17 Қаңтар, 2014

Табиғи танымға жүгінген халық емшісі һәм балуан Асқарбек Рахимов туралы бір үзік сыр

1650 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Негізі емшінің ел ішінде жүріп, халыққа шипасын тигізгені құптарлық дүние. Бірақ, осынау асыл қасиеттің қадірін кетіріп жүргендерді естіп, көргенде кейі­меске амалың қалмайды. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген сөзді іштей ұстанып алған сол «емшілер» қит етсе түрлі ұйым­дардың мөрін бадырайта бастырып алған қағаздарын көлденең тартады.

Негізі емшінің ел ішінде жүріп, халыққа шипасын тигізгені құптарлық дүние. Бірақ, осынау асыл қасиеттің қадірін кетіріп жүргендерді естіп, көргенде кейі­меске амалың қалмайды. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген сөзді іштей ұстанып алған сол «емшілер» қит етсе түрлі ұйым­дардың мөрін бадырайта бастырып алған қағаздарын көлденең тартады. Амал нешік. Біле білсек, емшілік екінің бірінің маңдайына жазылмаған қасиет. Уақыт өткен сайын шын емшінің құны арта түсері хақ. Зерделеп отырсаңыз емшілік әр адамға әртүрлі жағдайда беріледі. Шыны керек, кеңестік дәуірде кім халық емшісімін деп ашық айта алды? Тек ішкі түйсігіне сенім артқан жандар ғана тәуекелге бел буып, еш дабырасыз Алланың әмірін орындап жүрді. Оны халық ұғынғандықтан қадірледі. Біздің кейіпкеріміздің де халық емшісі деген аты кеңестік дәуір дүрілдеп тұрған кезінде ел аузына ілініп, «сымсыз телефон» арқылы Қазақстанмен шекаралас жатқан республикаларды айтпағанда Балтық жағалауындағы елдерге жетіп, бірлі-жарым болса да дендеген ауруы шарасыз халге түсірген адамдар арнайы келіп, емделіп, алғаусыз алғыстарын ағытқанына куәміз. Асқарбек Рахи­­мовтың үйінен өмірі кісі үзіл­мегенін көріп өстік. Осы емші­лік қасиет сексеннің сеңгіріне шықса да әлі тың Асқарбек Рахи­мовқа қалай қонды?

...Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдар. Күні бойы тынымсыз жұмыс істеп, кешқұрым тең-тұстарымен астық жабатын кенепті бүркене ұйықтап қалған бала Асқарбекті таңертең «ЗИЛ» маркалы автокөлік тура белінен басып, жамбас сүйегін сындырып өте шығады. Ауруханада ұзақ жатып жарық дүниеге қайта оралған ол аяғын нық баса алмай жамбас пен беломыртқа зардабын екі жыл тартады. Үздіксіз жаттығу, болашаққа сенім артып, үміт үзбеу, еңбектену, талаптану арқасында орнынан тұрып, екі аяғын тең басып ел қатарына қосылады.

Әсілі, қанда бар қасиеттің әйтеуір бір шығатынына Асқарбек Рахимовтың көзі осы оқиғадан кейін жетті. Кеңестік медицина тұрғанда халық емшілігін ойлау ескілікке жүгіну, аңсау, қоғамға жат қылық болып бұрмаланатын. Оның артында комунистер жазасы да дайын тұратыны белгілі еді. Соның бәрін әжесі Тәбия жиып қойып, адамның білек тамырын, саусақтарының ұшын ұстап отырып сырқатының сырын ашып, қазақы ем-домын жасайтын еді. Қалай екені әжесінің емеуріні мен ішкі әлеміндегі бір күш оның да жан дүниесінен үйлесім тауып, халықтық медицинаға ден қойды. Сосын, құдайдың құдіретімен дәрілік күші бар шөптерді зерттеумен айналысып, халықтық фитотерапияны біртіндеп зерделей келе түрлі ауруға рецепт бере бастады. Іле Алатауы бөктерінен, Хантәңірі, Тянь-Шань тауларынан, Шәлкөде, Қарқара, Асы жайлау­ларынан, Шұбартау, Зайсан мен Тарбағатай өңірлерінен, Оңтүстік Қазақстан облысы тауларынан емдік шөптер жинап, кептіріп, тазалап дәрі, бальзам жасап, әуелі өзі ішіп көреді. Жетілдіре келе, шөп тамырынан «Бальзам №1» жасалып тұмауды емдеп, сыныққа, ісікке, басқа да жұқпалы ауруларға қолданады. Сырқаттың құлантаза жазылуына көмегі тиеді. Бальзамды Алматы фармацевтика зертханасында тексертеді. Олар пайдалы деген арнайы куәлік береді. Әрі бір­неше ауруға шипа болатыны да анық­талынады. Бұл қадам оған қуат беріп «Бальзам № 2» жасайды. Емдік қасиеті бар бұл дәрілерге ме­дицина ғылымдарының докторы, фармацевт Кеңесбай Үшбаев пен ресейлік академик А.Никонов тарапынан оң баға берілді.

Ішкі ерік-жігері мықты адамның жеңбейтін қиындығы, аспайтын асуы жоқ екенін Асқар­бек Рахимов өз өмірінде сан мәрте дәлелдеді. Омыртқаға зақым келіп, жамбас сүйегі сынып екі жыл төсек тартып  жат­қан жігіт өзі сұранып әскерге барған. Күндіз-түні жаттығу жасап, еркін күрестен спорт шебері атанады. Осы спорт саласынан 16 рет Қазақстан Республикасының чемпионы болып алтын медаль жеңіп алғаны кезінде мерзімді басылымдар жарыса жазған. Бүгінде шаң басқан мұрағаттарда жатқан құнды деректерді осы мақала авторы да растайды.

Асқарбек Рахимовтың емшілік қасиеті туралы сөз қозғалғанда, медицина аты жаман ауру деп емдеуден бас тартқан дертті ем­деп, ауруынан құлантаза айықтырып жіберген фактілерді тізбелеп шығаруға болады. Басқасын ірке тұрып медицинасы ғаламат дамыған деп саналатын Еуропа дәрігерлері өз қандастарының миындағы ісікті емдеуге дәрменсіздік танытқанда, неміс әйелі Балтық жағалауынан Жетісуға Асқарбек Рахимовты іздеп келеді. Емделіп жазылған соң оны өз еліне шақырып заң шеңберінде Рига қаласынан жеке емхана салып беріп, барлық қажеттілігін өтемек болады. Бірақ жеке бас пайдасы үшін елін, жерін тастап кете алмайтындығын Асқарбек ашық айтыпты. Бүгінде өте қатерлі дерт болып саналатын қан қысымының күрт көтерілуі, мида пайда болған ісік, жүйке жүйесі, жүрек, бүйрек, бауыр, көк бауыр, іштегі қатерлі ісік, трофикалық уытты ойық жара деп тізбеленетін ауруларды емдеп жазғанын жұрттан есту өз алдына, Алматы қаласындағы және Германиядағы диогностикалық орталықтардың ресми түрде тіркегені растай түседі.

Сұңғыла жан алдына келген адамға еш уақытта «жоқ» демейді. Білегін, саусақтарының ұштарын ұзақ уақыт ұстап отырып, үміт отын жағады. Адам көңіліне мұнан артық қандай демеу керек. Жүгініп келген науқасқа бірнеше диагноз қойғанда абдыраған жан емшіден шыға салып диагностикалық орталықтарға барып түрлі аппараттарға түсіп тексеріліп, үлкен, кіші дәреттері мен қан қысымын, тіпті, құрамын тексерте отырып дәрігердің алдына тоқтағанда қорытынды сөз Асқарбек Рахимовтың айт­қа­­нымен дәл келіп жатады. Асқар­бек Рахимовтың тағы бір артықшылығы берген дәрілерін уақытында ішсеңіз ауырған жерге бірден әсер етеді. Ол дәрілер химиялық заттардан емес, табиғи шөптен жасалғанын айту парыз. Бұл өмірден алған ақиқат. Қандай да бір аурудан өзіңді алып шығатын күш адамның сенімі, қажыр-қайраты. Біз бұл арада Асқарбектің тек емшілік жолын айттық. Ал оның шыққан биігі, алған марапаты, мойындалған тұстарын түзу шағын мақаланың еншісіне тимесе керек.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Кеше

Акция аясындағы ауқымды жұмыс

«Таза Қазақстан» • Кеше

Онлайн сайлау жүйесі

Ғалам ғажаптары • Кеше

Қан алатын робот

Ғалам ғажаптары • Кеше

Апаттан аман қалған балалар

Ғалам ғажаптары • Кеше

«Сарығыз» тазы көрмеге барады

Мәдениет • 01 Тамыз, 2025

Даңғыл көпір

Мереке • 01 Тамыз, 2025

Абай тойы басталды

Абай • 01 Тамыз, 2025