Руханият • 02 Маусым, 2021

Ұмытылмас тұлғалар

534 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Түймебай мен Тұтқабай Әшімбаевтар – менің туған нағашыларым. Ғұмырымдағы ең жақын адамдарымның бірі болған Түймебай Әшімбайұлымен емен-жарқын, ұзаққа созылатын әңгімелерден менің жадымда оның тұлғалы, қамқор, сезімтал және қашанда айналасындағыларға көңіл бөліп жүретін ерекше кісілік қасиеті қалды.

Ұмытылмас тұлғалар

Түймебай

Түймебай Әшімбайұлы басына түс­кен барлық ауырпалықты еңсесін тік ұстап жүріп еңсерді және бойындағы мейі­рімділік пен батылдық сияқты асыл қасиетінен айнымады. Аз уақыт ішінде ғылыми жұмыстың бар қиындығын бастан кешіп, 1967 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Ғылыми жұмысқа оппонент болған белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы П.Г.Бунич қорғаудан кейін өзара әңгіме барысында: «Түймебай Әшімбайұлы қандай батыл адам! Жолында тап бол­ған қаншама қиындыққа қарамастан, доктор­лық диссертациясын тамаша қор­ға­ғанына куә болдық» деген-ді. Ака­­демиктің ең бас­ты ерекшелігі – еңбек­қорлығы еді. Ол ғылымға риясыз беріл­ген адам болатын.

1994 жылдың соңында жарық көрген «Қазақстан экономикасы нарық жолында. Тенденция және толғам» атты ең­бегінде 1965 жылдан 1994 жылдың орта­сына дейінгі кезеңдегі КСРО мен Қазақстандағы экономикалық реформалар барысының нәтижелерін жинақтады. КСРО-ның ауқымды тарихы аясындағы көлемді әрі нақты материалы негізінде Т.Әшімбаев радикалды реформаның оң да, теріс те жақтарын көрсетеді, Қазақ­стан өнеркәсібіндегі өндірістің құл­дырау себептерін ашады және Қазақ­стан өзінің экономикалық саясатын Ха­лықаралық валюта қорымен емес, Ресеймен құруы тиіс деген ойды баса көрсете отырып, өркениетті нарыққа көшудің түйінді проблемаларына өзінің ғылыми көзқарасын білдіреді. Бұл кез­де Қазақстан Республикасының Министр­лер кабинеті көбіне ХВҚ ұсыным­дарын негізге алды, бұл елімізді жіті қам­қорлыққа алып, түрлі нұсқаулар, кеңес­тер бере бастаған-ды, оның басым бөлігі республиканың ерекшеліктеріне сай келмеді. Біз Т.Әшімбаевтың еңбек­теріне жүгінген кезде оның ғылыми бол­жа­мының маңызын әлдеқайда жақсы түсінеміз.

Өте еңбекқор Түймебай Әшімбайұлы өзі әңгімелескен адамдардың идеяларына мұқият мән беретін. Тұшымды ойға әрдайым қолдау білдірді, алайда бірнеше іске бірден кірісуге ыңғай бермейтін еді.

Түймебай Әшімбайұлы менің зерт­теу­лерімнің бағытын ғылыми тұрғы­дан анықтауға, ресурс үнемдеу, екінші энергетикалық ресурстар және экология мәселелеріне назар аударуыма ықпал етті. Ғалымның кеңесімен жыл­дар бойы осы мәселелерді зерттеп келе­мін. Түймебай Әшімбайұлына деген құрметім, алғысым шексіз. Ол менің өзім­ді табуыма, ғылымнан жол табуы­ма көмектесті.

Т.Әшімбаев ұзақ уақыт бойы Қазақ­стан Ғылым академиясының Эконо­мика институтын басқарды. Қазақ­стан, Орталық Азия және Кавказ рес­публикаларының экономикасы не­гізінде кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес құрды, оның төрағасы болды. Елге кеңінен танымал ірі ғалым ретінде жоғары білікті ғалымдарды даярлауға көп күш-қуатын жұмсады. Таланты, еңбекқорлығы мен мейірімділігі үшін оны студенттер жақсы көрді, құрметтеді.

Кеңес Одағының Батыры, КСРО Мемлекеттік банкінің басқарма төраға­сы Владимир Алхимов онымен дос болғанын мақтан тұтты. Бел­гілі ресейлік ақын Михаил Дудин соғыс жыл­дары майдандағы «На страже Родины» газетімен тығыз байланыс­та болды. Оның 1982 жылы Түймебай Әшімбайұлына «Қоршаудағы Ленин­градтан естелік. Шын жүректен. М.Дудин» деген жазбасымен сыйға тарт­қан өлеңдер кітабы сақталған. «На страже Родины» округтік майдан газетінің редакторы Максим Гордон өзінің «Невский, 2. Майдан газеті редак­торының хаттары» кітабында: «Қым­батты майдандасым, солдат, журналист, Ленинград қорғаушысы, осы кітап­тың кейіпкерлерінің бірі Түймебай Әшімбаевқа шын көңілден, шын жүрек­тен» деген жазбасын қалдырған.

Иә, барлық жоспарды тұтқындау құртты. Әлдекім НКВД-ға әлдеқандай сөз тасыды. Бәлкім, ол жай ғана келісті, та­лантты кісінің, орден иегерінің ба­ғын қызғанды. Бір кездері Даниил Гранин сталиндік репрессияны есірткіге тәуелділікпен салыстырғаны бар еді. Жаңадан тағысын тағы әшкерелеулер, кезекті жауларды іздеу қажет болды.

ГУЛАГ архипелагы... Жүйе зиялы қауымды, техникалық және шығарма­шылық интеллигенцияны, басшылар мен қарапайым азаматтарды «жұтып» жіберді. Әрине, кереғарлық, бірақ 6 жыл лагерьде болғаннан кейін Тәкең бас­тан кешкендерін ізгі сезімдер мектебі ре­тінде еске алды...

Бірде осы жөнінде сөйлестім. Ол өзі­мен бірге қамауда отырған білімі терең, тәжі­рибесі мол, адамгершілігі биік адам­дар туралы айтты. Түймебай Әшім­байұлы лагерьде Байронның аудар­машысы, ақын Татьяна Григорьевна Гнедичпен кездесті («Дон Жуан» аудар­ма­сының басым бөлі­гін ол лагерьде жасағаны белгілі). Кейін ұзақ жылдар бойы онымен хабарласып тұрды.

70-жылдары «На страже Родины» газетінің орысша нұсқасының редакторы Максим Гордон оған «Ленинград ісі» бо­йынша он жыл Карлагта отырғанын жазды. Ол да репрессияға ұшырады.

Түймебайдың тұтқындалуы інісі Тұт­­­қабайдың тағдырына ықпал етті. Ол ал­ғашқы күннен бастап Балтық маңы май­данында соғысып, Қызыл Жұлдыз ор­денімен марапатталды. Кенигсберг ша­буылына қатысып, жеңістен кейін қала комендантының орынбасары болды. Бірақ ағасына үкім шыққаны белгілі болып, Тұтқабай қызметінен босатылды.

Майдан газетінің сақталып қалған сан­дарының материалдары бойынша Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің ректоры, профессор Мұх­тар Төлегеннің қолдауымен 500 дана таралыммен 648 беттен тұратын «Отанды қорғауда. 1942-1945» кітабын шығаруға мүмкіндік туды. Баспаға әзірлеушілер – «Тұран» университетінің ректоры, профессор Рахман Алшанов және осы жолдардың авторы. Басылымға газеттің 1 200 парағы және 600 фотосурет кірді, онда тағдыры Ұлы Отан соғысымен байланыс­ты көптеген адам туралы баяндалады.

Ленинградты қорғауға қатысқан, гвар­­­­­­дия­ның қатардағы жауынгері Зай­рол­­­ла Нығматулиннің 1943 жылы 3 қыркүйекте Ленинград майданы­ның «На страже Родины» қызыл әскер газетінде қоршаудағы қаланың ауыр тіршілігі жөнінде мақаласы шықты.

«Зайролла Нығматулин – кішкентай бойлы жас жауынгер, жақында жиырма жасқа толды. Жасына қарамастан ол – бөлімшенің батыры, тәжірибелі жауынгер. Зайролла Нығматулин 1932 жылы жетім қалып, 7 жасынан балалар үйіне қабыл­данып, сонда тәрбиеленді. Отан соғысы алдында ол зауыт училищесін бітірді. Бірақ соғыс басталғанда басқа қазақ ер-азаматтары сияқты туған елін қорғау үшін соғысқа аттанды. Әскерде ол минер мамандығын игерді. Бұл – оңай мамандық емес. Минер миналарды жаудың жанына, жолына және майданның алдыңғы шебіне қояды. Минер – жаудың миналарын залалсыздандырып, біздің әскерлерге жол ашады. Минер өзінің әскери міндетін жаңбырша төгілген жау оқтарының астында орындайды. Қазір Зайролла үздік минер, командалық тапсырмаларды тапқырлықпен, шеберлікпен және ерлікпен орындайды. Немістер мен қызыл әскер арасындағы бір ұрыста Нығматулин ерекше көзге түсті. Ол жау әскерінің ортасына кіріп, 15-тен аса фашисті жойды. Сондай-ақ Нығ­матулин бөлімше бастығының жау тылына өтуін және арнайы маңыз­ды тап­сырмасын орындады. Бұл Нығматулиннен тапқырлықты, батырлықты және табандылықты талап етті. Қазақ хал­қының ержүрек ұлы жоғарғы қолбас­шылықтың бұйрығын абыроймен орындады, ол граната мен пулеметтің оғын қол­дана отырып, адамдарымен бірге жау пу­леметін жойды. Нығматулин қыз­мет еткен әскери есепте жаудың екі пуле­меті, бірнеше жеңісті барлау жойылды.

Жолдас Сталиннің бұйрықтарына біз жаңа әскери істермен жауап береміз және Ленинград маңындағы немістерді жеңу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Жақында қолбасшылық қызыл әскер жауынгері Зайролла Нығматулинді екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттады. Лейтенант М. Әмірбаев», деп жазды ол жөнінде.

Ленинградты қорғауға қатысқанның бірі Зияда Молдахметов болды, ол ауыр жарақатынан кейін туған жері Солтүстік Қазақстанға оралған. Онда ол бес баланы тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы – академик Еренғайып Шайхутдинов 20 жылдан аса Қазақ политехникалық институтын (ҚазҰТУ) басқарды. Екін­ші ұлы Зейнолла Молдахметов академик атанып, алдымен Шымкент тех­ни­калық университетін, содан кейін Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін басқарды.

Мәулен Ғазалиев өзінің әскери жолын басынан аяғына дейін соғыста өт­керген. Азат ету ұрыстарына қатысқан М.Ғазалиев бұл жорықты Берлинде аяқтап, Рейхстаг қабырғасында тегін пышақпен қашап жазып қалдырды. Шамасы, мұны жерлестеріміздің біразы жасады. Мұны біз еш жерде жарияланымдарда кездестірмедік. Соғыстан кейін ол Қарағанды қаласында білім бөлімінің, Молотов атындағы жетімдерге арналған №2 қазақ мектеп-интернатының (қазіргі Нұрмақов мектебі), №10 жұмысшы жастар мектебінің басшысы болып жұмыс істеді. 1961 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі деген жоғары атаққа ие болды.

Мына бір жағдай есіме түсіп отыр. Алматы қаласы күндерінің бірінде Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев драма театрындағы салтанатты жиында Академия залында отырған Әшімбаевты көріп қалды. Оның жанында атақты композитор Нұрғиса Тілендиев отырған еді. Президент төралқа үстелінен тұрды да, сахнадан түсті. Сөйтіп, Т.Әшімбаевқа жақындап, ыс­тық ықыласпен амандасты. Оны өзімен бірге төралқа үстеліне бастап әкелді де, дәл қасынан орын ұсынды. Бұл дүйім жұрттың алдында ғалымға көрсетілген ерекше құрмет еді. Және құрмет болғанда қандай?!

Түймебай Әшімбайұлы ғылымға 40-тан асқан шағында келді. Ол бір минут­тың өзін зая кетірмей, ерекше шабытпен жұмыс істеді. Қазақстанда экономика ғылымының негізін Әлихан Бөкейханның, Смағұл Сәдуақасовтың еңбектері қалады десек, Түймебай Әшімбайұлы саңлақтар салған сара жолды үш онжылдық өткеннен кейін жалғастырды.

Т.Әшімбаев АҚШ, Канада, Үндістан, Жапонияға барған Қазақстан делегациясын басқарды. Оның жұмысын Нобель сыйлығының лауреаты Леонид Канторович, Тигран Хачатуров, Леонид Абалкин, Павел Бунич секілді алыптар жоғары бағалады. Қазақстан Ғылым Академиясының Орталық ғимаратында академик Қаныш Сәтбаевтың бюс­тіне жақын жерден Т.Әшімбаевқа мемо­риалдық тақта орнатылды.

 

Тұтқабай

Қазақстанның белгілі партия, мемлекет және қоғам қайраткері Тұтқабай Әшімбаевтың менің өмірімде алар орны ерекше. 1969-1971 жылдары Т.Әшім­баев Қазақ КСР Ауыр индус­трия кәсіпорындары құрылысы ми­нистрі­нің орынбасары болды. Оның өмі­ріндегі жаңа жауапты кезең 1971 жылғы тамызда басталды. Бұл кезде ол республиканың және Кеңес Одағының жетекші индустриялық орталықтарының бірі Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған болатын. Ол мұның алдында ғана жұбайы Найла Зәкірқызымен бірге Қаскелең қаласында тұратын ата-анама келген еді. Оның шығыстағы жауапты қызметке бара жатқаны да сол кезде белгілі болған-ды.

Оқуды тәмамдап, дипломды енді алған кезім. Тұтқабай Әшімбайұлы өзімен бірге Шығыс Қазақстан облысына баруға ұсыныс жасады Ол осында екі жылға жуық уақыт облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс істеді. Мен де оның жанында болып, қызметке араластым. Жарты ғасыр өтсе де, онымен бірге жұмыс іс­теген адамдар Тұтқабай Әшімбайұлын ұстанымын анық білдіретін, кейде көз­қарасы облыстық комитеттің бірінші хатшысының өзімен түйіспей қалса да, дегенінен таймайтын табанды тұлға ретінде естерінде сақтап келеді. Бірінші хатшы Протозановтың беделі аспандап тұрса да, обком бюросының мүшелері Әшімбаевтың пікірін жиі қолдайтын.

1973 жылы Түймебай Әшімбайұлы маған Тұтқабай аға жаңадан құрылған Маңғыстау облысына тағайындалғанда Д.А.Қонаевпен жеке кездескенін айтты. Сонда Димекең: «Маңғыстауда кілең адай, жерінің асты – мұнай, көгінде – құдай, ал басшысы – Тұтқабай» деп қалжыңдаған екен.

Тұтқабай Әшімбайұлы өте белсенді, жігерлі адам еді. Беделі де биік еді. Біз, туыс­тар, онымен мақтанатынбыз. Көп адамға көмегі тиді. Өмірден ерте кеткені өзекті өртейді, әттең...

Түймебай мен Тұтқабай Әшімбаев­тардың буыны көптеген қиындықты еңсерді. Өмір оларды шыдамды болуға үйретті. Кейде олар бір емес, бірнеше өмірдің иесі секілді боп көрінеді.

Тұтқабай Әшімбайұлы 1973 жылдан 1980 жылға дейін жеті жыл бойы Маңғыстау облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы болды. Мұн­да ол үлкен ұйымдастырушылық қабі­летін көрсетті. Еңбекшілердің, облыс тұр­ғындарының арасында беделі өсіп, құрметке ие болды. Бір жағынан Тұтқа­бай Әшімбайұлының жаңа ғана құрыл­ған облыстың бірінші басшысы ретінде бұқараның есінде қалуы заңдылық та.

Маңғыстауда жұмыс істеген жылдары Тұтқабай Әшімбаев Октябрь революциясы және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Екі рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Тұтқабай Әшімбайұлы 1983 жылы 63 жасында дүниеден озды. Облыстың бірінші басшысы маңғыстаулықтардың есінде мәңгілікке сақталды. Тұтқабай Әшімбайұлының есімі Ақтау қаласын­дағы №11 мектепке берілді. Оның ауласына бюсті орнатылып, ішінде мұражай ашылды.

1991 жылдың наурызында жақын туыстары мен достарының қатысуымен Тұтқабай Әшімбайұлының 70 жылдығы ту­ған жері Ботаборда аталып өтілді. Мұн­да да жергілікті орта мектепке Тұт­қа­бай Әшімбаевтың есімі берілді.

Шығыс Қазақстаннан Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ауысқан Тұтқабай Әшім­байұлы мені есінен шығарған емес. Кейде кешкісін қоңырау соғып, немен айналысып жүргенімді сұрайтын, қала мен облыстың жетістіктеріне қызығу­шылық танытатын.

Ол менің кандидаттық диссертациям­ның аяқталуға таяу екенін, 1981 жылы нау­рызда Мәскеуде жұмысымның ал­дын ала қорғалуы өтетінін білді. 1981 жылдың ақпан айының соңында Мәс­кеуге келдім. Жатақханаға орналастым. Осы уақытта Мәскеуде КОКП XXVI съезі өтті. Тұтқабай Әшімбайұлы съезге делегат ретінде келді. Кремльге жақын орналасқан «Москва» қонақ үйіне тұрақтады. Оған хабарласып едім, өзіне шақырды. Келген соң оған институт белгісіз себептермен диссертациямды 1981 жылдың күзіне ауыстырғанын және мұның жағдайды күрделендіре түсетінін айттым. Жанашыр Тұтқабай Әшімбайұлы: «Саған шын мәнінде көмектесіп, зиян тигізбеу үшін тәжі­рибелі жолдасыммен ақылдасу керек», деді. Ол мені көрші бөлмеге ертіп апар­ды. Оған Свердлов облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы Борис Николаевич Ельцин тоқтаған екен. Ол бізді достық пейілмен қарсы алды. Тұт­қабай Әшімбайұлын мұқият тыңдады. «Егер балаларымыз оқуға ұмтылып тұрса, неліктен дер кезінде көмектеспеске»,  деді Борис Николаевич. Ол әлдекімге қоңырау шалып, диссертацияны қорғауды кейінге шегеру аспиранттың барлық жоспарын жоққа шығаратынын айтты. Қайтадан кері қайтып, мазасыз күндер мен түндерді бас­тан өткеруі тиіс екенін алға тартты. Ал оның бұлай жүруге жағдайы жоқ, уақыты да шамалы. Өйткені жауапты жұмысы, бала-шағасы бар. 

Келіссөздердің нәтижесінде диссер­та­циямның алдын ала қорғау мерзімі өз­геріссіз қалды. Күтпеген жерден Тұт­қабай Әшімбайұлының өтініші бойынша маған Ресейдің болашақ Президенті Борис Николаевич Ельцин көп көмек­тесті. Осылайша, 1981 жылы 24 нау­рызда Мәскеу қаржы институтында «Түсті металлургия кәсіпорындарында қай­талама энергия ресурстарын пайдалану мәселелері» тақы­рыбындағы дис­сертациямның нәти­желері туралы баян­дауға мүмкіндік алдым.

Тұтқабай Әшімбайұлы кейіннен Алма­тыда жұмыс істеген кезде де мені ұмытқан емес. Рухы зор ағаның ықы­лас-пейілі туыс­тарына да, доста­рына да, бейтаныс адам­дарға да жеткілікті еді. Маңғыстауға алғаш келгенімде жергілікті ақсақалдар көп жыл бұрын кіш­кентай Тұтқабайды Ысты руының ақсақалдарына қалай тәрбиелеуге бер­гендерін айтқан болатын. Міне, сол жерде жақсы білім алған Тұтқабай олар­ға обкомның бірінші хатшысы болып оралды. Мен жергілікті адамдардың әзіл-шындығы аралас бұл әңгімесіне түсініс­тікпен қарадым. Оның дауысы да керемет еді. Ташкент кіші командирлер училищесінде оқып жүрген кезінде оған украин әндерін үйреткен екен. Мәскеудегі конгрестер кезінде Украинадан келген делегаттардың оған ән айтуды өтініп, қиылып қолқа салатыны да сондықтан.

Шығыс Қазақстанда жұмыс істеген жылдары Тұтқабай Әшімбайұлын көбі қонаққа шақыратын. Ағаның үйінен де қонақ үзілмейтін. Еңбекақысы аса көп емес еді. Ал шығыны шаш-етектен болатын. Тіпті менен қарыз алған кездері де болды. Ол кезде бойдақпын, жалақым бір басыма ағыл-тегіл жетеді. Кейін қарызды уақтылы қайтаратын. Қолында билігі бола тұра Тұтқабай Әшімбайұлы оны жеке мүддесіне пайдаланған емес. Пайдаланса, менен қарыз сұрап, бір жалақыға қарап отырмас еді ғой.

Тұтқабай аға Текеліде қалалық коми­теттің бірінші хатшысы болып жұмыс іс­теген уақытта шешем екеуіміз оған жиі қонаққа баратынбыз. Дәмді етіп картоп пісіріп, балық сорпасын ұсынатын. Енді бірде Өмірбай ағаның қоныс аударуына қолғабыс жасадық. Тұтқабай Әшімбайұлы бізге өз «Волгасын» ұсынды. Әлгі көлікпен жол апатына ұшырадық. Бірақ бұған бола ашу шақырып, қаһарын төккен жоқ. Ол біздің тірі қалғанымыздың өзі үлкен олжа екенін айтты.

1976 жылдың қысында Тұтқабай Әшім­байұлы КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты ретінде Жапонияға делегация­ны бастап баруы керек еді. Бірақ бұл уақытта әкем Сүлеймен Әлімбетов дүние салды. Осыған байланысты Тұтқабай Әшімбайұлы Жапонияға сапарын кейінге ысырып, Қаскелеңге келді. Әкемді көп­пен бірге соңғы сапарға шығарып салды. Ауа райы қаһарына мініп тұрған шақ еді. Үйдегі көмірдің де түбі көріне бастаған. Осыны байқаған Тұтқабай аға өз ақшасына бір «КамАЗ» толы көмірді сатып алып, төгіп берді. Оның әкеме деген ерекше құрметін осыдан-ақ аңғаруға болады. Әкем кезінде олардың отбасына көмектескен екен. Енді ол бізге жәрдемдесіп жатыр.

Ол өте қарапайым еді. Қолынан келсе көмектесетін, ақыл-кеңесін аямайтын, жағдайды реттеудің тиімді тетіктерін ұсынатын, әр нәрсенің себебін мұқият түсіндіретін. Оның терісіне сыймай теңселіп жүргенін де, ашу шақырып алара қарап отырғанын да көрмеппін. Ол адамдық қалпынан айныған емес. Әдемі әзілі де өзіне ерекше жарасатын.

Түймебай мен Тұтқабай Әшімбаевтар менің жүрегімде дәл осылай сақталып қалды.

 

Үсен ӘЛІМБЕТОВ,

экономика ғылымдарының докторы,

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры