
– Мақсат Қайратұлы, ауыл шаруашылығындағы нақты деректердің маңыздылығы неде және ауыл шаруашылығы санағы қандай ақпарат жинауға мүмкіндік береді?
– Ауыл шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әрі экономикамыздың маңызды саласы. Ондағы ахуал ауылда тұратын халықтың әл-ауқатымен, олардың тұрмыс сапасы мен табысына тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға аграрлық саланың шынайы жағдайы туралы толық әрі нақты мәлімет керек.
Ауыл шаруашылығында егістік құрылымы, мал шаруашылығының жағдайы, агротехнологиялар мен шаруашылық жүргізу тәсілдері үнемі өзгереді. Деректер ескірсе, солардың негізінде қабылданатын шешімдер де бұрыс болады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесін төмендетуі мүмкін. Сондықтан тұрақты түрде нақты деректер жинап отыру қажет.
Санақ – ауыл шаруашылығы құрылымдарының толық тізімін жасап, олар жөнінде жан-жақты әрі бірыңғай мәліметтер жинайтын шара. Онда заңды тұлғалардан бастап, фермерлік қожалықтар, жеке шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарға дейін қамтылады. Санақ аясында жер көлемі мен оның пайдаланылуы, егілетін дақылдар мен олардың құрылымы, мал мен құс басы, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтардың бар-жоғы, жайылымдарды пайдалану ерекшеліктері, өндіріс көлемі, өнімді сату арналары, еңбек жағдайы мен ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы туралы толық мәлімет жиналады. Мысалы, жеке қосалқы шаруашылықтар ауыл шаруашылығы өнімдерінің айтарлықтай бөлігін өндіреді, бірақ олар туралы мәлімет толық емес. Санақ осы олқылықты жоюға көмектеседі.
– Елімізде ауыл шаруашылығы санағы соңғы рет қашан өткізілді? Осы аралықта аграрлық саясатта не өзгерді?
– Санақ соңғы рет 2006–2007 жылдары өткізілді. Ол кезден бері салада айтарлықтай өзгерістер болды. Жаңа технологиялар пайда болды, фермерлік қозғалыс дамыды, жерді пайдалану құрылымы өзгерді. Жергілікті нарық қана емес, халықаралық нарық та жаңа талаптар қоя бастады. Әрине, осы аралықта ресми статистика арқылы белгілі бір мәліметтер жиналды. Бірақ олардың қамту ауқымы мен жинақталу тәсілін ауыл шаруашылығы санағымен салыстыруға келмейді. Санақ барлық шаруашылық субъектісін қамтып, деректерді егжей-тегжей жинақтауға көмектеседі. Мәселен, қожалық не шаруашылықта еңбектенетін жұмысшылардың саны, жасы мен жынысы, білім деңгейі туралы ақпарат тек осындай санақ кезінде жүйеленеді.
Одан бөлек, мұндай науқан кезінде біз төрт түліктен өзге түйеқұс, құндыз, ондатр сияқты жануарларды өсіретіндер туралы біле аламыз. Бүгінде әлем елдерінің көпшілігі аграрлық саясатты әзірлеуде дәл осындай жан-жақты санақ деректеріне сүйенеді. Сондықтан біз де қазіргі жағдайда саланы дамыту үшін жаңартылған әрі толық ақпаратқа сүйенуіміз қажет.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) әлем бойынша ауыл шаруашылығы санағын әр 10 жыл сайын өткізуді ұсынады.
Біз жүргізіп отырған ауыл шаруашылығы санағы ФАО ұсынған 2020 жылғы санақ кезеңінің талаптарына толық сәйкес келеді. Бұл – деректерді халықаралық стандарттарға сай жинауға және оларды әлемдік тәжірибемен салыстыруға мүмкіндік береді. Биыл бізбен қатар Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан да өздерінің ұлттық ауыл шаруашылығы санақтарын өткізгелі жатыр.
– Биылғы санақ қалай ұйымдастырылады? Қандай ресурстар тартылады?
– Маңызды шара екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең – 1-31 тамыз аралығында респонденттер sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн форматта өздері сауалнаманы толтырады. Екінші кезеңде – 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында интервьюерлер елді мекендерді аралап, онлайн форматта жауап бермеген үй иелерінен жауап алады. Бұл жұмыстарға барлық өңірден 3 500-ден астам интервьюер тартылады.
Сонымен қатар әрбір ауыл әкімшілігі мен статистика басқармаларында азаматтарға ыңғайлы болу үшін интернетке қосылған компьютері бар орындар ұйымдастырылады. Онлайн әдіс – әлемдік тәжірибеде дәлелденген тиімді әдіс. Ол респонденттер үшін де, ұйымдастырушылар үшін де ыңғайлы. Респондент сауалнаманы өзіне ыңғайлы уақытта, кез келген жерден толтыра алады. Бұл адами фактордың әсерін азайтып, үдерісті айтарлықтай жеңілдетеді. Сонымен қатар онлайн форматта алынған деректер тез өңделеді, санақ нәтижелерін жылдам жариялауға мүмкіндік береді. Санаққа барлығы 2 млн үй шаруашылығы мен 300 мыңға жуық шаруа жүргізетін ұйым қатысады деп жоспарланған.
– Жиналған ақпараттың құпиялылығы қалай қамтамасыз етіледі?
– Құпиялық – біздің жұмысымыздағы ең басты қағида. Санақ кезінде жиналған барлық дерек «Мемлекеттік статистика туралы» заң талаптарына сәйкес қатаң қорғалады. Алынған ақпарат үшінші тұлғаларға және салық органдарына немесе басқа да бақылаушы құрылымдарға берілмейді. Ол тек жалпыланған түрде, статистикалық қорытынды жасау үшін ғана пайдаланылады. Ақпараттық қауіпсіздік талаптарын да толықтай қадағалаймыз, деректердің сақталуы мен құпиялылығына ерекше көңіл бөлеміз.
Ауыл шаруашылығы санағы – бұл жай ғана статистикалық науқан емес, бұл – ауыл шаруашылығының болашағы үшін жасалып отырған стратегиялық қадам. Санақтың нәтижелері аграрлық сектордың дамуына, мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларын тиімді жоспарлауға, фермерлердің жағдайын жақсартуға және аграрлық саясаттың ашықтығын қамтамасыз етуге негіз болады. Сондықтан біз әрбір ауыл шаруашылығы құрылымын санаққа белсенді қатысуға шақырамыз.
– Рахмет.
Әңгімелескен –
Абай Аймағамбет,
«Egemen Qazaqstan»