Заң • Бүгін, 00:37

Майқайыңдағы құтқарушылар өлімі бойынша сот үкімі шықты

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Майқайыңдағы 4 құтқарушының өлімі бойынша қозғалған қылмыстық істе айыпталған тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты. Үкім Екібастұз қалалық сотында жария етілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Майқайыңдағы құтқарушылар өлімі бойынша сот үкімі шықты

Барлық алты сотталушы «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет» бабы бойынша айыпталған еді.

Судья 5 айыпталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаса, тағы біреуінің бас бостандығын шектеді. Атап айтқанда, «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры 4 жылға бас бостандығынан айрылса, бас директордың бұрынғы бірінші орынбасары мен кеніштің экс-директоры 3,5 жылға сотталды.

Майқайың жерасты кеніші директорының бұрынғы орынбасары мен бас инженері 3 жылға түрмеге қамалатын болды.

Сот айыпталушының ең соңғысы – Майқайың жерасты кенішінің бұрынғы директоры 75 жаста екенін ескере отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеді.

«Сіздердің кінәларыңыз сот тергеуінде ұзақ уақыт бойы зерттелген іс бойынша жиналған деректер жиынтығымен дәлелденген. Тергеу барысында куәгерлер, жәбірленушілер, мамандар тыңдалып, жауап алынды. Аталған дәлелдемелердің, куәгерлердің, жәбірленушілердің және қайғылы апаттың себептерін анықтау дерегі бойынша қорытынды жүргізген маманның айғақтарының жиынтығы сотталғандардың кінәсін толық дәлелдеді, растады, анықтады», деп атап өтті Екібастұз қалалық сотының судьясы Айжан Байгоншекова.

Бұған қоса, сот жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы талаптарын қанағаттандырмады. Тараптар әрбір ересек адамға 5 миллион теңгеден және балаларға 25 миллион теңгеден өндіріп алуды сұраған еді. Мұны сот сотталушылар бұрын «жәбірленушілерге ерікті түрде өтемақы» жасағандығымен түсіндірді.

Айта кетейік, 2024 жылғы 4 қаңтарда алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті. Апат салдарынан төрт құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Олар – Айдос Шаймерден, Олег Тышкевич, Сарқыт Бердіхан және Айып Тілеубергенов.

Кейін «Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде төрт құтқарушының өмірін қиған апатқа кінәлі тұлғалар ретінде 6 адам ұсталды. Олар — «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин және өндірістік учаскелерді басқару, инженерлік құрамдағы бес адам.

Павлодар облысы