
Атап айтқанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Палата депутаттары заң жобасының жаңашылдықтарын негізінен қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар толықтыру енгізуді ұсынды. Осылайша, құжат жаңа редакцияда қабылданды.
Мәселен, заң жобасы жөнінде баяндама жасаған сенатор Бекболат Орынбековтің айтуынша, бөлшек салық бойынша арнаулы режімге 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап пайдалану мүмкіндігі берілмек. Сондай-ақ осы бағыттағы салық режімі 4 пайызға дейін төмендетіледі.
Сенат төрағасы қабылданған заң еліміздегі салық заңнамасын одан әрі жетілдіру үшін әзірленгенін атап өтті. Нақты айтқанда, жаңа нормалар азаматтардың төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру, өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану және халықтың көші-қоны саласындағы салық ережелерін нақтылайды.
«Сенат бұл заң жобасына бірқатар түзету енгізді. Олардың бір топтамасы бөлшек салықтың арнаулы режіміне қатысты. Бұл салық режімі пандемиядан зардап шеккен секторларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен уақытша енгізілген еді. Мұндай шара шағын және орта бизнес субъектілеріне үлкен демеу болып, өзінің тиімділігін көрсетті. Сондықтан бөлшек салықты қалпына келтіріп, оның жұмысын мерзімсіз ету үшін тиісті түзетулер енгіздік. Осы заң салықтық міндеттемені орындауға байланысты қатынастарды жетілдіруге және салық салудың айқындылығын қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Оның нормалары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарларды әкелу кезінде жанама салықтар алу тәртібін реттейді. Сондай-ақ құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кәсіпкерлері арасындағы өзара сауданың артуына ықпал етуді көздейді.
«Хаттама арқылы ЕАЭО туралы шартқа Ресей Федерациясының жекелеген арнайы экономикалық аймақтарында салық салу бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Жалпы, ЕАЭО туралы шартта оның жұмыс істеуінің және мүше мемлекеттердің, оның ішінде салық салу мәселелері бойынша өзара іс-қимылының негізгі қағидаттары бекітілген. Атап айтқанда, жанама салықтарды өндіріп алу тәртібі және оларды мүше мемлекеттердің өзара саудасында төлеу тетігі Шарттың №18 қосымшасында көзделген.
Салық салудың негізгі қағидаты – экспорттаушы үшін қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдану және межелі елдегі импорттаушының қосылған құн салығын төлеуге қажеттілік. Мүше мемлекеттердің арнайы экономикалық аймақтарына тауарларды импорттау кезінде еркін кеден рәсімі қолданылады. Яғни Одақтың Кеден кодексінің 201-бабының 1-тармағына сәйкес тауарлар арнайы экономикалық аймақтарында кедендік баждарды, салықтарды және басқа да өтемақы баждарын төлемей орналастырылады және пайдаланылады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Алайда Одақтың Кеден кодексінің 455-бабының 6-тармағына сәйкес Ресей Федерациясының 3 арнайы экономикалық аймағында Одақ елдерінің аумағынан импортталатын тауарлар бойынша кедендік баждар мен салықтар бірден төленеді. Ал үшінші елдерден импорттаған кезде кедендік баждар мен салықтар төленбейді. Осылайша, осы аймақтарда кәсіпкерлер үшін Одақтың елдерінен гөрі үшінші елдерден тауарларды импорттау тиімдірек.
«Өз кезегінде, Хаттама нормалары аталған арнайы экономикалық аймақтарға Одақтан және үшінші елдерден тауарларды импорттау кезінде тең жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Хаттама Одақ елдерінен импортталған тауарлар бойынша көрсетілген аймақтарда 180 күн ішінде кейінге қалдыра отырып, қосылған құн салығын төлеуді көздейді», деді Е.Жамаубаев.
Бұдан бөлек, сенаторлар «Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат көлеңкелі трафикті қысқартуға, кедендік бақылау процесін оңтайландыруға және көліктік-логистикалық қызметтерді дамытуға оң ықпал етуге бағытталған.
«Осы келісім тауарларды навигациялық пломбаларды қолдана отырып, оларды Еуразиялық экономикалық одақтың аумағы бойынша өткізу кезінде қадағалау мүмкіндігін көздейді. Тауарлардың санаттары мен көлік ерекшеліктеріне байланысты өтпелі кезеңдер қарастырылған. Бұл қадағалаудың әрбір кезеңінің басталуымен навигациялық пломбаларды қолданудың тиімділігін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бизнес үшін осы келісімнің артықшылығы – өз тауарларын Одақ кеңістігінде қауіпсіз транзиттеу, оған мүше мемлекеттердің бақылаушы органдары тарапынан бақылаудың қосымша шараларын болдырмау мүмкіндігін жасау. Келісім мемлекет үшін халықаралық тасымалдардың ашықтығын, «жалған транзит» пен «жалған импортты» болдырмауға және тиісінше бюджетке ақша түсімдерінің ұлғаюына мүмкіндік береді», деді Е.Жамаубаев.
Келісім қадағалау объектілерін, навигациялық мөрлерге қойылатын талаптарды, ұлттық операторлардың қызметін айқындайды. Одан бөлек, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қадағалау органдарының өзара іс-қимыл нысандарын белгілейді.