Аймақтар • Кеше

Халықпен кері байланыс жасамағаны үшін Ақсу қаласының басшылары сөгіс алды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19 маусым күні болған сұрапыл дауылдан соң халықпен кері байланыс жасамағаны үшін Ақсу қаласының әкіміне, орынбасарына және аппарат басшысына сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халықпен кері байланыс жасамағаны үшін Ақсу қаласының басшылары сөгіс алды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына барып, дауылдан зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Ғимараттарды қалпына келтіру үшін 814,2 млн теңге қажет. Бүгінгі таңда 18 нысан қалпына келтіріліп, 30 нысанда жұмыстар жалғасуда. Өңір басшысы қажетті қаражатты бөлу процесін жылдамдатуды және осы аптада мәслихаттың кезектен тыс сессиясын өткізуді тапсырды.

Өңір басшысы Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріповтің жұмысын сынға алды. Себебі - төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы күндерде халыққа ақпараттың жедел таратылмауы. Асайын Байхановтың айтуынша, тұрғындар қалпына келтіру жұмыстарының барысынан хабардар болған жоқ, олармен ешкім түсіндіру жұмыстарын жүргізген жоқ.

- Мұндай сәтте уақтылы ақпарат, сондай-ақ нақты әрі үйлесімді жұмыс және халықпен кері байланыс өте маңызды. Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы білу қажет. Олар туындаған мәселелермен жалғыз қалмайтындарын түсінуі керек. Сондықтан мен Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріповке, оның орынбасары Ержан Салхановқа, сондай-ақ Ақсу әкімдігі аппаратының басшысына сөгіс жариялаймын. Сіздер қойылған міндеттерді орындай алмадыңыздар және сіздерге сеніп тапсырылған қаланың тұрғындарымен байланыс орната алмадыңыздар,-деді облыс басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, облыстық бюджетте төтенше жағдай салдарын жоюға 1 млрд 824,9 млн теңге, Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларының, сондай-ақ Баянауыл мен Павлодар аудандарының бюджеттерінде 752,9 млн теңге қарастырылған.