
Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Айта кетерлігі, Э.Блинкен Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы саяси ведомстволары басшыларымен бірге С5+1 форматындағы сыртқы істер министрлері кездесуіне қатысты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Барак Обаманың президенттігі тұсында Ақ үй С5+1 диалог алаңын құруды ұсынған-тұғын. Яғни Орталық Азиядағы бес мемлекет пен АҚШ аймақаралық әріптестікті нығайтып, экономиканы дамытып, қауіпсіздікті сақтауға күш салмаққа келісті. Содан бері осы алты елдің Сыртқы істер министрлері тұрақты түрде кездесіп тұрады. Биылғы келіссөздер Сарыарқаның төрінде өтті.
Астанада өткен іргелі жиында Орталық Азия мен АҚШ арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту, экономика, энергетика, экология және өңірлік қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесуден кейін Э.Блинкен журналистерге сұхбат беріп, АҚШ тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі әрі батыл реформаларын әрқашан қолдайтынын жеткізді.
«Біз, әрине, Қазақстан қабылдайтын іс-шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылап, саралап отырамыз. Мәселен, елдегі адам құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның тамырын жою секілді. Сондай-ақ президенттік мерзімге қатысты жүргізіліп жатқан реформалардың орны ерекше. Бұл өзгерістер өз кезегінде Қазақстанды инвестиция құюға қолайлы ел ретінде көрсетеді. Біз 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам инвестиция құйдық. Болашақта да АҚШ тікелей инвестиция көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр», деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы.
АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен келіссөздер жүргізуге ниет білдіруінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, аймақ географиялық және геосаяси тұрғыдан үлкен маңызға ие. Бес мемлекет мұхитқа тікелей шыға алмаса да, Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырып тұр. Екіншіден, Ауғанстаннан аузы күйген АҚШ үшін Орталық Азияның тыныштығы, басына күн туғанда сөзін сөйлеуі қажет. Үшіншіден, Украинадағы соғысқа байланысты аймақтағы мемлекеттердің бейтарап саясат ұстанғанына Ақ үй де мүдделі.
Төртіншіден, Қазақстан америкалық тарап үшін басты экономикалық серіктесі атанбаса да, тауар айналымы айтарлықтай деңгейде. Елімізде АҚШ-тың көптеген компаниясы жұмыс істейді. Мәселен, Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда айналымы 2022 жылы 3 млрд доллардан асқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,2 пайызға артық. Экспорт көлемі 1,15 млрд долларға, ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі 1,89 млрд долларға жеткен.
Сондай-ақ АҚШ – Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі. 1993 жылдан бері АҚШ-тың Қазақстанға тікелей инвестицияларының жалпы ағыны 62 млрд доллардан асты, ал 2022 жылдың алғашқы үш тоқсанында Америка инвестициясының көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,8 пайызға, яғни 5 млрд долларға дейін өсті. Елімізде мұхит асып келген капиталдың қатысуымен 590-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаевтың айтуынша, АҚШ Мемлекеттік хатшысының елімізге ат басын бұруының маңызды бірнеше себебі бар. Сарапшының пікірінше, С5+1 форматы жемісті жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда министрлер 14 мәрте кездесіп үлгерген.
«Платформа сауда-экономикалық, инвестициялық әріптестікті, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған. Сондай-ақ көлік, энергетика, экология салаларына да басымдық беріледі. АҚШ – әлемнің бірінші державасы. Қазақстанның стратегиялық әріптесі деп атауға болады. Сондықтан ынтымақтастығымыз тиімді дамығанына бәріміз мүдделіміз. Бұдан бөлек, қазіргі таңда халықаралық геосаяси жағдай күрделі. Санкциялар, қарымта санкциялар салынды. Ресей көрші орналасқандықтан, оған салынған санкция тікелей болмаса да, жанама түрде әсер етеді. Сол себепті АҚШ әрдайым санкциядан Қазақстанның зардап шекпеуіне мүдделі екенін білдіреді және соған талпынады», дейді С.Көшкімбаев.
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерсұлтан Жансейітов те мұндай пікірмен келіседі. Оның сөзіне сүйенсек, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға келгенін саяси белгі ретінде қарастырған жөн.
«Бұл сапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдай стратегиялық деңгейде екенін, Астана мен Вашингтон арасында ешқандай түсініспеушілік жоқтығын көрсетеді. Қазіргі таңда геосаяси ахуалға қарамастан Қазақстан көпвекторлы ұстанымын әлі де сындарлы жалғастырып отыр. Екіншіден, Блинкен мырзаның елімізге келуі басқа стратегиялық серіктестерімізге көрсетілген белгі емес. Қазақстан олардан теріс айналып, Вашингтонның ықпалына жығылады дегенді білдірмейді. Ресеймен, Қытаймен және басқа да серіктестерімізбен бұрын қалай қарым-қатынас жасасақ, әрі қарай да солай болып қала бермек», дейді Е.Жансейітов.
Мұндай пікірге негіз бар. Бұған дейін әлеуметтік желіде осы тақылетті пікірлер айтылды. Көрші елдердегі кей сарапшы Блинкеннің сапарынан кейін Қазақстан АҚШ-тың ықпалына беріледі деп сәуегейлік танытты. Е.Жансейітов мұның бәрі шындыққа жанаспайтынын алға тартады. Өйткені Э.Блинкеннің Қазақстанға келуі алдын ала келісілген. АҚШ Мемлекеттік хатшысының С5+1 кездесуіне қатысатыны күні бұрын белгілі болған.
С.Көшкімбаев та түрлі алыпқашпа әңгімеге қарамастан көрші елдердің Қазақстанға қатысты саяси көзқарасы өзгермеуге тиіс деп есептейді. Өйткені платформа алаңын өткізетін жер былтыр таңдалған. Яғни Э.Блинкеннің Астанаға ат терлетіп келетінін саясаттан хабары бардың бәрі білді.
«Қазақстанға көрші елдер тарапынан ешқандай қысым болмайды. Өйткені біздің ұстанымымыз анық. Оның үстіне, Украина жағдайына қатысты да көзқарасымызды ашық білдіргенбіз. Мұны Мемлекет басшысы да атап айтқан. Қазақстан тарапы Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдайды. Яғни ұстанымымыз айқын. Сондай-ақ Қытай да бізге ұқсас көзқарас ұстанған. Кремль билігі мұның бәрін біледі, Қазақстанды түсінеді. Сондықтан ешқандай «тосынсый» болмайды деп ойлаймын. Оның үстіне, Қазақстан геосаяси бәсекелестік жүргізілетін алаң ретінде саналмайды. Еліміздің көпвекторлы саясатын әлемнің бүкіл державасы жақсы біледі», дейді С.Көшкімбаев.
Ал журналист Асхат Қасенғалидің айтуынша, АҚШ тарапы да Қазақстанның жағдайын жақсы түсінеді. Э.Блинкеннің сапары барысында мұны тағы бір мәрте атап өткен.
«Бірнеше күн бұрын Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір жыл болды. Ал төрткүл дүниені билеп тұрған АҚШ Орталық Азияға бас дипломатын жіберді. Орталық Азияның маңызы қазір артып тұр. Блинкен Қазақстанның Украинаға қатысты позициясын қолдайды. Әрине, Ресейге қарсы дауыс бере алмайтынымызды түсінеді. Шекара ортақ, халық аз, ортақ экономикалық кеңістік пен ҰҚШҰ-да да біргеміз. Айта берсе көп. Оның барлығын Блинкен түсінеді. Ал бізге Блинкеннің түсінгені, қолдағаны керек. Қазақстан БҰҰ жарғысына сәйкес Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайды. Э.Блинкен Орталық Азия елдерінің ішінде жалғыз Қазақстанның басшылығы Зеленскиймен тікелей байланыс ұстап отырғанын да жоғары бағалайтынын айтқан. Бұл да маңызды», дейді А.Қасенғали.
АҚШ Мемхатшысының сапары барысында инвестиция салу мәселесі талқыланды. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерсұлтан Жансейітов осы сапардан кейін АҚШ-тан Қазақстанға жаңа технология мен инвестиция әкелуге мүмкіндік туатынын айтады.
«Мұнай секторындағы ең үлкен компаниялар АҚШ-қа тиесілі. «Шеврон», «ExxonMobil» – Қазақстанға ең көп салық төлейтін компаниялар. Осы тұрғыдан Блинкен мырзаның сапарына байланысты жақын уақытта тағы инвестиция келуі мүмкін. Сондай-ақ жаңа, заманауи технологиялар әкелуге жол ашылады. Қазақстан тарапынан нақты ұсыныстар дайындауымыз керек. Қай салада, қай жерде Вашингтонмен әріптестік орната аламыз? Мысалы, жасыл технологиялар АҚШ-та танымалдыққа ие. Әрі жасыл экономикаға негізделген. Бізде соларды елімізге трансферт-технология ретінде жеткізуімізге мүмкіндік бар. Американың инвестициясын көлік-логистикалық жобаларға тартқан жөн. Мысалы, Транскаспий маршрутына қолдануға болады. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстанның транзит жолдарын әртараптандырғаны бізге ғана емес, АҚШ-қа да тиімді. Екіншіден, Оңтүстік бағытта Үндістанмен қарым-қатынасты нығайтуға жол ашылмақ. Э.Блинкен Астана мен Ташкентті аралаған соң, Делиге барып G20 саммитіне қатысады. Негізі қазіргі таңда АҚШ пен Үндістан арасындағы байланыс нығайып келеді. Дели билігі Вашингтон үшін Азиядағы ең үлкен серіктес саналады. Сол тұрғыдан алғанда Қазақстан да Үндістанмен байланысты ілгерілетсе, сыртқы саясатымызды одан әрі әртараптандырамыз. Мысалы, Трансауған дәлізін Үндістанмен бірлесе отырып жүзеге асыруға жағдай жасалады. Өйткені бұл жобаны Өзбекстан жүргізіп жатыр. Мазари-шариф – Кабул – Пешавар темір жол жобасы дайын. Бірақ ең үлкен мәселе – қаржыландыру, яғни инвестиция тарту. АҚШ тікелей Ауғанстанмен жұмыс істей алмайды. Ал Үндістан секілді мемлекеттік инвестор ретінде атсалысуына жол ашылады. Осы тұрғыдан алғанда да Э.Блинкеннің келуі жаңа мүмкіндік береді», дейді Е.Жансейітов.
Қорыта айтқанда, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға келуі саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да ерекше маңызға ие. Әлбетте, еліміз бір тараптың ықпалына жығылмайтыны түсінікті. Тоғызыншы территория үшін көпвекторлы саясат басымдыққа ие болып қала береді. Сол себепті тараптармен аймақаралық ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті нығайту әрдайым бірінші орында.