
Ел үкіметі осы мәселеге қатысты сынға ұшыраған еді. Үкіметті жасақтаған Заң және әділет партиясы (PiS) жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше ден қойып отыр. Осыған байланысты көмір және қоңыр көмір жағатын жылу электр стансаларын азайтуға шешім қабылдаған. Қазіргі таңда Польша энергетикасының 70 пайызы осы отын түрінен алынады. Дегенмен елдегі негізгі өндірістің бірі саналатын көмірден бас тартқаны үшін кәсіпорындар мен қоғамның кей мүшелері билікті айыптады. Жаңа заңға сәйкес, жел турбиналары тұрғын үйлерден кемінде 700 метр қашықта орналасуға тиіс. Алайда саланы егжей-тегжей білетін сарапшылар мұндай шектеу жел энергиясын дамытуға кедергі келтіреді деп есептейді.
Польша жел энергиясы қауымдастығының (PSEW) президенті Януш Гаевскийдің айтуынша, мұндай ереже құрлықта жел турбиналарын салуға мүмкіндік бермейді. Құжатқа өзгерісті PiS партиясының заңгері Марек Суски енгізген-тұғын. Бұған дейін үкімет мүшелері 500 метрлік шектеу салған-ды. Я.Гаевский бастаған лобби тобы заң жобасының басты кемшілігі де осы екенін алға тартады.
Осыған байланысты PSEW қауымдастығы саланы зерттеуге тапсырма берген еді. Жаңартылатын энергетика бойынша консультация беретін компания Urban Consulting-тің есебіне сүйенсек, жаңа ереже Польшаның кейбір аймағында жаңа жел электр стансаларын салуға мүмкіндік бермейді.
«Жел энергиясының дамуына жағдай жасалмайды деп есептейміз. Өйткені инвесторлар шағын фермаларға қаражат құймайды. Яғни құжаттағы шектеулер экономикалық тұрғыда тиімсіз», дейді Я.Гаевский.
Осы салада еңбек етіп жүрген компаниялар да, сарапшылар да заң жобасының осы күйінде қабылдағанына наразы. Өйткені билеуші партия бұған дейін жел энергиясын дамытудағы соны жобаларымен көзге түскен емес. Ал 2016 жылы қабылданған өзгерістерде бірқатар шектеу бар болатын. Мәселен, турбиналар тұрғын үйлерден өз биіктігінен он есе қашықта орналасуға тиіс. Бірақ технология дамып, оларды биігірек салуға мүмкіндік туған сайын, жаңа жел стансаларын салу қиындай бермек. Себебі Польша – аумағы үлкен емес, халқы тығыз орналасқан мемлекет. Салыстырмалы түрде қарасақ, елдің аумағы Ақтөбе облысымен шамалас. Бірақ 38 миллион тұрғыны бар. Халық саны бойынша әлемдегі 38-мемлекет.
Заң жобасын ұсынған тараптың да айтары бар. PiS партиясының заңгері Марек Сускидің сөзіне сүйенсек, тұрғындар жел диірменінің астында өмір сүруден қауіптенеді. «Турбиналар бақшасына қойылады деп уайымдайтын азаматтарды қорғағымыз келеді. Адамдар жел диірменінің астында өмір сүрмеуге тиіс», дейді М.Суски.
Кей сарапшы жаңа заң Польшаның жаңартылатын энергия көздеріне көшу жоспарына кедергі келтіреді деп есептейді. Еуропалық одақ бірнеше жыл бұрын «Жасыл келісім» стратегиясын қабылдаған. Соған сәйкес, қарт құрлық 2030 жылға қарай парникті газдар шығарылымын 55 пайызға азайтуға тиіс. Ал Еуропалық одақтың 2050 жылға арналған климат жөніндегі келісіміне сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттер зиянды газ бөлетін отын түрін қолданудан мүлдем бас тартуы керек. Демек алға қойған мақсаттың мүддесінен шығу үшін Польша үкіметі қалай да жаңартылатын энергетика саласын дамытқаны жөн.
«Шектеулерді қатаңдату жел энергетикасының қуатын кемітеді. Польша 2030 жылға қарай бұл саладан 20 гигаватт электр энергиясын өндіруі қажет. Өйткені Польша ескірген көмір шахталарын жауып, электр қуатына сұраныстың өсуін қамтамасыз ету оңай шаруа емес», дейді Forum Energii талдау орталығының жаңартылатын көздер бағдарламасының директоры Тобиаш Адамчевски.
Оның айтуынша, бұған қол жеткізу қиын. Өйткені сұраныс жыл санап артып барады. Мәселен, электр көліктердің саны көбейген. Күнделікті тұтыну да жылдан жылға өсе бермек. Қазіргі таңда Польшада жел диірмендері 7,7 гигаватт тоқ өндіреді. Ember талдау орталығы зерттеуіне сүйенсек, заң жобасы өзгеріссіз қабылданғанда 2030 жылға қарай оның қуатын 44 гигаваттқа жеткізуге мүмкіндік бар еді.
Енгізілген өзгеріс жел диірмендерінің қуатын 11 гигаваттқа дейін ғана жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл Еуропалық одақтың экологиялық заңнамасында көрсетілген 17-27 гигаватт деңгейінен әлдеқайда төмен. Ендеше, Польша билігі электр қуатының басқа көздерін іздеуі керек. Осыған байланысты Балтық теңізінде жел турбиналарын салатын үлкен жобаның құрылысы басталып кетті. Сондай-ақ атом электр стансаларын да қажет етеді. Сарапшылар тапшылықты жою мақсатында билік газ арқылы электр өндіретін жылу электр стансалары көптеп салынуы ықтимал екенін алға тартады.
Бүгінде Польшада өндірілетін электр энергиясының 83 пайызы қазба отындардан келеді. Қалған 17 пайызы ғана жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Соның 70 пайызға жуығы көмірден алынады екен. Ал бүгінгі мақалаға арқау болған жел диірмендері 11 пайыз ғана өндіреді. Бұдан бөлек, газ (7,04 пайыз), био отын (4,33 пайыз), күн (4,47 пайыз) секілді электр көздері бар. Жоспар бойынша, 2030 жылы көмірден мүлдем бас тартылуға тиіс. Ал қазба отындарды пайдалану 2035 жылға дейін аяқталуы қажет. Әрине, қазіргі қарқынмен бұған қол жеткізу қиынға айналатыны айтпаса да түсінікті.
Жалпы, халықаралық қоғамдастықтың климат өзгеруіне алаңдап келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Осыған байланысты бірқатар құжат та қабылданды. Мәселен, Париж келісімі БҰҰ-ның климат өзгеруі жөніндегі конвенция аясында 2015 жылы қабылданып, бір жылдан кейін қол қойылды. Құжат 2020 жылдан бастап әлем елдерін ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы мөлшерін азайтуға міндеттейді. Бүгінгі таңда оған әлемнің көптеген елі қол қойды. Келісімнің басты мақсаты ‒ жаһандық жылынуды 2 градус Цельсийден төмен деңгейде ұстап қалу.
Қазақстан бұл құжатқа 2016 жылғы 2 тамызда қол қойды. Сол жылы құжат Парламенттің екі палатасында да қаралып, ратификацияланды. Қазақстан халықаралық қоғамдастықпен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамытуға үлкен көңіл бөледі. Осылайша, 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап ел болуға ұмтылмақ. Бұдан бөлек, Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына, Париж келісімі бойынша міндеттемелерді орындауға уәде беріп отыр. Сол себепті энергия көздерін әртараптандыруға мүдделі.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар орасан демесек те, ауыз толтырып айтатын жобалар баршылық. Жоспар бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады. Бұл орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады.
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында осы мәселеге көңіл бөлген еді. «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінде сөйлеген сөзінде бұл саланың еліміз үшін маңызы ерекше екеніне тоқталды.
«Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның климатты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энергия секторында көш бастауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз», деген еді Қ.Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде.
Президенттің пікірінше, климаттың өзгеруіне қарсы күрес тек даму немесе жаңғырту шараларымен шектелмей, өзара тығыз байланыста қатар жүруге тиіс. Мемлекет басшысы елімізде электр энергиясының 70 пайызға жуығы көмірден өндірілетінін атап өтіп, алдағы уақытта өнеркәсіп пен экономикаға түбегейлі құрылымдық өзгерістер әкелетін ауқымды шараларға арнайы тоқталды.
«Халықаралық қоғамдастық климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын қаржыландыру мәселесіне қатысты міндеттемелерін арттыра түседі деп сенеміз. Бүгінгі жиынның маңыздылығы да – осы. Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің ұзақмерзімді міндеттемелерін айқындады. Іс жүзінде еліміз Париж келісімін алғашқылардың бірі болып ратификациялады. Сол сәттен бері біз экономиканы әртараптандыруға және жаңартылатын энергия көздері мен орнықты технологияларды ілгерілетуге бағытталған барынша теңгерімді, ұтымды саясатымызды қалыптастырдық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы сапар аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен KIDF қоры және Masdar компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес, Түркістан және Жамбыл облыстарында қуаттылығы 1 ГВт жел электр стансасын салу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру жоспарланып отыр.