
Отырыста алғаш қаралған мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Құжатта кондоминиум нысанын басқарудың жеке үлгісі – тікелей бірлесіп басқаруды қалыптастыру қарастырылған. Сондай-ақ ауылда өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау мәселесі енгізіледі. Бұл норма Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Сенаторлар заң жобасындағы жаңашылдықтарды тұжырымдамалық тұрғыдан қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар толықтыру енгізуді ұсынды. Осылайша, Сенат депутаттары құжатты жаңа редакциясымен мақұлдады.
«Заң көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жақсартуға және тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кейбір функцияларын нақтылауға, кондоминиум объектілерін басқару және күтіп ұстау жөніндегі қызметте ашықтықты қамтамасыз етуге және осы үдеріске пәтер иелерін, тұрғын емес үй-жайларды белсенді тартуға бағытталған. Бүгінгі таңда елімізде көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары алдында бірқатар проблема бар: тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар иелерінің белсенділігінің төмен деңгейі, кондоминиум объектілерін тіркеудегі мәселелер, сервистік компаниялармен шарттар және басқа да кемшіліктер», деді құжат жөнінде баяндама жасаған сенатор Бауыржан Қаниев.
Оның айтуынша, 2019 жылы қабылданған мүлік меншік иелерінің бірлестігіне көшу жөніндегі нормалар әлі толық көлемде іске асырылмаған. Басқарудың жаңа нысандарына көшу реформасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлердің 85 пайызы жай серіктестік нысанына көшті, ал мүліктің меншік иелері бірлестігін небәрі 11,5 пайызы таңдады. Сонымен қатар 1436 көппәтерлі тұрғын үй әлі күнге дейін басқарудың ешқандай түрін таңдаған жоқ.
Заң жобасында кондоминиум объектісін басқарудың жеке нысанын – тікелей бірлесіп басқару нысанын құру көзделеді. Бұл нысан пәтерлер саны он алтыдан аспайтын тұрғын үйге қатысты қолданылады. Жай серіктестік құру үшін де пәтерлер санын шектеу ұсынылады. Ол отыз пәтерден аспайтын тұрғын үйлерде құрылуы мүмкін. Қалған көппәтерлі тұрғын үйлер үшін мүліктің меншік иелері бірлестігі нысаны қолданылуға тиіс.
«Осыған орайда құжатта қарапайым серіктестік құру кезінде пәтерлер саны бойынша 30 пәтерге дейін шектеу енгізу ескерілген. Бұдан басқа, республика бойынша шамамен 10 211 аз пәтерлі үй бар. Мұндай үйлерде пәтерлердің санының аз болуы себепті мүліктің меншік иелері бірлестігіне немесе қарапайым серіктестікке тиімсіз. Бұл тұрғыда басқарудың жаңа нысанын, яғни тікелей бірлесіп басқару ұсынылады. Бұл нысанды пәтерлер саны 16-ға дейінгі үйлер үшін жасауға болады», деді Б.Қаниев.
Өз сөзінде Палата спикері Сенат енгізген негізгі өзгерістерге тоқталып өтті. Бұл қатарда көлік қоятын орындардың және қойма иелерінің мүдделерін қорғайтын, оларды қолданудың шарттарын айқындайтын нормалар бар. Сонымен бірге бюджет қаражаты есебінен көппәтерлі үйде лифтіні ауыстыруды немесе жөндеуді қаржыландыру ережелері бекітілді. Осы саладағы уәкілетті органның құзыреттері және көппәтерлі тұрғын үйді салушының міндеттері нақтыланды. Сондай-ақ жиналыстың, үй кеңесінің және ревизиялық комиссияның мүшелеріне қатысты талаптар белгіленді.
«Бұл заң Парламент депуататтарының бастамашы болуымен әзірленді. Ол тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жалпы, мақұлданған заң көппәтерлі тұрғын үйлерді қолайлы және тиімді басқару үшін құқықтық негіз қалыптастырады», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар «Әскери полиция органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары және қорғанысты ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына бірқатар түзету енгізіп, оларды мақұлдады. Бұл заңдар әскери полицияның мәртебесі мен қызметін айқындау үшін әзірленді.
«Осы заңдар арқылы әскери полиция органдарының құзыреті мен өкілеттіктері белгіленеді. Әскери қызметшілердің құқықтық жағдайы, оларды қаржылық және материалдық қамтамасыз ету мәселелері де реттеледі. Алдағы уақытта бұл заңдар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан басқа, отырыс барысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Талқылау кезінде Салық кодексіне енгізілген түзетулер қазақстандықтардың өзекті қаржылық мәселелерін шешуге арналғаны айтылды. Мәулен Әшімбаев қарызын қайтара алмайтын азаматтарға кепілсіз несие беруді шектеуді ұсынды. Сенат төрағасы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң осы жылдың наурыз айында толық күшіне енуге тиіс екенін атап өтті. Ол өмірде қиын жағдайға тап болған борышкерлерге мемлекет тарапынан көмек көрсетуге бағытталып отыр. Спикер болашақта банкроттық жағдайдың көбеймеуі үшін қаржы ұйымдарына қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін тексеруге жауапкершілікпен қарау маңызды екенін айтты.
«Біз тұтынушылардың қарыздары көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша несие беру 25%-ға артып, оның көлемі 7,7 трлн теңгеге жетті. Бұл жерде сөз бизнеске емес, тұтынушыларға несие беру жөнінде болып отыр. Сондықтан болашақта банктер кепілсіз несие алатын тұтынушыларды мұқият тексеруі үшін заңнаманы қатаңдату мәселесі туындайды. Егер біз осы бағытта нақты қадамдар жасамасақ, тұтынушыларға несие беру көбейіп, одан туындайтын экономикалық және әлеуметтік жағдайдың салдарынан банкротқа ұшыраушылардың қатары да арта береді», деді М.Әшімбаев.
Палата отырысында бірқатар депутаттық сауал да жолданды. Сенатор Ернұр Әйткенов мамандандырылған кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының әлсіз болуына байланысты өңірлерде сумен жабдықтау мен су бұру бағыттары бойынша жүйелі проблемалар туындағанын атап өтті. Осыған байланысты республикалық деңгейде желілер мен жергілікті су құбырларына қызмет көрсететін бірыңғай оператор құру ұсынылды.
Депутат ауылды сумен жабдықтау жүйесі мен су құбырларының құрылысына қарамастан, проблемалық мәселелердің бірі – оларға қызмет көрсету бойынша мамандандырылған кәсіпорындардың жоқтығы және іс жүзінде салынған су құбырлары әкімдіктердің есебінде қалатыны немесе білікті мамандары мен мамандандырылған техникасы жоқ салаға қатысты емес кәсіпорындарға берілетіні туралы атап өтті.
«603 ауылда сумен жабдықтау желісіне тән емес саладағы кәсіпорындар қызмет көрсетеді немесе су құбырлары әкімдіктердің қарамағында болады. Дұрыс емес және сапасыз техникалық қызмет көрсетудің салдарынан мембраналық суды тазарту жабдықтары үнемі істен шығады және сынып қалады. Бұл – суды тазарту жүйесінің толық құруына алып келеді. Мұндай қызмет көрсетуден кейін осы су құбырлары бірнеше жылда толығымен істен шығады. Салдарынан тазартылған судың орнына халық қайтадан тазартылмаған су ішеді. Яғни халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы өз мәнін жоғалтады және бөлінген бюджет қаржысы бостан бос жойылып кетеді», деді сенатор.
Ақмарал Әлназарова Байқоңыр қаласындағы ахуалға алаңдаушылық білдірді. Онда мыңдаған қазақстандық зейнеткер еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық базаларында өздері туралы деректердің болмауына байланысты МӘМС аясында тегін медициналық көмек ала алмай отыр.
Депутаттың айтуынша, еліміздің 4 мыңға жуық Ресей азаматы заңнамасының ережелері бойынша оның ішінде 1996 жылғы үкіметаралық келісімге сәйкес зейнетақы алады. Ал қазір бұл адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық көмек ала алмай жүр. Себебі олар туралы деректер еліміздің Еңбек министрлігінің ақпараттық базасында жоқ.
«Қазақстан Республикасының осы санаттағы азаматтары медициналық көмекті тек қазақстандық медициналық ұйымда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және Ресей Федерациясы ұйымында шұғыл көмек ала алады. 2022 жылы 2 мыңнан астам науқас консультациялық-диагностикалық көмек, 600-ге жуық науқас жоспарлы стационарлық көмек, оның ішінде коронарографиялық және офтальмохирургия көмегіне қол жеткізе алмай отыр», деді Ақмарал Әлназарова.
2016 жылдан бастап қалада Байқоңыр қаласының, сондай-ақ Төретам және Ақай ауылдарының тұрғындары тіркелген қазақстандық аурухана жұмыс істейді. Алайда бұл аурухана қажетті көлемде тегін медициналық қызметтерді Қазақстанның сақтандырылған азаматтарына ғана көрсетеді.
«Қарттарға қатысты мемлекеттік саясаттың негізгі ережелерін және аталған проблеманың ерекше әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, осы азаматтарды еліміздің ақпарат жүйесіне енгізу, тиісті қаржыландыру мәселесін шешуді және мемлекеттік жарна төлейтін адамдардың жеңілдетілген санатында болуын қамтамасыз етуін қарастыруды сұраймыз», деді Ақмарал Әлназарова.
Евгений Болгерт gosagro.kz ақпараттық жүйесіндегі техникалық ақауларға қатысты мәселеге назар аударып, осыған байланысты қазір шаруалар субсидия алуға өтініш бере алмай отырғанын жеткізді. Депутаттың айтуынша, qoldau.kz платформасына қайта оралу арқылы бұл проблеманы уақытша болса да шешуге мүмкіндік бар. Закиржан Кузиев өз сауалында тұқым шаруашылығына қатысты проблемаларды көтерді. Ол сұрыптау саясатындағы мемлекеттік реттеу тетіктерінің жойылуы агроөнеркәсіптік кешендерге кері әсерін тигізетінін атап өтті. Осыған орай депутат селекциялық жетістіктер мен тұқым шаруашылығын реттеуге және қорғауға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.