«Таза Қазақстан» • Кеше

Акция аясындағы ауқымды жұмыс

130 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Маңғыстау өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық тазалық акциясы қарқынды жүріп жатыр. Тазалық жұмыстары, әсіресе туристер көп жазғы мезгілде маңызды әрі қауырт болып тұр.

Акция аясындағы ауқымды жұмыс

Туристердің алдымен ат басын тірер жері, облыс орталығы – Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағасын тазалау бойынша жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Демалушылар көп баратын «Жылы жағажай» аумағында акция аясында өткен жаппай сенбілікке Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарлары, Ақтау қаласының әкімі, коммуналдық қызмет өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, «Жасыл ел» еңбек жасағы мен жастар атсалысты. Тазалық жұмыстарына коммуналдық сала мекемелерімен қатар өзге де ұйымдардан барлығы 400-ге жуық қызметкер мен 4 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 12 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.

– Сенбіліктің басты мақсаты – Каспий теңізі жағалауын қоқыс қалдықтарынан тазартып, халық арасында демалыс мәдениетін қа­лыптастыруға үндеу. Өкініш­ке қарай, кейінгі уақытта жаға­лау­да қоқыс қалдыру деректері жиі­леп кетті. Күні кеше ғана бұл аумақ­қа 8 мыңға жуық көлік пен 30 мың­­нан астам адам келіп, демалды. Алай­да көпшілігі демалыстан кейін ­артында қалдықтарын жинамай, сол күйі тастап кеткен. Соның салдарынан еріктілер­мен бірге тау-тау болып жиналған қоқысты жинап жүрміз. Қазір жағалаудағы тазалықты сақтау үшін коммуналдық қыз­меттің 80-ге жуық маманы жұ­мыс істеп жатыр. Дегенмен дем­алу­шы­лардың соңынан қоқыс қал­ды­руы әлі де тоқтар емес. Арнайы қоқыс жәшіктері орна­тылғанына қарамастан, кейбір азаматтар 50 қадам жердегі кон­тейнерге қоқысын тастауға ерінеді. Экологиялық акция бір күн­дік шара емес, бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы жалғасады, – деген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев өңір тұрғындары мен демалушыларды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырды.

Елімізде, жасыратыны жоқ, тазалықты сақтау мәдениеті әлі де қалыс қалып келеді, яғни жоғары деңгейде қалыптасып, кете алмай тұр. Туристер жиі келетін Маң­ғыс­тауда, теңіз жағалауында шашылып қалатын қоқыстар сөзі­мізді дәлелдей түседі.

Деректерге сүйенсек, 2023 жылы Маңғыстау облысына 390 мыңға жуық турист келген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 420 мыңға жеткен. Биылғы шомылу маусымында өңірге 500 мыңнан астам демалушы келген. Туристер саны жылдан-жылға артып келеді, бұл көрсеткіш өңірде тазалық сақ­тау жұмыстарын барынша бел­сенді жүргізуге үндейді.

Осы мақсатта «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде «Таза Ақтау» жобасы іске қосылды. Жоба аясында қаладағы тазалық пен санитарлық тәртіпті сақтау мақсатында полиция қызметкерлерімен бір­лесіп мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Алғашқы тексеріс шаралары нәтижесінде 7 кәсіпкерлік нысанның санитарлық жағдайы, көше тазалығы, экологиялық нормаларға сәйкестігі тексеріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Анық­талған кемшіліктерге байланысты барлық кәсіпкерлік субъектілеріне Әкімшілік кодек­сіне сәйкес ескертулер берілді, белгіленген мерзімде анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тапсыр­ма жүктелді. «Таза Қазақ­стан» акциясы аясында қала кө­лемінде қоғамдық орындарды ластаудың алдын алу мақса­тында Ақтау қаласы полиция бас­қ­армасының барлық жеке құра­мы жұмылдырылды. Экология­лық шара барысында белгілі уақыт арасында тоғыз мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.

– Әкімшілік кодексінің 434-2-бабы, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау дерегі бойын­ша 2 667 құқық бұзушылық анық­тал­ды. Сонымен қатар Әкімшілік кодексінің 505-бабы, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абат­­тандыру қағидаларын бұзу, сон­дай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру фактісі бойынша 6 569 құқық бұзушылық анықталды, деді Ақтау қаласы ПБ ЖПҚБ басты­ғының орынбасары Нұрлан Рахаев.

Тұрғындардың рұқсат етіл­меген жерге қоқыс тастау дерегі де азаймай тұр. Биыл табиғатты қорғау полициясы тарапынан табиғи аумақтарды ластағаны, қоқыс қалдырғаны, рұқсат етілме­ген жерлердегі экологиялық құқық­бұзушылықтарға қатысты 1000-ға жуық әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 70 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Жақында Қарақия ауданы, Құланды ауылы аумағында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық-тазалық жағдайын жақсарту мақсатында рұқсат етілмеген орынға тасталған қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жүргізілді.

«Ғарыш сапары» ұлттық компа­ниясының спутниктік монито­рин­гі Құланды ауылынан рұқсатсыз қоқыс тасталған үш орынды анық­тады. Оқиғаға орай тиісті шара қа­былданып, тазалық жұмыстары ұйым­дастырылды. Нәтижесінде ­2 дана өзі аударатын машина, 1 дана жүк тиегіш техника, 7 жұ­мыс­шы күші тартылып, жалпы кө­лемі 130 текше метр болатын тұр­мыстық, құры­лыс қалдықтары арнайы полигонға шығарылды.

Тазалық – тұрғындар үшін ден­саулық кепілі, алыс-жақыннан келген туристер үшін жергілікті халықтың, мемлекеттің мәдени деңгейінің көрсеткіші. Сондықтан тазалық сақтау әрбір тұрғынның мін­детті тәртібі екенін ұғынған жөн.

 

Маңғыстау облысы