Қоғам • Кеше

Бауырластардың баянды жинағы

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Alatay Creative Hub» орталығында қазақ жазу­шыларының қырғыз тіліне аударылған «Пандемия дүрбе­леңі» атты әңгімелер жинағының және қырғыз жазу­шы­лары­ның қазақ тіліне аударылған «Күннің көзін көргім келе­ді» әңгімелер жинағының таныстырылымы өтті.

Бауырластардың баянды жинағы

Жоба авторлары – қазақ ақыны, аудар­­машы, әде­би агент Саят Қамшыгер мен қырғыз ғалымы, аударма­шы, әдеби агент Қиялбек Ақматов. Қырғыз елінің жазушыларын халық жазушысы Топшыгүл Шайдуллаева бастап келсе, оларды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы­ның орынбасары Қасымхан Бег­манов қарсы алып, екі елдің әдеби байланысы туралы тереңнен толғап, көркем әде­­­биеттің бүгінгі жай-күйі жөнінде әңгіме сабақтады.

Қазақ-қырғыз әдеби бай­ланыстарының жанданып, дамуына үлес қосатын бұл екі жинақтың Тәуелсіздік ал­ғалы бері тұңғыш шығып отыр­ғанын баса айтқан жөн. Қа­зақ жазушыларының қырғыз тіліне аударылған «Пандемия дүрбелеңі» әңгімелер жинағына 27 қаламгердің таңдаулы әң­гімесі енді. Жинақ ішіне На­ғашыбек Қапалбекұлы, Төкен Әлжантегі, Асылбек Их­сан, Жабал Ерғалиев, Қайым-Мұ­нар Табеев, Ділдар Ма­мыр­баева, Сәуле Досжан, Нұр­лан Қами, Әбділдабек Са­лық­бай, Тұрақ Адисұлы, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Ай­гүл Кемелбаева, Серік Нұ­ғыман, Нұрлыбек Самат­ұлы, Жәди Шәкенұлы, Ми­ра Шүйіншәлиева, Гүл­зат Шой­бекова, Нұржан Қуан­тайұлы, Сәкен Сыбанбай, Ерболат Әбікенұлы, Ұларбек Дәлейұлы, Жайнагүл Бекнияз, Есболат Айдабосын, Айгүл Жұбаныш, Әлібек Байбол, Абылайхан Есімбай, Нұрбек Нұржанұлының әңгімелері топтастырылған.

Қазақ жазушыларының әңгімелері қырғыз оқырман­дарының көңілінен шығып, жүректен орын алғаны қуа­нар­лық жағдай. Өмір, өлім, тағ­дыр, махаббат, күнде­лік­ті күй­бең тірліктегі алуан оқиға­лар­ды шебер суреттеген қа­зақ қаламгерлерінің ізденісі, шебер­лігі туысқан халықтың сыншы­ларынан, ­әде­биеттанушы-ға­лым­дарынан оң бағасын алған.

Қырғыз жазушыларының қазақ тіліне аударылған «Күннің көзін көргім келеді» әңгімелер жинағына Зинагүл Пасанова, Әбділәмит Мәтісақов, Әбді­керім Мұратов, Сұлтан Раев, Қа­ныбек Иманалиев сияқты 24 қаламгердің таңдаулы әңгімесі енген. Қырғыз прозасының қазіргі жай-күйін, дамуын оқырман осы әңгімелерден аңғарады. Жинақтағы әңгіме­лер өмірдің түрлі сәттерін, қилы тағдырларды арқау ет­кен. Туысқан қырғыз әдебиетін­дегі мәселелер мен көтерген ­тақы­рыптар, оқиғалар қазаққа да жат емес.

Қырғыз бен қазаққа ортақ қос кітаптың алғашқы даналары 25 шілдеде Бішкек қала­сында сүйіншіленсе, енді міне, екі жинақ та авторлардың қатысуымен Алматыда таныс­тырылды. Қырғыз еліндегі іс-шараға 11 қазақ жазушысы қатысса, бұл жолы әңгімелері қазақ тіліне аударылған қыр­ғыздың 10 жазушысы осы тұсаукесерге арнайы келді. Бір туған екі халықтың әдеби дос­тығын ту еткен рухани кеш­тің соңында Қ.Ахматов қырғыз жазушыларының әң­гімелерін қазақ тіліне аудар­ған қаламгерлерді өзі басқара­тын «Таалим» баспа үйінің Алғыс­хатымен марапаттады. Кі­тап­ханадағы кездесу соңы меймандардың әдебиет туралы еркін пікір алмасып, суретке түсіп, шаһардың кө­рікті орындарын аралауымен жалғасты.

 

АЛМАТЫ