
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қаңтар қасіретінен кейін 16 наурызда жасаған Жолдауында саяси реформалар пакетін жариялады. Мәселен, Президент Конституциялық сот институтын құруды, Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар Президенттің өкілеттігін қысқарту, Парламент палаталарын қалыптастыру тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарау, Парламенттегі заң шығару процесінің жаңа ережелеріне, аралас сайлау жүйесіне көшудің қажеттігіне ерекше екпін берді.
5 маусымда жалпыхалықтық референдум өтіп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңарған Ата Заңды жүзеге асыру үшін конституциялық құжаттар әзірлеу керек екені түсінікті. Содан кейін депутаттар, заңгерлер мен қоғам белсенділері осы бағытта заң жобаларын әзірлеп Парламенттің қарауына берген-ді. Екі палата да құжатты қабылдағаннан кейін Президент оған қол қойды. Енді осы заңдардың ерекшелігіне тоқталсақ.
Әділетті Қазақстан құрудағы маңызды қадамның бірі – Конституциялық сот туралы заңның қабылдануы. Бұл құжат 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығын тексеру, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігін қарау, сондай-ақ оның нормаларына ресми түсіндірме беру құзыреті енген. Ата Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, аталған құзыретті орган азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Сондай-ақ Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді.
Жалпы, Конституциялық сот ұғымы біздің елге таныс. Тәуелсіздік алған кезде тоғызыншы территорияда осындай мекеме қызмет етті. Ол 1992 жылдан 1995 жылға дейін елімізде нормативтік актілердің Конституцияға сай келуін қадағалайтын орган болып келді. Сарапшылардың пайымдауынша, Конституциялық сотты қайта құру Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы орган тиімді қамтамасыз етпек.
Президент қол қойған тағы бір маңызды құжат – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң. Айта кетерлігі, омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге мұндай ерекше мән берілуі оның қоғамдағы да, мемлекеттегі де маңызын арттыра түсетіні анық.
Әр мемлекет үшін адам басты құндылық екені баршаға белгілі аксиома. Ата Заңымыздың бірінші бабында мұны шегелеп жазып, Қазақстанның «ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екенін атап көрсеттік. Демек омбудсмен туралы Конституциялық заңның қабылдануы осы бағытта жасалған соны қадам десек қателеспейміз.
Бұл құжаттың қандай ерекшеліктері бар? Біріншіден, уәкілдің құзыреті кеңейеді. Омбудсмен адамның Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жүгіне алады. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің шақыруы бойынша адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына байқаушы ретінде барады. Уәкілдің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқығы берілді.
Осы орайда, еліміз кейінгі бірнеше жылда адам құқықтарын сақтауға ерекше мән беріп келеді. Қазақстан 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Халықаралық қоғамдастық бұл қадамды ыстық ықыласпен қабылдады. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуы туралы шешімін «өлім жазасын жою жолындағы маңызды қадам» деп бағалады.
Сонымен қатар былтыр бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы жарлыққа қол қойылды. Осылайша, адам құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс заңды жалғасын тауып отыр. Омбудсмен мәртебесінің бекітілуі бұл мәселеге ерекше мән берілетінін тағы бір мәрте нақтылай түсті.
Прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттелгенін айта кеткен абзал. Құжатта прокуратураның мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Барлық қызмет бағыттары бойынша прокурорлардың құзыреттері тізбеленген. Бұл ең алдымен азаматтар үшін маңызды. Осылайша, прокурордың заңда бар құқықтары мен міндеттерін толық білуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқаруға тиіс екені нақты көрсетілген.
Сондай-ақ заңдарда Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалған. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы.
Бұдан бөлек, Президент өкілеттігін қысқартуға қатысты түзетулер енгізілді. Енді жаңа нормаға сәйкес мемлекет тізгінін ұстаған адам 7 жылға сайланады. Оның үстіне бір реттен артық Президент міндетін атқара алмайды. 20 қарашаға жоспарланған кезектен тыс президент сайлауы осы өзгерістер ескеріле отырып өткізілмек. Заңда Сенат пен Мәжілістің заң шығару процесіндегі функцияларға қатысты жаңа нормалар да бар. Осы және басқа да өзгерістер азаматтардың сұраныстары мен мүдделерін ескеретін жаңа саяси модель қалыптастыруға өз үлесін қосады.
Қорыта айтқанда, Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтатыны сөзсіз. Азаматтық қоғамның дамуына жол ашып, жалпыұлттық диалогті орнықтыруға үлес қосады. Әділетті Қазақстанның іргетасын берік етуге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы, халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етіп, демократияның даңғыл жолына бастайды.