
Ұзындығы 1 метрге жететін ерекше жілікті алғаш байқап, қазып алған Жасқайрат, Жасболат, Ізбасқан Мырзабевтар және Мерәлі Жасқайратұлы ерекше жәдігерді сол Атамекен ауылындағы «Жерұйық» тарихи-өлкетану музейіне тарту етіпті. Музей жетекшісі Жәнібек Әбілпейісов жіліктің суретін мамандарға көрсетіп, ақпарат іздей бастаған. «Әу баста бұл сүйек зілдің – ежелгі мамонттың жілігі болар деп ойладым» дейді ауыл мұғалімі.
«Суретке қарағанда бұл сүйек осыдан 23-34 миллион жыл бұрын палеоген, кайнозой дәуірінде өмір сүрген алып мүйізтұмсық – парацератерий хайуанатының асықты жілігі болуы мүмкін. Әрине, нақты тұжырым айту үшін жан-жақты зерттеу, ғылыми сараптама жасалуы керек. Жануардың өзге бөлігін табу үшін оқиға болған жерге қазба жұмысын жүргізу қажет шығар. Біздің университетте палеонтологиялық сүтқоректі жануарларды зерттеп жүрген ғалым бар, бұл іспен айналысады деп ойлаймын. Жалпы, алып мүйізтұмсықтың сүйегі бұдан бұрын да Қостанай өңірінен, Жайық бойынан 1950 жылдары экспедиция кезінде табылғаны белгілі» дейді Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденов.
Парацератерий – Азия құрлығында өмір сүрген ежелгі сүтқоректі жануарлардың ең ірісі екен. Қаңқа сүйегі түгел табылмағандықтан, оның денесінің дәл өлшемі әлі күнге дейін толық анықалмаған. Мойыномыртқа мен қабырғалары түгел емес, құйрығы туралы мүлде мәлімет жоқ.
«Бұл хайуанның тасқа айналған сүйегін алғаш 1846 жылы Викарий есімді солдат қазіргі Пәкістан жерінен тауыпты. 1916 жылы Ресей ғылым академиясының ғалымдары Арал теңізіне жақын жерден мүйізсіз парацератерийдің жақсы сақталған басы жоқ толық қаңқасын тапқан екен. Оған «Indricotherium» – «Индрик аңы» деген есім берілген. Ал 1922 жылы америкалық зерттеуші Рой Чепмен Эндрюс Гоби шөліндегі Монғолия мен Қытай аймағынан осы жануардың аяқ сүйегі мен бас сүйегін табады. Қытай ғалымдарының 2003–2004 жылғы зерттеуі нәтижесінде, хайуанаттың бұл түріне пәкістандық парацератерий, қазақстандық және монғолиялық индрикотерий, қытайлық джунгаритерий деген атау беріліпті», – дейді Жәнібек Әбілпейісов.
Өлке тарихына ерекше құмар азамат, шағын ауылдан музей ашып, оқушыларды тарихқа баулып отырған Жәнібек Әбілпейісов жазғы каникул кезінде Жайықтың сүйек табылған құмды жерін қазып, іздестіру-зерттеу жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр.
Батыс Қазақстан облысы