кез­десуін Елена украиналық Даяна Ястремскаяға қарсы өткізеді. Юлия Путинцева доданың тұсаукесер бәсекесінде қытайлық Ханьюй Гоға жол берді – 3:6, 3:6.
  • UFC-де аса жеңіл салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Азат Мақсұм (15-2) келесі жекпе-жегін 25 тамызда Әбу-Дабиде (БАӘ) өткізеді. Қазақ файтері АҚШ өкілі Митч Рапосомен (9-3) айқасады. Қос спортшы да соңғы бәсекелерінде жеңілістің кермек дәмін татты. Азат Чарльз Джонсон (АҚШ) пен Тагир Уланбековтен (Ресей) ұпай санымен ұтылса, Митч Андре Лима (Бразилия) мен Су Мудаерджиге (Қытай) есе жіберді.
  • Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген Астананың «Барыс» клу­­бының сапы тағы 12 ойын­шымен толықты. Олар – Джо­хар Дударкиев (қақпашы), Мәди Диханбек, Бейбарыс ­Ора­зов, Кирилл Никитин (қор­ғаушылар), Руслан Оспанов, Семён Симонов, Кирилл Ляпу­нов, Кирилл Канкин, Нико­лай Шульга, Әділ Бейсембаев, Асанәлі Русланұлы, Владимир Корчагин (шабуылшылар).