
Шағын ауыл тұрғындарының шаттығына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешов арнайы келіп қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімі ауыл тұрғындарын медициналық нысанның ашылуымен құттықтады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Ұлт денсаулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өтті. Шағырлыой ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы – баршамыз үшін қуанышты оқиға. Енді ауыл тұрғындары сапалы әрі уақтылы медициналық көмекке қол жеткізе алады. Нысан аналар мен балалардың, жалпы ауыл тұрғындарының саулығын нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін, – деді өңір басшысы.
Медициналық мекеме Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жалпы аумағы 260 шаршы метрден асатын жаңа нысан заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда күніне 40 адам дәрігер көмегіне жүгіне алады. Фельдшерлік пунктте ауылдың 4 тұрғыны тұрақты жұмыс істейді.
– Бұрын бас ауырып, балтырымыз сыздаса аудан орталығына, тіпті облысқа баруға тура келетін. Енді дәрігерге жүгіну жеңілдеді. Жаңа ғимарат жарық, кең, халыққа барлық жағдай жасалған екен. Осындай қамқорлығы үшін Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз, – дейді ауыл ардагері Сағидоқас Бақтығалиев.
Жалпы, Батыс Қазақстан облысының ауылдарында медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Жақында ғана Ақжайық ауданына қарасты Базаршолан ауылының тұрғындары да дәл осындай қуанышты бастан кешті. Мұндай нысандар шалғай ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау қолжетімділігін қамтамасыз етуге сеп болары анық.
Батыс Қазақстан облысы