Театр • 23 Қаңтар, 2022

Қазіргі драматургия: Үміт пен сенім

3884 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін

Көркем шығарма мен драматургия өзара егіз. Бірін-бірі толықтырып отырады. Әуелде сүбелі сөз арқылы оқырманға жеткен кей туындылар сахналанып, өз көрерменін тауып жатады. Бұл да қоғамның, мәдениеттің дамуына үлес қосатын фактордың бірі болмақ. Қазіргі қазақ драматургиясы туралы көп нәрсені айтуға болады.

Қазіргі драматургия: Үміт пен сенім

Әрине, қордаланған мәселелер де баршылық. Біз осыны негіз етіп, осы салада еңбектеніп жүрген қаламгерлермен дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Аталған мәслихатқа жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев, белгілі театр сыншысы Әлия Бөпежанова, жазушы-драматург, филология ғылымдарының докторы Серік Асылбекұлы, драматург Сая Қасымбек және театртанушы Жазира Ахметова қатысып, өз ойларын айтты.

Сөз бен кейіпкердің іс-әрекеті басты рөлді атқаруға тиіс

 – Бүгінгі театрдың бағыты сөзден гөрі әрекетке көшкен заманда драматургия ақсай ма?

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ:

– Жоқ, бұлай деп айта алмаймын. Драматургияның ақсау себебі бұл екеуінде де емес, мүлдем басқада. Шын­дап келгенде, қазіргі қазақ драматур­гиясы төрт аяғынан түгел болмаса да соған жақын­дау ақсап тұр деуге болады. Бұл жағдай соңғы кезде қалың бұқара халықтың театрларға деген ынта-ықыласының барынша төмендеуінен ай­қын аңғарылады. Бұған нақты дә­лел келтірейін. Мен театрда сонау сек­се­нінінші жылдардан бастап біраз жыл қыз­мет атқардым. Міне, сол кез­де­гі жұрт­­шылықтың театрға деген қызы­ғушы­лығы мен қазіргі жағдайының арасы аспан мен жердей. Яғни ол кезде қашан көрсең де жұрт театрға ағылып келіп жататын, әр қойылым сайын көрер­мендер залы халыққа лық толы болатын. Қазір мүлдем басқаша. Нақтырақ айтқанда, соңғы жылдары біздің театр­лар үшін көрермен жинау ең үлкен, күрделі мә­се­леге айналған. Соның салдарынан мектеп оқушылары мен әскердегі сар­­баз­дарды табаннан тозып жүріп, ұйым­дастырып жинап әкелетін жағдай жиі байқалады. Қазіргі пандемия кезінде бұл жағдай тіптен күрделенген болса ке­рек. Ал сонда көрермендердің осынша азайып кетуінің басты себебі неде? Ол қиындық, ең алдымен, театрларымызда драматургия жанрының өз ерекшеліктері мен шарт талаптарына жауап бере алмайтын, көрермен көңілінен мүлдем шықпайтын сапасыз пьесалардың оңды-солды көбейіп, бірінен кейін бірі сахналана беруінен туындап отыр. Осыған орай, мына мәселені де айта кетсек дейміз. Мыңдаған жылдық тарихы сонау грек, рим заманынан басталатын драматургиялық шығарма әрқашан да көрерменге, қалың бұқара халыққа арнап жазылып келген. Яғни кез келген пьеса театрға келген көрерменді спектакль кезінде магниттей тартып, қызықтырып отыратындай болу керек. Егер ол талап орындалмаса, көрермен спектакльді керек етпейді, тіпті кейде шымылдық жабылмай тұрып үйіне қайтады және жай ғана қайтпайды, ендігәрі көрмегенім театр болсын деп түңіліп кетеді. Біздегі драмтаургияны ақсататын ең басты жағдай, міне, осыдан туындайды.

Әлия Бөпежанова:

–  Сан ғасыр­лық тарихы бар театр өнері небір да­му кезеңдерінен өт­ті. Ал үздіксіз даму, өркендеу, жаң­ғы­ру, жаңару – өмір­дің, демек, өнер­дің де ұлы заңдылығы. ХХ ғасыр­дың соң­ғы ширегінде басталған көркем­дік-эстетикалық ізденістер жал­ға­сын тауып, ХХI ғасыр театры да небір жаңа формалар іздеу жолынан өтіп ке­леді. Бүгінгі театрдың сөзден гөрі әре­кет­ке көшу бағытын ұстануы туралы әңгімені осы орайда қарастыру керек болар. Сахнада жаңа көркемдік тіл іздеу үдерістері, яғни театрдың тек сөзге бай­лан­бай, өзінің басқа да көркемдік мүм­кіндіктерін (пластикалық театр, саунд драма, сторителлинг, деректі театр­мен сипаттас қазіргі нон-фикшн, коммер­циялық сипаты бар иммерсивті театр, т.б.) тереңірек ашу бүгінгі таңда Қазақ­стан театрларында да жүріп жатыр. Дегенмен де небір жаңа формалық ізде­ністер драма жанрының өз көркемдік заңдылықтарымен дамуына кедергі бола алмайды. Бұл ретте, жеке пікірімде, нағыз психологиялық драмалардың, демек, шынайы психологиялық театрдың жөні бөлек. Көркемдігі жоғары, қоғамға, көрерменге айтары бар драмалық қойылымдар, меніңше, бүгінгі тілмен қисындағанда, қашанда трендте болады. Бұған көркем мысал Астанадағы М.Горький атындағы академиялық театр­дың «Пұтқа табынушылар» спек­так­лі. Талантты драматург Анна Яб­лонскаяның (өкінішке қарай, 2011 жылы Мәскеудегі теракт кезінде қаза тапқан) бұл драмасын көрнекті режиссер Йонас Вайткус сахналаған. Түкпірде жалғыз шамның әлсіз жарығы бар қап-қара декорациялы сахнада (қоюшы-суретші Қ.Мақсұтов) қап-қара киінген бес-алты адам. Бір-біріне жапсырыла қатарлай қойылған орындықтарда тырп етпей отыр. Әр кейіпкерді зал түкпірінен түскен жарық ірі планға шығарғанда көзін жұмған күйі монологін бастайды. Жеке-жеке бұл монологтер бірте-бірте қайшылықты, тартысты диалогтерге айналады. Кейіпкерінің бүкіл көңіл күйін, тұтастай өмірін орындықтың үстінде тырп етпей отырып кешіп шығатын актерлердің шеберлігі керемет! Сахнада сөз салтанат құрады! Психологиялық, тіпті дүниетанымдық небір тартыс­тар дауыстың реңкімен, эмоциямен бері­леді. Бұл көркем спектакль бүгінгі таң­да сөз театрының күні өтіп барады, көрермендердің құлаш-құлаш моно­логтерді тыңдап отыруға құлқы жоқ деген пікірлердің күл-талқанын шығарады. Құлаш-құлаш монологтері жеткілікті, екі сағатқа жуық жүретін қойылымды көрермен сахнадан көз алмастан демін ішке тарта отырып көріп шығады.

Бастан-аяқ сөзге құрылған, актерлерден, жалпы, шығармашылық ұжымнан өте үлкен шеберлікті талап ететін классика қашан да өміршең. Тарихтан бірер мысал айтар болсақ, француз режиссері Клод Каррер мен атақты Питер Бруктың көне үнді эпосы «Махабхаратаны» үш кеш, ал көрнекті қазақ режиссері, ұстаз Маман Байсеркеновтің «Тынық Донды» екі кеш қойғаны белгілі. Бүгіннен айтсақ, өткен күзде Мәскеудегі Вахтангов театрының 100 жылдығына театрдың көркемдік жетекшісі Римас Туминас сахналаған «Соғыс және бейбітшілік» спектаклі. Саяси-қоғамдық және театр саласының басылымдары мен сайттарында керемет рецензия, пікірлер жарияланды. Соның біразында жазылды: екі үзіліспен 5 сағат бойы жүрген спектакльден бірде бір көрермен кетпеген! Классикалық әдебиет, демек, көркем сөз – қашанда театр мен кино үшін шалқар теңіз байлық. Және театрлардың көркем, қуатты, заманауи, уақыт талабына жауап беретін драматургияға мүдделілігі анық.

Серік Асылбекұлы:

– Қазіргі біздің ұлттық театрларда қойылып жүр­ген спектакльдер дра­матургиялық спектакльдерден гөрі музыкалық, классикалық шоуларға ұқсап кетті. Ондай қойылымдарды көріп отырған кезде біз кәдімгі драмалық спектаклді көріп отырғандай емес, балет­тік, музыкалық қойылымды көрген­дей әсер аламыз. Сондықтан дра­ма­да, драмалық шығармаларда, ең алды­мен, сөз бен кейіпкердің қарапайым іс-әрекеті басты рөлді атқаруға тиіс. Ал енді музыка мен мимика болатын болса, плас­тика болатын болса, ол тек қосымша әрлеу үшін, белгілі бір аз мөлшерде соның дизайны ретінде қызмет етуі керек. Мысалы, Шекспирдің, Антон Чеховтың немесе Герхард Гауптманның пьесаларын сахнадағы музыкалық, классикалық шоуларға айналдырып, олардың мазмұнын арзандатудың қажеті жоқ. Өйткені балет спектаклінің, му­зыкалық спектакльдердің өзінің атқа­ратын рөлі бар, ал драмалық туындыларды балеттік спектакльге немесе музыкалық қойылымға, музыкалық шоуларға айналдыру бұл драма жан­рының табиғатын бұзады. Оның негізгі функциясы бұл емес.

Сая ҚАСЫМБЕК:

– «Алдымен сөз жаралған» деген әлемдік қағидаға сүйенсек, театр сахнасында сөз қажет болмай қалады деген мәселе жоқ. Болмайды да. Қоғамда өзгеріс болған сайын кезеңіне сәйкес өнер алаңында да қақтығыстар мен кезең талабына сай өзгеріс һәм бетбұрыс болатыны қалыпты жайт. Солай болуға тиіс те. Мәселен, теледидар пайда болғанда «радио қажет болмай қалады», интернет шыққан кезде «телеарналар жабылады» деген іспетті қобалжу болған. Қызығы, жөнсіз қобалжу болғанында. Қаласақ та, қаламасақ та, уақыт талабы – драматургияның өнбойын көктеп отырады. Иә, соңғы кезде қимыл-қаракетке құрылған қойылым етек алғаны рас. Көбіне бұны «көрерменнің сөзді тың­дап отыруға шыдамы жоқтығымен» түсі­н­діріп жатады. Әйтсе де, өзгенікіне ынтығудан театр да қалыс қалмай, Еуропа стандартына еліктеу де бар. Одан үркудің қажеті жоқ. Режиссер шығармашылық көгінде қалықтауы, айдынында жүзуі қажет. Драматург, пьесасын таңдаған режиссердің шешіміне жағаласпай, ой еркіндігіне шектеу қоймауы керек. Пьесадан тапқан ойын жүзеге асыруға жанталасқан режиссерде ой еркіндігі болмайынша, көркем дүние тумайды. Көрермен талғамы сан алуан болғандықтан, қоюшы-режиссер сахна төрінде заманауи қаракеттерді көбейте отырып қоюға құқылы. Тек стандарттау­дан қашқан жөн. Еркіндік дегеніміз осы екен деп те қазақтың ұлттық санасына сыймайтын жөнсіз форманы тықпалауға қарсымын. Дамыған Еуропа театрларында қолданылатын формалар, қазақ театры­на сай келе береді деп ойламаймын. Бұл жерде – ұлттық болмыс маңызды рөл атқарады.

Театрды Еуропа стандартымен өл­шеу – ең үлкен қателік. Еуропалық көрер­мен санасына нәр алуға барады. Өкінішке қарай, қазақ театрларына баратындардың басым көбі «кездейсоқ» көрермен екені жасырын емес. Бұл театрдың нашар жұмыс істейтіндігінен емес, табиғатымызда театрға деген сүйіспеншілік қан тамырымызбен бірге келмегендіктен болса керек. Сондықтан драматург те уақыт талабын сараптап отыруға мәжбүр. Драматургияның ба­ра­тын жері – сахна. Сахнадағы қақты­ғысты тамашалайтын – көрермен. Ал көрермен – жаһанданумен тікелей қа­рым-қатынаста өмір сүріп жатқан қоғам. Асығыс. Тіптен театрда отырып та жұмы­сын ойлап отыратындар көбейді. Әйтсе де, Станиславскийдің «500 көрерменнің арасынан 5 көрерменнің санасына өзге­ріс енгізе білсек, сол күніміздің тек­ке кет­пегені» дегеніндей, әрқилы дең­­гей­­де­гі ағыммен бірге көрермен жете­­гінде кетудің өзіндік залалы барын ұмыт­пауымыз керек. Әлбетте, драматургия да уақыт динамикасымен санасқаны жөн. Ол дегеніміз сөз қаракетінен қашу емес. Қимыл-қаракетке арналған балет театры бар. Балет театрына барған көрер­мен сөзді емес, пластиканы кү­теді.

Жазира Ахметова:

– Бүгінгі таңда заманауи театр үрдісі де, формальды тәсілі мен тынысы да өзгерген. Жаңаша стилистикалық көрі­нісі, әлеу­меттік келбеті мен белсенді бір күші бар. Әрине, театр драматургтің емес көрерменнің реакциясына қарай өзгере алады. Драматургияның бір ерек­шелігі, бұл – тәуелді жанр, театрдың тірегі. Шығармалар қаншалықты сапалы болса театрлардың көркемдік келбе­ті де соған сай қалыптасады. Ақын қоғамды қалай жырласа драматург те қоғамның көкейкесті мәселелерін қозғайтын өткір пьесалар жазу керек. Кез келген пьеса сахнаға жол тарта бермейді, бірінші көркемдік кеңестің талқысынан өтеді, сахнаға қоюға келе ме, келмей ме осы жағы қарастырылады, екінші, сахнаға спектакльдің премьерасы шығарда оны халыққа көрсетуге бола ма, болмай ма деген оймен мамандарға арнайы көрсету арқылы бағасын алады. Бүгінгі көрерменнің талғамы да басқа. Театр – өмір айнасы дейміз. Көрермен театрға сахнадан өмірді көруге барады. Ал осы театр бағытының бір тұтқасы –  ол режиссермен драматургтің әртүрлі идеялық модельдерді қолдануында. Қо­салқы көзқарас болған кезеңде ғана театр өзгеріс әкеле алады. Бүгінде театр режиссурасында жаңа буын қалып­тас­ты. Бұған еуропалық заманауи театр үр­дісі ықпал етті. Театр Батыс мента­ли­тетін толығымен меңгерді. Жаңа көзқа­распен қарайтын жалынды жастар келді. Заманауи драматургия болма­йынша, заманауи театрдың қалыптасуы да қиын. Тек жаңалық, жаңаша қою осы екен деп шектен шығып кетпегендері де жөн. Кейбір жақсы шығармалар режиссерлердің кемшілігінен жұтаң тартып қалады. Ал керісінше, кейбір орта­қол спектакльдер жақсы режиссердің қолына түсіп, бағы жанып кетеді. Шекс­пир, Островский, Чеховтардың пьесалары заманында театрға жан беріп бір дүмпу әкелген. Драматургия ақсай ма дейміз. Драматургияны кенжелеп қалған өнер деп қараған соң, ол ақса­мағанда не қылсын. Драматургтің ини­циа­тивасын кім тыңдап жатыр. Олардың нәсібін кейбір режиссерлер еншілеп кетті, өздері жазып өздері қоятындары бар. Драматургия үрдісі контекстіндегі құбылыстар да бүгінгі уақытпен сөйлегені дұрыс. Бірақ қазіргі таңда сөзден гөрі әрекетті жақсы көре­тін режиссерлер көбейді. Бұрын классикалық шоқтығы биік туындыларды сахнадан толығымен көретін болсақ, бүгінде сол туындының римиксін, яғни қысқартылған сөзсіз нұсқасын көріп жүрміз. Заманауи тілмен сөйлеу тенденциясын көрсеткенімізбен де түпнұсқадан кете алмаймыз.

 

Театр тарихпен айналысатын ғылыми-зерттеу институты емес

 – Пьеса жазатын драматургтердің басым көпшілігі неге өзге қаламдас­тарының пьесаларын оқымайды?

Серік Асылбекұлы:

– Әрине, қаламдастар бір-бірін өзара оқып жүру керек. Бірақ, ең алдымен, классиканы оқыған жөн. Әлемдік классиканың ең үздіктерін оқыған дұрыс. Әйтеуір біздің замандастың туын­дысы ғой деп кез келген ортақол дүниел­ерді немесе көркемдігі төмен пьесаларды оқығаннан оның драматургке беретін пайдасы да, эмоционалдық байлығы да жоқ екені рас. Оқыған кезде ол шығарманы қазақ жазды ма немесе чех, француз, орыс қаламгері жазды ма бізге бәрібір, тек шығарма қазіргі замандағы ең мықты дүние болса болғаны. Ал қазақ жазды екен деп ешқандай құндылығы, көркемдігі жоқ шығармаларды оқи бергеннен драматург шеберлігі жағынан да, кәсіби жағынан да өсіп жарытпайды. Бір сөзбен айтқанда, нені оқи білу өте маңызды.

Әлия Бөпежанова:

– Мұны дра­матург­тардың өзінен сұрау керек болар. Арасында оқитындар да, оқымайтындар да, оқу шарт емес деп ойлайтындар да бар шығар. Ал бір байқалатыны – драмалық шығармалар жариялауға басылымдарда онша құлық жоқ.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ:

– Егер шынымды айтсам, маған пье­са жазатын драматургтердің басым көпшілігі қатар жүрген қаламдас­тары­ның ғана емес, жалпы ешкімнің де ешқандай шығармасын оқымайтын сияқты болып көрінеді. Мен Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы театр өнері жөніндегі Көркем­дік кеңестің мүшесімін. Көп жыл «Тәуел­сіздік толғауы» конкур­сының қазылар алқасында болдым. Осыған орай, әр кезеңде жаңадан жазылған көптеген пьеса оқып, өз пікірімді білдірдім. Сонда байқағаным, пьеса жазғандардың бәрі болмаса да, басым көпшілігі пьеса дегеннің не екенін, оның өзге жанрдағы шығармалардан қандай айырмашылығы болатынын жете білмейтіні анық аңғарылады. Бас­қа­ны былай қойғанда, пьесаны қағаз­ға түсіргенде оның граматикалық ерек­шеліктері мен ережелері болатынын ескеру керек қой. Мысалы, пьесада кейіп­кердің сөздері мен автордың түсін­дірмелері қажет жағдайда жақшаға да алы­нып, екі түрлі әріптермен жазылуға тиіс. Пьесаларың көпшілігінде осы шарт-талап мүлдем аяқасты болады. Со­ның салдарынан пьесадағы кейіп­кер­дің диалогі мен автор сөзінің қайсысы­ның қай жерден басталып, қай тұстан аяқ­та­латынын түсінбей, адамның басы қатады.

Тіпті кейде автордың өз пьесасының сахнада қойылғанда неше сағат, неше минут жүретініне дейін нақты көрсетіп қоятын кісі күлерік жағдай да кездеседі. Яғни бұл автордың біреудің пьесасын оқымақ түгілі, жалпы, театрға барма­ған, ал ғайыптан тайып анда-санда бара қалса ондағы жағдайға шығармашылық тұлға ретінде терең ой жүгіртпегенін көрсетеді. Әйтпесе, спектакль дегеннің алдын ала түсіріліп, әр минутына дейін дайын болып тұратын кино емес, тірі организм екенін, соған орай спектакльдің ұзақтығы әр күні әртүрлі болатынын аң­ғарар еді ғой. Әйтсе де, ең бас­ты мә­се­ле бұл айтылғандар да емес. Ең бас­тысы, кейбір драматургтердің пьеса оқы­­майтыны олардың жазған драма­лық шығармаларының болмыс-бітімі­нен аңғарылады. Бұған нақты мысал келтірейік. Соңғы уақытта тарихи деректерді пьесаға көшіріп алып, театр сахнасында кейіпкерлерге сол мәлі­мет­терді қаз-қалпында кезек-кезек айтқы­за беру бізде үйреншікті жағдайға айнал­ған. Мұндай кемшіліктер, әсіресе, соңғы кезде жаңадан жазылған тарихи драмалардан айқын байқалады. Яғни сахнаға әуелі бір қария шығып, өткен тарихты айта бастайды. Сосын ол тарихтағы айтыл­ған кейіпкерлер кезек-кезек ортаға шығып, бұл оқиғаның қалай болғанын ұзын-сонар диалогтермен хабарлап, сосын бірден кетіп қалады. Енді сахнаға басқа кейіпкерлер шығып, басқа тарих туралы жаңа «баяндама» жасауға кі­ріседі. Сөйтіп, ұзын-сонар әңгіме-лекция осылай жалғаса береді.

Мұндай пьесаларды көркем шығар­ма, шынайы драматургия деп түсінудің қазақ әдебиеті мен қазақ театр өнерінде қалай, қайдан пайда болғаны мүлдем түсініксіз. Өйткені театр тарихпен айна­лы­сат­ын ғылыми-зерттеу институты емес, адамның жан дүниесін, тағды­рын, күйініш-сүйінішін көрсететін қа­сиет­ті өнер ордасы емес пе? Арғысы грек, рим заманынан бастап, бергісі Шекс­пир, Чеховқа дейінгі бүкіл драматург­тер пьеса жазуды осылай түсінген. Тіпті өзіміздің Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтер де өз кейіпкерлерін орта­ға шығарып, тарихи шежірелерді сол қал­пында айтқызып қоймаған. Мұндай жағдайлар қазіргі қазақ театрларынан басқа өзге елдерде өте сирек кездеседі. Тіпті осы өзіміздің Қазақстандағы орыс театрлары да мұндай шығармаларды еш­қашан сахналамайды.

Жазира Ахметова:

– Пьеса да әдебиеттің бір жанры дегенімізбен де, мұны қандай оқырмандар оқиды? Тек театр үшін ғана қажет пе деп өзіме сұрақ қоямын. Бізде неге «Пьеса» деген журнал жоқ? Бір ғасырдан астам тарихы бар драматургияның әлі бір тұрақты қонысы жоқ. Себебі жылына жүзге жуық пьеса жазылады. Үш жыл қатарынан драматург О.Жанайдаров «Современная драматургия «Драма.KZ» фестивалін өткізіп келеді. Үздіктері әртістердің көмегімен сахнада оқылымға шығады. Онлайн кезінде екі жыл қатарынан Алматы қуыршақ театрында 60-тан аса дра­ма­тургпен жұмыс істеп, пьесаларын оқыды. Бірақ театрдан басқа да оқырмандарды осы жанрға неге баулымаймыз. Басылымға шықпаған пьесаны кім қайдан оқымақ? Ал авторлар пьесаны желіге жариялай қоймайды. Тіпті драматургтер қаламдастарының пьесасын оқу былай тұрсын, қолдау көрсетіп театрға келетіндері де сирек. Жалпы, драматургтің міндеті пьесасын жазу, сату ғана емес, театр мен драматургтің арасында әдеби агент болуы, пьеса маркетингін қалыптастыруы керек.

Сая ҚАСЫМБЕК:

Өз басыма жа­уап берсем, қызмет бабыма орай драма­тургтердің пьесаларын көп оқимын. Көрер­менге айтары барын іріктеп, көркем­­дік кеңеске ұсынамын. Әсіресе жас драматургтерді көп қолдайтынымды жа­сырмаймын. Өйткені алдындағы «мүйізі қарағайдай» драматургтерден жол күтіп, жасқанып тұрған жас драматургтерге қолдау көбірек көрсетілсе, олардың бойында драматургияға деген ынта, қы­зы­ғушылық пайда болады. Қай салада болсын, Құдай сыйға берген талантын «өзіне» қызмет еткізетіндер табылады. Драматургия да «ондай таланттардан» кенде емес. Өкінішке қарай, «Менен басқа драматург жоқ. Мен – соңғы драматургпін» деп жүрген аға буын өкілдерінің барын да білеміз. Пьесасы көбірек қойылған драматургте «өзінен басқа драматург жоқ» деген пікір тез қалыптасып кететінін байқадым. Оған «Атақтының аты-жөні тұрса, репертуарымыз сүбелі көрінеді» деп, театр тарапынан да жалпақшешейлік болып жататынын қосыңыз. Алдыңдағы мық­­ты­мен кәсіби бәсекеге түсе жүріп, соңынан ерген жас буынды таптап кет­кенге жол бермеуіміз керек. Қала­мы жасқанып тұрған жас драматургке қолдау көрсетіп, драматургияның бо­ла­шағы үзіліп қалмауына тәжірбиелі драматургтердің ықпал ете білуі өте маңызды. Бүгінде телеарналарда қап­та­ған жобаларға сценарий жазу тиім­ді болып кетті. Анау айтты жүрекке сал­­мақ салып әуре болмай-ақ, жеңіл-жел­­пі сценарийлермен қомақты ақша табуға болады. Көп жағдайда театрлар пьесаңды тегін берсең қойып, қаламақы сұрасаң теріс айналып кетеді. Бұның ақыры драматургияның құлдырауына, дағдарысқа ұшырауына апарып соғады. Содан қорқамын. Сол себепті жас драматургтерді қолдап, жастардың көзқарасымен санаса отырып, қате жеріне қолұшын берген абзал.

 

«Біз ертең адам болып қалу үшін бүгін театрға барамыз»

– Қоғам үшін театр маңызды деп ойлайсыз ба?

Жазира Ахметова:

– Театр өнері де – қоғамдық ой-са­наның негізгі бір формасы. Халықты эсте­тикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің бір құралы іспеттес. Ста­тис­­тикалық мәлімет бойынша қазір Қа­зақстанда 65 театр жұмыс істейді. Яғни әр қалада театр бар. Оның 52-сі мемлекеттік (бұл қатарда 4 ұлттық (этнос­тық) театр: ұйғыр, корей, неміс жә­не өзбек театры бар). Ал мұның сыртында лаборотория­лар мен жеке театр­лар (халықтық театр­лар) жүзден асады. Театр болған күннің өзінде көрермен келе ме? Көрерменге театр керек пе деп те айтқың келеді. Біріншіден, баланы театрға әкелмес бұрын ата-ананың өзін театрға үйрету керек секілді. Дамыған за­ман тикетон секілді онлайн билет сатылымдары бар болған күннің өзінде көрерменнің театрға тартылуы әлі де ақ­сап келеді. «Баланың алғашқы мектебі – қуыршақ театры», деген Н.Гоголь. Мек­теп оқулықтарына арнайы қосымша театр деген дәріс енгізсе, бәлкім көзқарас өзгерер ме еді. Ата-аналар 500 теңгеге ба­ла­ны театрға апарғаннан гөрі, 5 мың тең­геге мегапаркке апарғанды дұрыс көреді. Бәлкім бізге де мегатеатр қажет шығар.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ:

– Кез келген елдің мәдени дәрежесі ең алдымен театр өнерінің жетістігімен бағаланады. Бұл ретте Қазақстанның мүмкіндігі өте зор. Қазір еліміздегі кәсіби театрлардың ұзын саны 60-тан асады. Бұл театр­лар – Қазақстанның мәдени-рухани саладағы баға жетпес байлығы. Олар мемлекетіміздің тәуелсіздігіне, еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет етуге тиіс. Театр­­ларымыздың репертуарлық сая­сатынан еліміздің тыныс-тіршілігі, мә­дени-рухани деңгейі жүйелі түрде көрініс беруі керек.Театрларымыз­­дың мұн­дай дәрежеге көтерілуіне қаржы­лық-материалдық жағынан тиісті жағ­дай жасалған. Яғни Қазақстандағы театр өне­рін бүгінгі заман талабына сай биік деңгейге көтеріп, дамытуға то­лық мүм­кіндік бар. Бірақ, өкінішке қа­рай, ол мүмкіндік ойдағыдай жүзеге ас­пай келеді. Яғни бұл салада жедел түрде қолға алатын өзекті мәселелер аз емес. Олардың ең бастыларының бірі – театрлардың репертуарын көркемдік сапасы жоғары жаңа пьесалармен қам­тамасыз ету. Осыған орай, тағы бір мәселеге айрықша тоқтала кеткіміз келеді. Ежелден қалыптасқан дәстүр бо­йынша ұлттық драматургия өркендемей театр өнері ешқашан алға баспайды. Сондықтан да әлемдегі барлық елдің театрлары ең алдымен өздерінің төл туындыларын сахналайды, репертуардың басым бөлігін өз авторларының пьесалары құрайды. Ал біздің театрлардағы қойылымдардың кемінде жартысы – шетелдік шығармалар. Біздегі театр­лардың репертуарын қадағалап, жаңа қойылымдардың көркемдік сапасын бағалап отыруға Мәдениет жә­не спорт министрлігінің шамасы жет­пейді. Өйткені Қазақстандағы театр­лардың басым көпшілігі облыстық, қала­лық әкімдіктерге бағынады. Ал бұл әкімдіктер мен олардағы Мәдениет басқар­малары өз театрларының репертуарын қадағалап, жаңадан сахналанған қойылымдардың көркемдік сапасына баға беруге жеткілікті көңіл бөлмейді.

Серік Асылбек:

– Қоғам үшін әрине театр маңызды. Театрға не үшін бару керек, «Біз ертең адам болып қалу үшін бүгін театр­ға барамыз», деп бір ұлы суреткер айтыпты, яғни театр біздің ішкі жан дүниемізді байытады, одан әрі терең­дете түседі, жаңа ой салады. Қоғамдағы орнымызды іздетеді. Томас Манн: «Театр тобырды ұлтқа айналдырады», деп еді, осы сөздің кәдімгідей жаны бар деп ойлаймын. Адамның кодтық санасында бүкіл адамзат тарихы жазулы тұр. Театр секілді ешбір өнер адамның бүкіл ішкі қыртысын егжей-тегжейлі ашып, танытып бере алмайды. Сол үшін де театрға баруымыз керек. Театрдың прозалық шығармалардан бір ерекшелігі прозада автор өмірді баяндайды, сен оны көз алдыңа өзіңше елестетесің, тіпті өзің режиссер, өзің көрермен болып, сол суреттерді өзің тірілтіп, өзің­ше ой қорытасың. Ал театрдың кере­мет­тігі – өмір сенің қақ алдыңда, сахна­да жүріп жатады. Сен сол өмірді ба­қылап, қарап, іштей сол өмірдің қа­ра­ма-қайшылықтарын, бақыты мен қуаны­ш­ын, мұңы мен зарын түсініп оты­расың. Яғни прозадағы сияқты оны өзіңше елестетпейсің, драматруг өмірді режиссермен бірге сахнада көз алдыңа әкеп береді. Ал кинодан ерекшелігі, кинода сіз актерлердің ойын сурет арқылы ғана көресіз, ал мұнда тірі актерді көре аласыз, оның бүкіл ішкі әлемін, жан дүниесінің құбылыстарын жиырма, отыз, тіпті жүз метр жерден қарап отырып, өзіңіз куә боласыз. Бұл театр спектаклі көпшіліктің эмоциялық әсерін күшейтеді. Театрдың адамзат баласына қызмет етіп келе жатқанына екі жарым мың жыл болды, содан бері телевидение, радио, интернет те шықты, бірақ театрды ешқайсысы өлтіре алған жоқ.

Сая ҚАСЫМБЕК:

– Әлбетте, маңыз­ды. Уақыт ағынын­да желдей есіп, селдей жөңки берсек,  өтке­німізден айырыламыз. Экран­нан көргендегі әсер мен театр сахна­сындағы әртістердің жанды ойынын тікелей қарым-қатынаста отырып көргеннің әсері екі бөлек әлем. Бір ға­на М.Әуезовтің «Қара­гөзіндегі» махаб­баттың үлбіреген сұлулығы, маржандай тізілген саф сөзі мен ұлттық костюмдердегі әртістердің сахнада ойна­ғанын бетпе-бет көріп отырған көрер­меннің санасында төңкеріс болуы, ұлт­тық дәстүріне деген махаббаты оянуы экранмен салыстырғанда әлдеқайда пәрменді жүреді. Көрерменнің көз алдында сөйлеп тұрған әртістің ойы­нынан алған әсерін, қолдағы телефоннан көрген дүниелермен салыстыруға да келмес. Конфуцийден патша: «Ұлтты жою үшін не істеу керек?» деп сұрапты. Сонда Конфуций: «Дәстүрін жою керек», деп жауап беріпті. Көрдіңіз бе, дәстүрді көрсете білгеннің, сақтаудың маңыздылығы қайда жатыр?! Бүгінгі қоғамда дәстүрдің мәйегін сақтап отыр­ған жер – театр. Қазақтың алтын бақаны саналатын салт-дәстүрі, еш тілге ұқсамайтын сөз сұлулығынан ұлттық драматургияның жұлыны құ­ра­лып, хас сұлудың әдемі өрілген бұрымындай салтанат құратын жері театр сахнасы екенін ескерсек, театрдың ұлт үшін қаншалық маңыздылығы дараланып шыға келмек. Театрды қолдаудың, мәпелеудің ұлттық құндылығы, ұлттық стратегиясы өте зор. Себебі театрдың тоқтауына жол берсек, ұлттық болмысымызды жаһандану жалмап, қазақтық келбетімізді жоғалтамыз.

Әлия Бөпежанова:

– Әрине, қоғам үшін театр маңызды. Т.Манның атақты сөзі бар ғой: «Театр тобырды халыққа айналдырады». Мен бұ­ған «...театр халықты ұлтқа айналдырады» дегенді қосар едім. Театр қашанда қоғамдағы, адам санасындағы өзгерістерді көрсетеді, ал болашақ перспективаны да болжай алса – мінде­тін екі-үш есе орындағаны. Бүгінгі драма­тургияға осыны тілер едім.

 

Драматургияның екінші өмірі сахнада тіріледі

– Пьеса жазғысы келетін, бірақ неден бастарын білмей жүрген талапкерге қандай кеңес бересіз?

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ:

– Мен он бес жылға жуық уақыт бол­ды Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академия­сында кинотеледрама­тургия мамандығы бойынша курс жетек­шісі болып ұстаздық қызметпен айналысамын. Міне, осы жұмысыма байланысты болашақта драматург бол­ғы­сы келетін жас талапкерлерге шамам жеткенше жол көрсетіп, пьеса жазу­дың қыр-сырын үйретіп келемін. Және бұл еңбегімнің жемісін де көріп жүрмін. Мысалы, өзім төрт жыл оқытқан Айдана Аламанның «Жүрегімнің иесі» атты пьесасы М.Әуе­зов атындағы театрда сахналанып, сыншылар мен көрермен қауымнан жақсы бағасын алды. Алишер Рахат дейтін шәкіртім жақсы жазушы, драматург ретінде жұртшылыққа кәдімгідей танымал болып үлгерді. Жалпы, бұл ретте мені ерекше қуантатыны, қазіргі жастар баяғы біздің жас кезімізбен салыстырғанда өте еркін, барынша ашық-жарқын, қабілет пен мүмкіндіктері де әлдеқайда мол. Міне, осы қабілет пен мол мүмкіндіктерін олар дұрыс, тиімді пайдалана білулері керек. Әрине, бұл болашақта драматург боламын деген жас талапкерлерге де тікелей қатысты. Бұл үшін не істеу керек? Менің драматургия туралы бағанадан бері айтқан әңгімелерім ең алдымен, міне, осындай жастарға, яғни пьеса жазғысы келетін, бірақ неден бастарын білмей жүрген талапкерлерге арналған. Сондықтан да мұндай жастар осы әңгімеде айтылған мәселелерді бірінші кезекте ескерсе деймін. Яғни болашақта пьеса жазамын деген әрбір жас талапкер ерте бас­тан драматургияның қыр-сырын жан-жақты зерттеп, әбден оқып, түсініп, игеріп алуы керек. Сонау ежелгі рим, грек заманындағы пьесалардан бас­тап, бүгінге дейінгі драматургияның үздік шығармаларымен жан-жақты танысып шықса, тіптен жақсы. Міне, осын­дай жағдайда ғана жақсы драматург қалыптасып, көпшілік көңілінен шыға­тын көркем пьеса дүниеге келеді.

Әлия Бөпежанова:

– Драма жанры арқылы ең алдымен өзіне, содан кейін қоғамға айтары болса, әйтеуір бір бастайды ғой. Осындай талантты жасқа мақсатты ізденіс, терең білім, сана сергектігін тілер едім (тыз етпемен бір пьеса, мүмкін екі пьеса жазуға болар, содан кейін не жазарын білмей, әртүрлі компиляцияға кету қаупі бар). Шыдамы жетіп Эрик Бентлидің «Жизнь драмы» атты еңбегін оқып шықса... Жалпы, белгілі әдебиеттанушы, сыншы, драма зерттеушісінің осы еңбе­гін «Драма тынысы» деп пе, қазақ тіліне аударса да дұрыс болар еді. Жанр қыр-сырын үйрететін басқа да еңбектер бар.

Серік Асылбек:

– Драматург бол­ғысы келетін әрбір талапкер ең ал­ды­мен Еврипид, Эсхил, Шекспир, А.П.Чехов. Уильям Теннесси, Юджин О Нил, Герхард Гауптман, Самуэл Бек­кет сияқты әлемдік драматургияның корифейлерін егжей-тегжейлі зерттеп оқуы керек. Осы сияқты әлемдік дең­гейдегі шеберлерден үйренген жөн. Тек ұлттық, аймақтық шеберлермен шек­­теліп қалуға болмайды. Өйткені адам­­затқа тәннің бәрі ағылшынға да, қа­заққа да, орысқа да – бәріне ортақ. Сон­дық­тан әлемдік драматургия корифейлерінің шығармаларын ең алдымен тұшынып оқу керек. Содан кейін оларды талдаған театр сыншыларының шығармаларын оқыған дұрыс. Осы орайда айта кететін бір жайт, біздің қазақ драматургиясы насихатшылдықтан, дидактикадан, ақыл айтқыштықтан арылуы керек. Өйткені өнер дегеніміз – ақыл айту емес. Билерді сарнатып қойып, әбден жауыр болған ақыл айту емес, өмір­ді тереңінен ашып көрсету, сонымен бірге адамзат тірлігінің құпияларын ашу. Оның үстіне біздің спектакльдер тым жадағай болмауы керек, айтатынын ашып тастап, екіні екіге көбейтсең төрт болады деген сияқты қарапайым дүниелерді тәптіштеудің еш қажеті жоқ. А.С.Пушкиннің: «Искусство должно быть немножко тайнственным», дегені бар. Яғни өнер аз болса да құпия болуы керек. Әр сахналық шығарманың айтпақ ойы, идеясы оның төменгі қабаттарында көрінбей жатуы керек, оны театр сыншылары мен көрермендер өздері іздеп тауып алсын.

Сая ҚАСЫМБЕК:

– Жеке тәжі­рибемнен айтсам, әу баста шығармашылық жолымды драматургтің білімімен бастаған жоқпын. Өнер саласында жүргендіктен, драматургияға деген қызығушылығым оянып, өзін­дік жұмыспен айналыстым. Драма­тургияның құрылымын, қақтығысын, шиеленістің шарықтау шегін көп зерттедім. Мәселен, драматург болып қалыптасуыма Шекспир, М.Әуезов, М.Байджиевтің туындылары тікелей ықпал етті. Мүмкіндігінше Өнер акаде­миясындағы драматург даярлайтын тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесін алса, құба-құп. Драматургияны бастамас бұрын, ең алдымен, жанрға деген махаббаттың басты рөл атқаратынын айтқым келеді. Өйткені драматургияның екінші өмірі сахнада тіріледі. Осыған дайын бо­луы керек. Драматургияның тез попули­зацияға түсетін киносценариймен салыстырғанда ұтылатын да тұсы барын, бірақ ұлтқа қосары мол екенін білсе екен деймін.

Жазира Ахметова:

– Әрине кез келген жазушы бір­ден драматургияға келмейді. Қазақ драматургиясының өзіндік қалыптасу жолы бар, оның арғы-бергі тарихынан да, негізін қалап кеткен аға буын шығармаларын оқыса, театрмен бірге тыныстаса дейсің ғой. Жазу дегеніміз онлайн қиялдау емес қой, тағдыры бар жандармен араласу, пікір алмасу секілді көп көріп, көп жүру керек. Жазатын шығармаңа дәнек іздейсің. Тек қаламың қарымды, ойың ұшқыр болса, шығармаң да жерде қалмайды. Бүгінде Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА-да арнайы драматургия бөлімі бар. Ол жерде Д.Исабеков, С.Балғабаев, С.Елубай, Қ.Мұрат секілді драматургтер дәріс береді. О.Жанайдардың «Drama.kz», Қ.Мұраттың пьеса жазуға, жазушылық қабілетін шыңдау үшін, әдебиет пен драматургия саласын терең меңгеру үшін жас драматургтерге арналған «Ритм» республикалық студенттік шығармашылық лабороториясы жұмыс істейді. Жас талапкерлер қаламдастарымен бірлесе жұмыс істесе, драматургияға жол тарта алады. Кез келген театрдың әдебиет бөлімімен кеңессе де бағыт-бағдар алады.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген Дүйсенәлі Әлімақын,

«Egemen Qazaqstan»