
Күн тәртібіне шығарылған алғашқы заң жобасы «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» құжат болатын. Келісім өнімнің ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау нәтижелерін өзара тану мәсеелсін қарастырады. Бұл ретте, құжаттың нормаларына сәйкес мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалы болуы қамтамасыз етілуге тиіс.
«Келісімге қол қою Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 55-бабында ескерілген. Келісім мүше мемлекеттердің үшінші елдермен өзара саудасындағы ЕАЭО-ның техникалық регламенттері қолданылатын өнімге қатысты кедергілерді жою тәртібі мен шарттарын айқындайды. Осыған дейін ЕАЭО-ның 52 техникалық регламенті қабылданды, оның 46-сы күшіне енді», деді Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Баяндамашының айтуынша, келісімді қабылдау ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген міндетті талаптардың салыстырмалылығын айқындау негізінде сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тануға жағдай жасайды.
«Сондай-ақ келісімде мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалылығы қамтамасыз етілуге тиіс екендігі көзделген. Ұсынылған тәсіл отандық өнімді ілгерілетуге бағытталған», деді министр.
Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде Қазақстан мен үшінші елдер арасындағы шикізаттық емес өнімдер бойынша тауар айналымы 2022 жылы 48,6 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 33,5 пайызға жоғары (36,4 млрд доллар).
Қазақстаннан үшінші елдерге шикізаттық емес тауарлардың экспорты 2022 жылы 24,8 пайызға өсіп, 18,9 млрд долларға жетті. Өңделген тауарлар бойынша Қазақстан Республикасының негізгі экспорттық елдері ретінде Қытай, Өзбекстан, Түркия және Нидерланд тіркелді.
«Алдын ала болжамдар бойынша үшінші елдерге экспорттың үлесі, оның ішінде Келісімнің қабылдауына және оны одан әрі іске асыруға байланысты 10%-ға артуы мүмкін. Келісімде қолданыстағы заңнаманың талаптары ескерілген, осыған байланысты оны ратификациялау Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізуге алып келмейді», деді С.Жұманғарин.
Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы (карта 1:200 000) ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл хаттаманы ратификациялау екі ел арасында тату көршілік қатынастарды қолдауға, өзара тиімді экономикалық және өзге де ынтымақтастықты дамытуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әрбір қатысушы мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған келісілген шекара саясатын жүргізуге мүмкіндік береді.
«Тәуелсіздік алғалы бері көршілес әрі бауырлас екі ел арасында тығыз достық қарым-қатынас орнады. Ынтымақтастықты одан әрі нығайту Қазақстан мен Қырғызстан үшін айрықша мәнге ие. Бұл ретте бүгін мақұлданған заңның маңызы зор. Осы орайда бұл хаттама – біздің мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Нұртөре Жүсіп еліміздің оқу орындарында, жалпы әлемде оқушыларға жасалған шабуылдардың жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының жеткіліксіз екеніне назар аударды. Осыған орай депутат бұл проблеманың алдын алу шараларын күшейтуге айрықша көңіл бөлуді ұсынды.
Сенатор Нұртөре Жүсіп Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында қазіргі таңда елімізде оқу мекемелерінің қауіпсіздігі формальды түрде және қарабайыр түрде жүргізілетінін айтты. Депутат Петропавл қаласындағы 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып келіп, үш баланы жарақаттаған қайғылы жағдайды еске салды.
Осыған байланысты мұндай төтенше жағдайларды болжау жүйесіндегі, ерте алдын алудағы күрделі проблемаларға назар аударды. Сенатор елімізде бұл бағыт бойынша маңызды ғылыми база жоқ екенін атап өтті. Оқушылардың психологиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде депрессияға немесе агрессияға бейім балаларды алдын ала оқшаулау ескерілмейді.
«Көп сатылы кешенді қауіпсіздік жүйесін жасауды күн тәртібіне шығару керек. Әлем елдерінде мұндай тәжірибелер бар. Қай ел болмасын бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, Қытайда мектепке тек оқушының да, ата-ананың да суреті бар арнайы куәлікпен кіруге болады. Кез келген оқу орнында күзетші кабинкасы қойылған. Келген адамның куәлігі болмаса, тек мұғалім ғана ертіп кіре алады. Ал Францияда оқушыларға ғимаратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі жазылған нұсқаулық беріледі. Сабақ арасында рюкзактар мен портфельдер тексеріледі. Жылына екі рет антитеррористік жаттығу сабақтары өткізіледі», деді сенатор.
Айнұр Арғынбекова еліміздің бірқатар облысында орман саласы бойынша қордаланған проблемаларға назар аударды. Оның айтуынша, орманды зиянкестер мен аурулардан қорғау жөніндегі іс-шараларды жеткіліксіз деңгейде қаржыландыру өңірлердегі экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соғады.
Амангелді Толамисов елімізде киберқылмыстың, оның ішінде интернет-алаяқтықтың көбейгенін және қазақстандықтардың дербес деректерінің таралуы жиілеп бара жатқанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтық саны 10 есеге өсті. Бұған күнделікті өмірде цифрлық желілерді кеңінен қолдану себеп болып отыр. Сондықтан жеке адамдардың тегі, аты және әкесінің аты және олардың жеке сәйкестендіру нөмірлері сияқты мәліметтер басқа мақсатта пайдалануы мүмкін.
«Атап айтқанда, еліміздегі банктердің мобильді қосымшалары мен сайттары кез келген азаматқа ЖСН және жеке куәлік нөмірі бойынша салықтар мен айыппұлдар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдалануға әкелуі мүмкін. Азаматтардың құқық қорғау органдарына осындай жағдайлармен жүгінуін мысалға келтіруге болады. Зардап шеккендердің айтуынша, олармен теріс қарым-қатынаста болған адамдар банктердің мобильді қосымшасы арқылы салықтар мен айыппұл қарыздары туралы ақпарат алып, кейін сол ақпаратты тарату арқылы оларды бопсалаған», деді Амангелді Толамисов.
Нұрлан Бекенов елордада сумен жабдықтаудың баламалы көздерін іздеу қажеттігін атап өтті. Сенатор ол үшін Нұра жерасты сулары кен орнын игеру, оның инженерлік желілерін қайта жаңарту және Бұзылық су қоймасын салу қажет екенін айтты. Депутат Астананы сумен жабдықтау жалғыз көзден – Астана су қоймасынан жүзеге асып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол 1969 жылы салынған және 500 мың адамға есептелген болатын. Дегенмен елорда халқы бұл көрсеткіштен әлдеқашан асып кеткен.
«Қаланың қарқынды дамуына, сондай-ақ халық санының үнемі өсіп отыруына байланысты су тұтыну көлемі де жыл сайын артып келеді. Астана су қоймасының ресурстары толық сарқылған жағдайда, төтенше жағдайлар туындаған кезде елорда үшін балама су көзін салу арқылы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін қажет. Осылайша, бүгіннен бастап халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешудің балама жолдарын қарастырып, жоспарлау қажет деп санаймын», деді сенатор Нұрлан Бекенов.
Руслан Рүстемов «Артспорт» бағдарламасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету жолдарын ұсынды. Жоба жұртшылық жылы қабылдаған болатын және тегін үйірмелер мен секцияларға қол жеткізу арқылы балалардың дамуына ықпал етті. Алайда кейіннен сыбайлас жемқорлық қаупі төнетін көптеген фактор анықталып отыр. Сенатордың айтуынша, бағдарламаны енгізу Облыстық мәдениет және спорт басқармаларына қосымша ауқымды жүктеме түсірді. Басқарма тарапынан қадағалау, тексеру және ақы төлеу жөніндегі жұмыстардың көлемін ескере отырып, қаржының нысаналы жұмсалуында кемшіліктерге жол беру қаупі жоғары болып отыр.
«Аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға бөлінетін қаражатты әр аумақтағы балалардың санына қарай пропорционалды есептеп, бағдарламаны жүргізу және қаржыландыру функциясын аудандық, қалалық бюджеттерге беру кезек күттірмейтін мәселе. Сондай-ақ аудандық (қалалық) әкімдіктердің кәсіпкерлердің қызметін қадағалауға қолжетімділігі бағдарламаны сапалы және тиімді жүргізу мүмкіндігін арттырады», деп атап өтті Руслан Рүстемов.
Сенатор Алтынбек Нухұлы қазақ халқының көрнекті ұлы, Шығыс елдерінен шыққан тұңғыш академик, әлемге әйгілі ғалым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын жоғары идеологиялық және ұйымдастырушылық тұрғысында жоғары деңгейде атап өтуге шақырды.
Сұлтан Дүйсембинов фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қиын жағдай туралы хабарлады. Депутат фитосанитариялық бақылау бекеттерін заманауи зертханалармен жарақтандыру процесін жеделдетуге және инспекторлардың жалақысын көтеру мәселесін қарауға шақырды. Оның айтуынша, еліміздегі жұмыстың бұл бағытына өсімдік карантині жөніндегі 559 мемлекеттік инспектордың жауапты екенін және оның 172-сі мемлекеттік шекараның периметрі бойынша орналасқан фитосанитариялық бақылау бекеттеріне тікелей бекітілген.
Кейбір инспекторлар бақылау-өткізу пунктеріне жету үшін 120 шақырымға дейін жол жүруі керек. Сонымен қатар олар көлік шығындарын өздері көтереді. Ал инспекторлардың жалақысы жұмыс өтіліне байланысты 84 000 теңгеден бастап 146 000 теңгені құрайды. Депутат бұл бірінші проблеманың себебі – кадр тапшылығы екенін атап өтті. Депутат инспекторларды материалдық-техникалық жарақтандыру жағдайын да назардан тыс қалдырған жоқ. Облыстық аумақтық инспекцияларға 298 автокөлік қажет болып отырған кезде, олардың тек 259-ы жұмыс істейді.
Геннадий Шиповских өрт қауіпсіздігін, оның ішінде өртке қарсы қызмет депосының тапшылығын қамтамасыз етуге қатысты өзекті проблеманы көтерді. Сенатор атап өткендей, бүгінде аталған деполарды салуға «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентіндегі кемшіліктер негізгі кедергілердің бірі болып отыр.
Андрей Лукин «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының жұмысын сынға алды. Сенатор кәсіпорын тарапынан болатын бұзушылықтарға наразылығын білдірді. Аталған бұзушылықтардың қатарында құрылыс жұмыстарын орындау кезінде нормаларды сақтамау, қаржыны тиімсіз пайдалану және ұрлау, лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін теріс пайдалану және тағы басқа келеңсіздіктер бар.
Жанболат Жөргенбаев шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сын көтермейтінін айтты. Сенатордың сөзіне қарағанда, мұндай ахуал қызметкерлердің моральдық-психологиялық жағдайына әсер етеді. Сенатор қолданыстағы Жол картасын іске асыруды және шекара пунктерін үлгілік үй-жайлармен, газбен және электрмен қамтамасыз ету проблемаларын шешуді ұсынды.