
Елдегі сайлау жүйесіне сәйкес президентті анықтау екі кезең арқылы өтеді. Бірінші турда электораттың 50 пайыз қолдауын иеленген үміткер мемлекет басшысы болып сайланады. Кандидаттардың ешқайсысы бұл межені бағындыра алмаса, екінші тур өткізіліп, оған ең көп дауыс жинаған үміткер жіберіледі.
Бразилиядағы биылғы сайлауға 11 үміткер қатысты. Саяси дода басталмай тұрып-ақ сауалнама нәтижесі негізгі бәсеке президент Жаир Болсонару мен Лула да Силва арасында өтетінін көрсеткен. Болжам дәл шықты. Алғашқы турда Болсонару 43,20 пайыз қолдауға ие болды. Ал Луланы жақтағандар 48,43 пайызды құрады. Қалған 9 үміткер шаң қауып қалды. Осылайша, екінші кезеңге Болсонару мен Лула да Силва өткен-ді. 30 қазанда өткен екінші турда сәл ғана басымдықпен Луис Инасиу Лула да Силва жеңіске жетті. Оған халықтың 60,3 миллионы, яғни 50,9 пайызы дауыс берді. Ал Жаир Болсонаруды қолдағандар саны 49,1 пайызды (58,2 миллион адам) құрады.
Сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейін Ж.Болсонару көпшілік алдына шығып, өзіне дауыс бергендерге алғысын білдірді. Халық арасында президент өз жеңілісін мойындамауы мүмкін деген қауіп болған еді. Бірақ ол өз сөзінде бұған қатысты ештеңе айтқан жоқ. Оның үстіне, Бразилияның Жоғарғы соты билік ауыс-түйіске кіріскенін, Ж.Болсонарудың сайлау нәтижесін мойындайтынын мәлімдеді.
Луланың еңбек жолына көз тастасаңыз, талай қызыққа куә боласыз. Оның бұған дейін ел басқарғанын жоғарыда айттық. Дегенмен 2003 жылға дейін президенттікке бірнеше рет таласып, ақырғы сәтте жолы болмаған еді. Мәселен, 1989 жылғы сайлауда екінші турға өтіп, Фернандо Коллорға есе жіберді.
1994 жылғы саяси бәсекеде 27,04 пайыз дауыс жинап, екінші орынға тұрақтады. Ел тізгіні Фернандо Кардосаға бұйырған еді. Сол жағдай 1999 жылы тағы қайталанды. Лула 31,71 пайыз қолдауға ие болса да, Ф.Кардоса оқ бойы озып шықты.
Ақыры төртінші мәрте талпынысында Лула да Силва 2002 жылғы сайлауда Бразилия президенті болып сайланды. Оған бірінші турда электораттың 46,44 пайызы дауыс берсе де, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 61,27 пайызға бірден секірді. 2006 жылғы бәсекеде Лула тағы да осыған ұқсас нәтиже көрсетіп, екінші мәрте президент лауазымын атқарды. Бразилия заңы бойынша бір адам қатарынан екі реттен артық президент сайлауына қатыса алмайды. Сондықтан 2010 жылы Лула додаға түскен жоқ. Есесіне алдағы екі сайлауда оның партиялық әріптесі Дилма Русеф ел тізгінін қолында ұстады.
Ең қызық жағдай 2018 жылғы сайлау қарсаңында болғанын айта кеткен жөн. Жұмысшылар партиясы атынан додаға Лула да Силва қатысатыны туралы әңгіме шыға сала, оның соңына шам алып түскендер көбейді. Соның алдында ғана бұрынғы президентке қатысты қылмыстық іс қозғалған-ды. Прокурорлар Луис Инасиуды ірі көлемде пара алып, құзыретін асыра пайдаланды деп айыптады. Ақыры 2017 жылы судья Серджо Моро оны 9 жарым жылға бас бостандығынан айырды. Ал 2018 жылы тағы үш жыл жамап берді. Осылайша, Лула 12 жылын түрмеде өткізуге тиіс-тұғын.
Бразилияның бұрынғы президентінің сотталуы халықаралық жанжал туғызды. Елдегі заңгерлер оны саяси мақсатта қудаланғанын айтып, халық көшеге шықты. Тіпті, бұл мәселе БҰҰ-ға дейін жетіп, биік мінберлерде талқыға түсті. The Intercept газетінің мақаласы болмағанда Лула қалған өмірін темір торда өткізер ме еді, кім білсін?! 2019 жылы аталған басылым бұрынғы президентті соттаған судья С.Моро мен оған қатысты қылмыстық істі жүргізген прокурордың телеграмдағы өзара әңгімесін жариялады. Онда прокурор мен судья Луланы 2018 жылғы сайлауға қатыстырмау үшін соттап жіберуге келіскен көрінеді.
Осы оқиғадан кейін да Силваның ісі қайта қаралып, оны Жоғарғы сот өз бақылауына алды. БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитеті де бұған араласып, сот ісінің басы-қасында жүрді. Сөйтіп, 580 күн бас бостандығы шектелген Лула мырза ақталып шықты. Кейіннен ол үшінші мәрте президенттікке таласатынын мәлімдеген. Ақыры көздеген мақсатына жетті.
Луис Инасиу Лула да Силваның президент болып сайлануына зор үмітпен қарап отырғандар жетерлік. Әсіресе оның климат өзгеруіне қатысты бастамаларын жоғары бағалайды. Сондай-ақ Еуропалық одақта өзара сауда-экономикалық байланыстың қайта нығаятынына сенім білдіріп отыр.
«Қымбатты Лула, Бразилия тарихының жаңа бетін ашқан сайлау үшін құттықтаймыз. Біз бірге көптеген ортақ міндетті шешу үшін күш біріктіреміз және екі ел арасындағы достық байланысын қалпына келтіреміз», деді Франция президенті Эммануэль Макрон.
Испанияның премьер-миистрі Педро Санчес те Луланы құттықтап: «Бразилия прогреске және үмітке бәс тігуге шешім қабылдады. Әлеуметтік әділеттілік, теңдік және климаттың өзгеруіне қарсы бірге жұмыс істейік», деп жазды.
«Мен азық-түлік қауіпсіздігінен сауда мен климаттың өзгеруіне дейінгі өзекті жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін сіздермен жұмыс істеуді асыға күтемін», деді Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Лейен.
АҚШ президенті Джо Байден де бразилиялық әріптесін құттықтады. «Мен Луис Инасио Лула да Силваны еркін, әділ және сенімді сайлаудан кейін Бразилияның келесі президенті болып сайлануымен құттықтаймын. Ынтымақтастықты жалғастыру үшін бірге жұмыс істеуді асыға күтемін», деді ол.
Да Силва жеңіске жеткеннен кейінгі сөзінде Амазонкадағы тропикалық ормандардың жойылуына тоқтау салуға уәде берді. Өздеріңізге мәлім, тропикалық ормандар қоршаған орта үшін аса маңызға ие. Өйткені ондағы ағаштар көп мөлшерде көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегі бөліп, Жердің терең тыныстауына мүмкіндік береді.
«Бразилия климат дағдарысына қарсы күресте, бүкіл биомды, әсіресе Амазонка орманын қорғауда өзінің жетекші рөлін қалпына келтіруге дайын», деді Лула.
Да Силваның мемлекет басқаруына қуанғандардың артуына мына мәселе әсер етіп отыр. Ж.Болсонару билік құрған төрт жылында Амазонкадағы жағдайға алаңдаған халықаралық қоғамдастықтың әрекетін Бразилияның аумақтық егемендігіне қол сұғу ретінде қарастырды. Ол Амазонка атырабындағы ормандар мен онда мекендеген байырғы тайпаларға қол сұқпау жөніндегі шектеудің күшін жойды. Соның салдарынан малшылар, ағаш кесушілер мен кеншілер орманды алқаптарды отауға кірісті.
Лула ел басқарған 2003-2010 жылдары Бразилияда ормандардың жойылуы күрт азайған еді. Жаңадан сайланған президент қорғалатын аумақтарды кеңейтуге және полицияның құзіретін күшейтуге уәде беріп отыр. Жоспар бойынша, мұндай қадам ормандарды кесуді 89 пайызға қысқартуы мүмкін.
«Байырғы тайпаның ұрпағы қоршаған орта жыртқыштарының ашкөздігі салдарынан жойылған кезде, онымен бірге адамзаттың бір бөлігі өледі. Сондықтан біз Амазонканы бақылау мен қадағалауды қалпына келтіреміз. Кез келген заңсыз әрекетпен күресеміз», дейді Лула.
Сонымен қатар Лула да Силваның келуімен біраз уақыт тоқтап қалған келісімді қайта жандандыруға мүмкіндік бар. 2019 жылы Еуропалық одақ пен Mercosur ұйымы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылған еді. Құжат толықтай күшіне енуі үшін тараптар оны ратификациялауы қажет.
Құрамына Аргентина, Бразилия, Парагвай және Уругвай кіретін Mercosur Латын Америкасындағы ең үлкен сауда ұйымы саналады. Оның жылдық ішкі жалпы өнімінің көлемі 2,2 триллион долларды құрайды. Осындай үлкен ұйыммен келісімнің жүзеге аспауына «кінәлі» – Амазонка ормандары. Ж.Болсонару президенттікке келгеннен соң Бразилиядағы ормандардың кесілуі күрт артқан еді. Осыған байланысты Еуропалық одақтың елдері құжатты ратификацияламастан бұрын Бразилия үкіметінен Амазонка атырабын сақтап қалу туралы кепіл беруді талап етті. Бірақ бұған Ж.Болсонару асыққан жоқ. Енді Лула да Силваның қызметке келуімен бұл мәселе шешілуге тиіс. Оның үстіне, Бразилия үшін Еуропалық одақ та маңызға ие. Қарт құрлықтан Латын Америкасына келетін тауарлар жалпы импорттың 18,3 пайызын құрайды.