Саясат • Кеше

Ынтымақтастық беки түседі

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Ханкенді қаласында (Әзербайжан) өткен Экономи­ка­­лық ынты­мақтастық ұйы­мының XVII саммитіне қатыс­ты.

Ынтымақтастық беки түседі

Саммитке Әзербайжан, Түркия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан президенттері, Пәкістан Премьер-министрі, Ауғанстан Премьер-министрінің орынбасары, Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары – Түрікменстан Сыртқы істер министрі қатысты. Сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты, олардың арасында ОТЅ (Түркі мемлекеттерінің ұйымы), CICA (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңес), TRACECA (Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізі), БҰҰ, UNESCAP (БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы) және тағы басқалары бар.

Отырыс барысында ЭЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселелері қаралды. Көлік және логистика, энергетика, климаттық қауіпсіздік, цифрлық трансформация және тағы басқа салалардағы өзара іс-қимылға назар аударылды.

Саммит жұмысы аясында Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Ауғанстан Премьер-министрінің орынбасары Абдул Гани Барадармен екіжақты кездесуі өтті. Онда сауда-экономикалық, көлік-логис­ти­калық, аграрлық салалардағы ынты­мақтастықты дамыту мәселелері тал­қы­ланды.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз «Тургунди-Герат» теміржолының құрылысына инвестиция салуға дайын екенін атап өтті.

«Ауғанстан – Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көпір. Трансауған темір жолының құрылысы бүкіл өңірдің дамуына ықпал ететін болады. Қазақстан Үкіметі осы жобаны іске асыру ниетін растайды, жақында тараптар арасында тиісті меморандумға қол қойылады», деді Премьер-министр.