Абай • 04 Маусым, 2021

Атымды адам қойған соң...

1908 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.

Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті,

Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме.

                                                        Абай

Ендігі сөзді ақын Абайды шайырларының шұрайлы тілі мен терең ойы еліктірген, рухынан медет сұраған араб-парсы әдеби әлемінен тарқатамыз.

Атымды адам қойған соң...

Арабтар басып өткен жер­лердегі жұрттың отқа, пұтқа та­бынған сенімінен арылтып, мұ­сылман жамағатына айналдырып, тегіс құбылаға қарай бас қой­ғыз­ғанда Арабия түбегінде бір жаратушыны құлай сүйіп, Құдай­дың құлымын деп бойұсынған, Алланың жолында жанын тәрк етуге дайын тақуалардың шағын тобы пайда болады. Оны бүгінгі күнде сәнге айналған «сопылық» сөзімен байланыстырып жібердік. Әрине, бірнеше ғасырлар бойында исламның өзіне соны мағына дарытып, Алланы тануға жаңа леп әкеліп, жүректерге иман нұрын құйған құпия ілімнің мистика­лық мағынасына мән беріп, сонысымен ғана оны тартымды­рақ көреміз. Ал оны адамзаттың ру­хани дамуындағы риялық, та­қуалық, адам атына тән, жараты­лысына жақын ететін жаңа өлшем ретінде қабылдау кейін қалып тұр. Абайша айтқандай:

Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым.

Өзіме өзім жақпадым,

Енді қайда сыя алдым?

Қалап алған көп мінез,

Қалайша қылып тыя алдым?

 

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наз емес...

Ақынның жанына батқан зіл батпан қаралықтан ары­лу­ға ұм­тылуын білдіретін жоғары­да­ғы жолдардың сопылық ілім­мен ұштасып, жүрегін Алла­ның құдіретінің алдында жалаңаш­та­ғандығы емес пе?!

Сопылық – исламдағы мис­ти­калық-тақуалық ағым ретін­де VIII-IX ғасырларда пайда болып, X–XII ғасырларда әріп­тері, ашықтары мен каландары айшықталып кемеліне же­тіп қа­лыптасты. Сопылық мета­фи­зиканың аскетикалық тәжіри­бе­мен үйлесуімен, Құдайды бі­лу­ге мистикалық махаббат ар­қылы біртіндеп жақындау туралы іліммен (интуитивті экста­тика­лық түсініктерде) және онымен біріктірумен сипатталады. Бір ғалымдар сопылықтың анық­тама­сын әріден қайырыпты. Олардың айтуынша, интеллектуалды ағым­дардың жиынтығы ретінде оның қайнар бұлағының да көздері әртүрлі болуы мүмкін. Егер осы сопылықты басқа халықтардың мистикалық ағымдарымен салыстырып, егжей-тегжейлі зерттесек, ортақ ұқсастықтар бар екеніне көз жеткіземіз. Еуропалық зерттеушілер сопылықтың түп-тамырын зороастризм, индуизм, христиандық тақуа монахтардың тәжірибесінен, неоплатонизм философиясынан, тіпті керек болса иудаизмнен де іздеуге болатынын айтады.

Бірақ сыртқы көріністерінің ұқсастығына қарамастан, сопы­лықтың нақты қайнар көзі ислам мен Құран екені әмбеге аян. Басқаша сөзбен айтқанда ислам мен Құран болмағанда біз тілге тиек еткен қосымша факторлар осындай айшықты мәдени құбылыстың пайда болуына әсер ете алмас еді. Ал ұқсастыққа келсек, оның бар­ша адамзатқа ортақ бір қайнар көзі­нің болғанын біл­діреді.

Бұл ағым, тегінде адамдардың өз дәуіріндегі әділетсіздікке, дү­ние­ні жалпағынан билеген би­леуші элитаның алаңсыз өмірі­не, сән-салтанаты мен құдайдан алас­татқызып жатқан бос өміріне на­ра­зылық немесе жиіркеніш ар­қылы пайда болған сияқты. Қа­лай айтқанда да бұл, осы ілім арқылы адам баласының шынайы тазалыққа ұмтылуы. Абайдың ақжарылып айтқан алдыңғы өле­ңінің жалғасы тағы есімізге тү­седі.

Осынша ақымақ болғаным

Көрінгенге қызықтым.

Ғаділетті жүректің

Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін;

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін.

 

Жалмауыздай жалаңдап,

Ар, ұяттан күсіппін.

Қулық пенен сұмдыққа

Құладындай ұшыппын;

«Сіз білесіз» дегенге

Күнге күйіп, пісіппін;

Мақтанбасқа мақтанып,

Деп жүріппін «пысықпын».

Ақынның жүрегінен жарып шыққан ащы сын көкірек көзі ашылып, тартыспен өткен алдамшы өмірдің азабын ұққанындағы аһ ұрғанын білдірмей ме?! Әрине, өзінің бойындағы індетті тану үшін, салыстырып таразылайтын безбені, адамшылықтың өлшемі болуы тиіс. Ол қандай өлшем?

Атымды адам қойған соң,

Қайтіп надан болайын?

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын?! –

деп ақын өз ортасының кемші­лігін дәл тауып тани білгенін көреді. Оның ілім мен білім­мен, ізденіп оқумен келген адами құн­­дылықтардың өлшемін іздеп, хал­­қының да бойын жау­лап алған жамандықты өзі аршып, өзі тазартуға талпынысын Қара сөздерінен көрмейміз ба? «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой де­­мектің бәрі де – ақымақтық» (18 сөз) дей келіп, сол дәуірдегі қазақ­тың дінге қатысын Абай былайша жеткізеді: «Қазақ құл­шылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жы­ғы­лып, тұрып жүрсек болғаны дей­ді. Саудагер несиесін жия кел­генде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дей­тұғыны болушы еді ғой. Құ­дай тағаланы дәл сол сауда­гер­дей қы­ламын дейді. Тілін жат­тық­тырып, дінін тазартып, ойла­нып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың де­месе болады дағы, тілімнің кел­ме­генін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жа­р­атылып па? (16 сөз)

«Сол малды сарып қылып, ғы­лым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қыл­ған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. (10-сөз). Хакімнің айтып отырғаны қай ғылым. Осы орайда Имам Мәліктің: «Кім ға­лым болып, сопыға айналмаса, ол күнә­кар болады. Ал сопылық бо­лып, ғалым болмаған адам адасады. Ғылым мен сопылықты кім бойына сіңіріп жүзеге асырса, ол шынымен Шындықты табады» деген нақылы көңілге қонбай ма? Мәселе сопылықта не ғылымда емес, өмір салтында, ізгілік жолдан, адам атынан тайдырмайтын шарттылықта.

Шайхы Сағди Ширази бір хикметінде сондай ғалым туралы айтқаны біздің ойымызды айшықтай түседі:

Тақуасыз ғалым – жарығы

жоқ шыраққа ұқсар.

Ысырап қылған өмірін іске

пайдасыз,

Ақшасын шашып,

қалған бір жан шайласыз.

Жасыратыны жоқ, ақынның тіліндегі «ғылым» сөзін еуро­цент­ристік көзқарастың ыңғайына жы­ғылып орысша оқы, өнерді де ғылымды да орыстан үйрен деп келдік. Біржақты қарауға ақын­ның 2-ші немесе 25-ші қара сөз­дерінің әсерін жоққа шығаруға болмайды.

Естеріңізге сала кетсек: «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс арт­қан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп. Ноғайды көр­се, оны да боқтап күлуші еді: «тү­йеден қорыққан ноғай, атқа мін­се – шаршап, жаяу жүрсе – демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп.

Орыс ойына келгенін қылады деген... не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» деп.

Сонда мен ойлаушы едім: Ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.

Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрме­ген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жау­ласпайды! Орысқа қарамай тұр­ғанда қазақтың өлісінің ахи­реттігін, тірісінің киімін сол жет­кізіп тұрды. Әке балаға қимай­тұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, еп­тілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедей­лікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар бі­леді, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына, құзғын та­м­ағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық қазақ», – деп үйінен қуып шығарады. Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?»

Мұнда қазақты өзге ұлттар­мен салыстырып қарасақ, мына сөзінде: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қа­шық болу, пайдасына ортақ болуға ті­лін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің ті­лін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырыны­нан бір қаққанға сатады. Тек ма­йордың күлгені керек деп, к...і ашыл­са да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт біл­генді біліп, халық қатарына қо­сылудың қамын жейік деп ниет­теніп үйрену керек. Қазір де орыс­тан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр».

«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,

Түбін ойлап, уайым жеп

айтқанмын.

Ақылдылар арланып

ұялған соң,

Ойланып түзеле ме

деп айтқанмын».

«Жұртым-ай, шалқақтамай сөз­ге түсін» деген Абайды ұға алмадық. Осылайша, дәл сол тұс­тағы өзі жасап жатқан қыр ба­ла­сының қоңырқай тірлі­гін­дегі түбегейлі өзгерістер, өркениет­тердің бетпе-бет келіп, жаңа қо­ғамдық сатыға ауысқан сәттегі аң­тарылған жұртының басына түс­кен күрделі кезеңге қаратып айтқан «қап» дегенін қағып алып, Абайды өз топырағы шығысынан бұрып алып, тамырын жая алмайтын қу тақырға отырғызып қойды. Ақыннан қалған 45 қара сөзінің осы жолдары ақын мұрасын басқа арнаға салып жіберді. Құнарынан жұлып алып қу тақырға еккен ағаш­тың жапырағы жайқалып шынарға айналмасын кейін біліп сезіндік. Бесіктегі баланың тілі орысша шығып, қаны тартпайтын бөтен жұрт өсіп шықты. Орыс та емес, қазақ та емес. Ақын мұрасын түсінудегі бағытынан айырудың нәтижесінде ойшылдық құдығының қауғасын үзіп, салқын суын сарқып ішіп, мөлдіріне мейір қандыратын мүмкіндіктен айырылып қалдық. Қауғаны қайта жалғайтын күш бар ма?!

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз...

Міне, ақынның пайымындағы ғылым. Барша адамзатқа ортақ құндылық. Адамды болмысынан ажырататын бес жамандық, адам келбетін жоғалтпаймын де­­­генге жарасар бес асыл іс. Өлең­­­нің ақырғы жолдарында «Мұ­ны жазған білген құл – Ғұ­ла­­маһи Дауани» дейді. Ол кім? Күні кешеге дейін мектеп бағдар­лама­сында өлеңнің осы жолынан аттап кетіп, атын ауызға алып ешкім түсіндірген емес, Ақынның шығысына қиянаттың басы осы емес пе?!

«Солай депті ол шыншыл» деп баға берген Абаймен қатыстылы­ғы болған себепті Мекемтас Мыр­захметұлы Ғұламаһи Дауани туралы мақала жазып, алғаш рет қазақ оқырмандарына бертінде, тоқсаныншы жылдары жеткіз­ді. Ал ақынның 175-жылдығын­да шығарған шығыстану­шы-ға­­лым Ислам Жеменейдің «Абай Құнанбайұлының шығар­ма­сын­­дағы түркі-парсы ақында­ры (шы­ғыстық дүниетаным) кіта­бын­да Дауани туралы барын­ша мол дерек берілді. Осы екі мақаланың негізінде ХІ ға­сырда Хорасанда дүниеге келген Дауанидің ғұ­мыр­­баянына қысқаша шолу жасап кетелік. Оның шын есімі – Дже­лал-д-Дин-Мухаммед бен-Асхад ус-Садики ал-Дауани. Ол 1426 жылы Хорасандағы Ка­зе­рун (қазіргі Иранның батыс жағы) уалаятына қатысты Дауа­ни қыстағында дүниеге келген. 1502 жылы Шираз қаласында қайтыс болған. Әкесі мәулана Сә­дед­дин Әсһәд діндар, білімді, бе­делді болған. Оның ататегі мұ­сыл­мандардың бірінші халифасы Әбубәкір Сыдықтың баласы Мұхаммед Әбубәкірұлынан тарайды.

Дауани білімді Шираз қала­сында алған. Ол әсіресе, медреседе фикхпен (мұсылман правосы), яғни юриспруденциямен көбірек шұғылданады. Фикх ғылымына жетік болып шығуы себепті Пар­сы уалаятына бас қазы болып та­ға­йындалады. Кейін ғылым жо­лына біржола түсуі себепті, қа­зы­лық қызметін тоқтатқан. Ши­раз­дағы атақты медреселердің бірінде мүддәрисшілдікке (про­фессорлық) ауысып, ұстаздық жо­лына түседі.

Осы екі аралықта Шираз қа­ла­­­сының әмірі Жүсіп Жаһан­шаһ­ұлының сарайында уәзірі болады. Дауанидің кәләм, хикмет, тәпсір, хадис, сопылық, поэзия, әдебиет, астрономия, логика, гео­метрия, биология салалары бо­йынша жазған еңбектері ғалым­дардың назарын аударады.

Англияның Британия музе­йінің 1922 жылы шығарған пар­сы тіліндегі еңбектердің аса кө­лемді библиографиясында Ғұ­ла­маһи Дауанидің оннан астам еңбектерінің аты аталады. Ал атақ­ты ғалым Табризидің мә­лі­­меттері бойынша, Ғұламаһи Да­уани артына жүзден астам ең­­бек қалдырған. Ғұлама мұра­сы­ның ауқымын Ислам Жеме­ней өз еңбегінде нақтылап көр­се­теді: «Дауанидің парсы, араб тіл­де­рін­дегі философиялық ең­бек­­тері, қарапайым, түсінікті тіл­мен түрлі тақырыптарға жазған шы­ғармалары өзі өмір сүрген за­ма­нында да, одан кейін де мектеп-медреселерде оқулық ретін­де пайдаланып келді. Зерттеуші Риза Пур Жавадидың айтуынша: Дауанидің әртүрлі тақырыптар­ға жазған кітаптарының саны 106-ға жетеді. Оның ішінде: фило­софияға – он жеті, кәләмға – он төрт, сопылыққа – он төрт, логи­каға – он үш, тәпсірге – он, мо­раль мен саясатқа – сегіз, фикһ­қа жеті кітап жазған. Дауанидің ақын­­дығы, көптеген өлең-жыр жа­зып қалдырғаны өз алдына бө­лек әңгіме».

Ғұламаһи Дауанидың ең мол тараған әрі көп тілдерге ауда­рыл­­ған атақты еңбектерінің бірі – «Жалали этикасы» (Ахлаки Жа­­лали). Бұл еңбек парсы тілін­­де жазылған, Үндістанда лито­гра­фиялық әдіспен бірнеше рет жарық көреді. Еуропада алғаш рет ағылшын тілінде 1839 жылы В.Ф.Томпсонның аударуымен «Мұсылмандардың практикалық философиясы» деген атпен ба­сыл­ған. Ал Ресейде бұл еңбек 1916 жылдан бастап пайда бола бас­таған. Сондықтан да Абай Да­уани еңбектерін парсы тіліндегі түп­нұсқадан оқып білген деуге келеді.

 Ислам Жеменейдің Ғұламаһи Дауани туралы мақаласын оқып отырып, бірнеше ғасыр өтсе де сол шырақтың сәулесін сезініп, асқан құштарлықпен ғылымға бой ұрған ақынның жүрек тебіренісін сезіндім.

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз.

Дүние де өзі мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Екі ғұламаның өмір жолы мен ұстанымын байланыстыра зерттеп берген Ислам Жеменей: «Жалал Дауанидің дүниетанымындағы тағы бір ерекшелігі – ол сопылыққа қаншалықты іңкәр болғанымен, дүниеәуи өмірден қол үзбеген» деп тұжырымдайды. Жеменей ағамыз талдап көрсеткендей, Дауани ислам қағидаттарындағы «қанағат, «еркіндік» және «ағайын-туыс­тарға игілік жасаудың» негіз­дерін экономикалық тұрғыдан қарастырғанын айтады. Абайдың да ғылым-білім, ағайындар ара­сындағы қарым-қатынасқа қа­тыс­ты өлеңдерінің арқауын орта­ғасырлық Дауанидің үлгі­сінде алып, соның пайымымен үн­дестіре келе, өзінің өлеңімен де, қара сөздері арқылы да Дауа­ни­мен сырласып, ғалымға мұ­ңын айтып жырлағандай әсер қал­дырады. «Алтын шыққан жер­ді белден қаз» демекші Ислам Же­меней ағамызға Дауани еңбек­терін парсыдан аударып қазақ оқыр­мандарына жеткізсе де­ген тіле­гіміз бар. «Ахлаки Жалали» қазақша сөйлесе Абай мұрасы­ның да ажары шырайланып, оқырмандарымызға барлық қы­ры­мен жақындай түсер еді.

Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға.

Екі көзің аларып,

Құр қарайсың аспанға.

 

Бір ғылымнан басқаның

Бәрі кесел асқанға.

Өйткен адам жолығар

Кешікпей-ақ, тосқанға.

 Қалай дегенде де Абайдың дүниетанымымызда айтарлықтай із қалдырып, даналықтың дәне­гін ақын көкірегінде көркейте білген Джелал-д-Дин-Мухаммед бен-Ас­хад ус-Садики ал-Дауа­нидың мұрасы екені даусыз. Әсіресе, Абайдың ілім-ғылым жө­ніндегі ой-толғамдары Дауани шы­ғармаларымен ұштасып, сол үл­гіде ел-жұртына өсиет айтып, тура жолды меңзей білді. 

 

Амангелді Кеңшілікұлы