07 Сәуір, 2010

“ХАБАР” ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ЛОНДОНДАҒЫ ӨКІЛІ

542 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Республикамыздағы аса ірі “Хабар” агенттігінің жаңалықтарын босатпай көретін қауым көп жылдардан бері оның мәскеулік тілшісі Бэла Құдайбергеновамен тамаша сюжеттері және репортаждары арқылы жақсы таныс. Орыстың нелер бір мықты, азуын айға білеген саясат, экономика, мәдениет қайраткерлерімен тең дәрежеде сөй­лесіп, аспай-саспай қасқайып қарап отыратын, шұқшиып сұрақтар беретін, кей-кейде састырып сөйлетіп, сөзінің сөлін сығып алатын осы қазақ қызы кім болды екен деген сұрақ көрермендерді талай ойлан­дырған шығар. Қазір орыс тілінде сөйлейтін қазаққа ешкім таң қалмайды ғой, бірақ тіл бар да, діл, ой, өріс деген бар емес пе. Терең ойың, толғақты пікірің, қала берді жанашыр жүрегің, намысты рухың болмаса құр сайраған тілмен жұртты қызықтыратын, әсіресе қазақтың құлағын елең еткізе алатын хабар жасай алмайсың. Бэлада осы қасиеттер мол екенін көріп жүретінбіз. Мәртебелі халқын мәртебелі дәрежесінде көрсетіп жүрген осы қыз дәу де бол­са бір текті атаның ұрпағы шығар-ау деп өзіміз де ойлайтын едік. Сабақты ине сәтімен дегендей, жуырда, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қа­нат Саудабаевтың АҚШ-қа барған ресми сапарын ақпараттық жағынан қам­тамасыз етуге барғанымызда Бэламен сапарлас болып, әңгімелесудің сәті түсе кетті. – Мен Ресейдің Астрахань облысында туып, 12 жасымнан Мәскеуде өстім. Соңғы кезде отбасымызбен Лондонға ауыстық, мұнда да мен “Хабар” агенттігінің өкілдігін аштым. Жалпы, ағайын-туысқандарымыз Астрахань мен Қазақстанның батыс облыстарында тұрады. Жасымда әжемнің бауырында болғандықтан ана тілімді де бір кісідей білемін және оны өзімнің бір бақытым деп есептеймін. Астрахань облысында кавказдықтар көп тұрады ғой, солардың ішінде көршілеріміз черкестер болып, менің есімімді “Бэла” деп солардың құрметіне қойған екен. Ата-анам Мәскеуге оқуға келіп, ғылыммен айналысып, сонда қалып қойған. Өзім Мәскеу мемлекеттік университетінің филфагын бітірдім, кейін социо­­логия факультетінің аспира­нтурасын тауыстым. Осы ғылым саласы бойынша канди­даттық ди­сер­тация да қорға­дым. Мақ­тана қоятын­дай үлкен же­тістігім жоқ деп ойлаймын, менің карьерам да кәдімгі көп журна­лис­тердің бірінікі сияқты болып қалыптасты. – Журналистік қада­мы­ңыз қайда басталды? – Алдымен Ресейдің “ОРТ” каналында редактор болып қызмет ете бастадым. Сосын “МИР” телеком­па­ниясына тележүргізуші бо­лып бардым. Одан халық­аралық қатынастар жөніндегі бөлімнің бастығы етіп ауыс­тырды. Сонда жүріп “Фе­никс” атты Гонконгтың те­лекорпорация мамандары көзі­не түстім. Бұл атақты теле­магнат М.Мэр­доктың азия­лық жобасы болатын. Олар Мәскеу­де өзінің бюросын ашатын болды да мені сонда шеф­бюро, яғни соның бастығы болуға шақырды. Осы қызметті тура үш жыл атқардым. Одан кейін бір сәтті жағдай туа қалып, Американың Ноттердам университетіне түсіп кеттім. Әрі тіл үйрену, әрі халықаралық биік деңгейге шығу үшін оқу керек қой. Сондықтан сәтті жағдайды құр жібермей, бәрін тастап екі жылға АҚШ-тың озық университеттерінің біріне нартәуекел деп аттандым да кеттім. Бірақ онда мен журналис­тикамен де, социологиямен де емес, маркетинг және жарнама мәселесімен айналысатын оқуда болдым. Оны аяқтап келген соң “Культура” телеарнасына жетекші журналист болып орналастым. – Бэла, “өзі болған қыз төркінін танымас” деген сөз бар. Бірақ сіздің бойыңызда ондай “мін” жоқ екен. Олай дейтініміз, орыстың озық арналарында ойып орын алып жүріп алыстағы Қазақстанның  “Хабар” агенттігіне қалай келіп жүрсіз? – Оныңыз рас, мен мәскеулік арналарда істей беретін болсам еңбекақым да, танымал­дығым да қазіргіден артық болатын еді. Бірақ мен Мәскеуде жүріп, қайтсем де Қазақстанмен байланысуды, қайтсем де өзімнің халқыма қызмет етуді армандайтын едім. Өйткені, мен қазақпын. Сондықтан да әрқашан Қазақ­стан­мен байланыс іздеп, оған бір пайдамды тигіз­сем деп ойлап жүретінмін. Айта кетерлігі, мен балаларымның да Қазақстанмен байланысты болғанын қалаймын, олардың да айнымайтын қағбасы Қазақ елі болуы керектігін үнемі ескер­тіп отырамын. Сондықтан Қазақстан арнасына шақырту алғанда істеп жүрген тиімді қыз­ме­тімді оп-оңай тастап жүре бердім. Содан бері, міне, сегізінші жыл “Хабарда” істеп жатырмын. – Қазақстанға бүйрегіңіздің бұруы қай кезден басталды? Шыны керек, елден ерте кеткен, әсіресе Мәскеуге сіңген көптеген қандастарымыз Қазақстанды тек баюдың көзі ретінде пайдаланғысы келетінін байқап жүрміз... – Жоқ, мені ондайлардың қатарына қоссаңыз қатты қателесесіз. Жолдасым – үлкен кәсіпкер. Біздің отбасымыз Мәскеудің Рублевка ауданындағы элитті үйлердің бірінде тұрады. Атақты “ЛукОйл” компаниясының вице-президенті де біздің үйде тұрып жатыр. Қа­зақстаннан ЕурАзЭҚ-тың қазіргі Бас хатшысы Тайыр Мансұров та біздің үйден пәтер алған. Бұл кісілер өте бақуатты екенін білесіз ғой. Сондықтан осы үйде тұратын­дар­дың орташа ғана тұрмысты адамдар емес екенін біле беріңіз. Біздің балаларымыз да Мәскеудің атақты, қымбат мектептерінде оқиды. Сондықтан мен Қазақстанды табыс көзі етуді ешқашан қаперіме алған жоқпын. Қазақстанға бүйрегімнің бұруы бала жасымнан басталды. Оның жақсы атын естісем қуанып, ал жаман аты шықса қынжылып жүретінмін. Жасыратыны жоқ, қандай жақсы болсаң да Мәскеуде сенің орның төменірек екенін сездіріп отыратын. Мен қанша жерден үздік оқып, белсенді болып жүрсем де соны сезетінмін. Осының өзі сезімді, жүрегінде намысы бар адамның түйсігін оятады ғой. Әрине, түйсіксіздер толып жатыр, мен де ондайларды жақсы білемін. Оларға қарны тоқ, қалтасы қалың болса – дүниенің бар бақыты сол. Бірақ мені шымбайға тиген шындықтар өз халқыма қарай шым-шымдап жақындата түсті. Енді, тәуелсіздік алған соң мен қайтсе де Қазақстанның алға басқанын қаладым. Оның жетістіктерін естіген сайын бір жасап қала­тын­мын. Қазақстанның Президентімен мақта­намын, оның басқалардан оқ бойы озық екенін көргенде төбем көкке жетіп, жанымдағыларға шекемнен қарағым келеді. Әттең, басқа жерде, жат ортада жүргендіктен ғана ішімнен тынамын. Сіздердің ол кісінің атын айқайлап айтып, мақтана алатын бақытқа ие екендік­теріңізге қызығамын. Міне, сондықтан да мен қандай да бір пайдамды туған халқыма тигізу мақсатымен ғана “Хабардың” жұмысына белсене кірістім. – Дегенмен алғашқы кездерде: “Қазақ­станның “Хабар” телеарнасынан едім, сұхбат беріңізші”, – деген сөздерге астамшылықпен қараған алпауыттар болған шығар... – Әрине, шекеден қарап, “ет-жүрексіз еріннің сөзін” сүйкей салғысы келгендер көп болған... Әуелгіде алыста жатқан, олардың түсінігінше дамудан “мешеу қалған”, кешегі көшпенді, әйтеуір шикізаттарының арқасында ғана әжетке жарап жүрген Қазақстанның журналисіне не айтсам да дауа, не айтсам да құран сөзіндей қабылдасын деген астамшылық бары сезілетін. Әрине, бәрінде емес, бірақ көбінде осындай пиғыл болғанын жасыруға болмайды. Ал енді өзіңді көрсетіп, ой-өрісің оныкінен кем емес екенін таныта алсаң құрметпен қарап, тең дәрежеде сөйлеседі. Кәдімгідей дайындалып, ұрымтал тұста опынып қалмауды ойлайды. Мәскеуде істеген жеті жылда, шама келгенше, біз осындай көзқарас қалыптастыруға тырыстық. Оның үстіне, және бұл ең бастысы, Қазақстанның өзі де даму жөнінен жұрттың бәрін “қарай гөр” дегізгендей таңырқата таңдай қақтырып озып кетті ғой. Әсіресе, бұл арада, тағы да айтайын, Қазақстан Президентінің алғырлығы алыстан қарағанда алқалап көзге түсетін. Оған сенген, арқа тұтқан біздің жүрегіміздегі мақтаныш сезімі де батылдыққа бастайтын. Кімнің алдында болсын иығыңды тең ұстауға, тіпті асырып тұруға осы сезім жәрдем беретін. – Кәсіби қиындықтар туралы да айта кетсеңіз... Шетелде қазақстандық журналист болудың өзіндік күрделіліктері бар ма? – Ондайлар өте көп қой. Мысалы, маған Президенттің жаңа Жолдауы туралы бір маманның пікірін жазып беріңіз деген шұғыл тапсырма беріледі. Жұмысы қауырт сарапшы Жолдауды оқымағаны белгілі. Бірақ тапсырма болған соң қайтсең де оны орындау керек. Сондықтан Жолдауды алдымен оған айтып бересің, түсіндіресің, қаншама уақытын аласың, тек содан кейін ғана оның пікірін жазасың... Уақыты тығыз мамандар ондайыңа оңайлықпен көне де қоймайды. Ол үшін сарапшылармен, имиджмейкерлермен жақсы қарым-қатынаста болуың керек. Ондайда мен “Хабар” жол салған байланыстарды ғана емес, өзімнің жеке таныстықтарымды, достарымды, тіпті кейде күйеуімнің таныстарын да қолданатынмын. Әрине, мұндай қиындықтар өте көп. – Отбасыңыз, ата-анаңыз туралы да айта кетсеңіз... Екеуі де қазақ па өзі? – (Күледі). Ие, екеуі де қазақ... Әкем Мәскеудің автожол институтын бітірген, сосын ғылыммен айналысты. Соңғы 20 жылда ата-анам Германияда тұрып келеді. КСРО-ның кезінен-ақ әкем ГДР-дің Магдебург университетімен жол құрылысы мәшинелерін шығару жөнінде ынтымақтастық орнатқан. Ал шекара ашылған соң ол Дортмунд универси­тетінде докторлық диссертация қорғап, сондағы коммерциялық құрылымдардың бірінен шақырту алып, сонда ауысты. Бұл фирма жол құрылысы мәшинелерін жасайды. Артынан осы фирманың өкілі ретінде ТМД елдеріне де шығып, жұмыс істеді. Осы жерде айта кететін бір қызық жәйт, шетелдіктер ТМД-ның Шығыс бөлігінің рыногына шыққанда ең алдымен Өзбекстанмен ынтымақтастық орнатуды көз­де­ген еді. КСРО-ның кезінде Қазақстаннан гөрі сол республика көбірек танымал болды ғой. Сон­дықтан шетелдіктер өз офистерін алдымен сонда ашты, менің әкемнің фирмасы да сөйтті. Сол үшін қаншама сабылып, көп ақшаларын шашты. Сөйтсе, артынан Өзбекстан емес Қа­зақ­стан озып, қызмет істеудің тиімділігі бізде ар­тық екендігі көрініп қалды. Қазақстан рыногы батыстықтардың дамыған талабына сай бола кетті, ал өзбектерде жаңа өндірістік қатынас дамымай қалды. Әкемнің фирмасы артынан тіпті офиске салған ақшаларын да шығара ал­май, ол жерден шығынға ұшырап шыққан еді... Менің бір інім, бір сіңлім бар. Інім Ас­тра­ханда, бизнеспен айналысады, ал сіңлім Мәс­кеуде. Екеуі де тұрмыс құрған, сіңлімнің де екі баласы бар. Жолдасым алматылық, кезінде республикалық физика-математика мектебін орысша бітірген, сосын Мәскеудің жол-құры­лысы институтын аяқтады. Қазір бизнеспен айна­лысады. Біздің бір ұл, бір қызымыз бар. Ұлым Абылай биыл 17 де, мектеп бітіреді, ал қызым Әйгерім 13-те. – Жоғарыда бір сөзіңізде Лондонда “Хабардың” тілшілік қосынын аштық дедіңіз, сол туралы да айтып берсеңіз... – Біз отбасымызбен қазір Лондонда тұрамыз. Ондағы қосынды ашуға мен күш салдым. Бізде дүниенің орталығы Мәскеу деген теріс түсінік қалыптасқан ғой, шын мәнінде олай емес, ондай әлемдік орталықтар толып жатыр. Бізді қазір тек мәскеулік сарапшылар мен мамандар қанағаттандыра алмайды, әлемдік ой-арнаның кең айдынына шыққанымыз абзал. Сондықтан басқа да бір әлемдік орталықтарда “Хабардың” қосынын ашуды армандап жүретін едім, енді мына жағдай соған дөп келе кетті. Лондон Мәскеуден де асып түсетін әлемдік орталық, өмірдің барлық саласына ықпал ете алатын ірі дүниелер, әсіресе аса ірі қаржылық ин­ституттар сонда шоғыр­лан­ған. Осындай жерде Қазақстанның ақпарат­тық құралы орнауы біздің ал­ға баса түсуіміздің бір көрінісі емес пе? “Хабардың” басшы­лығына әуелде бұл ұсыныс ұнай қой­ған жоқ, олардың тарапынан қолдау да бола қоймады. Сондықтан Сыртқы істер министрлігіне, тіпті Пре­зидент Әкімшілігіне дей­ін хаттар жаза жүріп, әйтеуір Лондонда да тілшілік қосы­нын ашуға қол жеткіздік қой. Бұл мәселе былтыр жазда ғана шешімін тапты. Мен Қа­зақ­станның БАҚ құрал­да­ры Нью-Йоркте де, Токиода да бо­луы керек деп санаймын. Бұл да біздің алдыңғы қатар­лы ел екенді­гіміздің айғағы болмақ. – Мәскеуде сенің орныңа Надя деген бір қыз қалған екен... – Иә, Надяның кәсіби шеберлігінде мін жоқ, бірақ жүрегінің қаншалықты Қазақстанға бұратынын білмеймін. Қарапайым ғана мысал айтатын болсақ, Қазақстанның атынан қазақ азаматы сұрақ беріп тұрса оның қабылдануы бөлек болатынын өмірде көріп жүрміз, ал бас­қалар сұраса, ол бір басқа. Мен өз тарапымнан осы мәселелерді “Хабардың” басшыларына біл­дірдім де. Бірақ... мәселе басқаша шешілді ғой. – Сіз Ресейдің атақты саясат, экономика, мәдениет қайраткерлерінің талайымен сөйлесіп, сұхбат алдыңыз. Солардың ішінде қайсысы ұмытылмастай әсер қалдырды және несімен? – Мен сөйлескен адамдардың көбісі Қазақстанға жақсы көңілде екенін білдірді. Мүмкін менімен солай сөйлескен шығар... Бірақ адамның шын сөзі ме, әлде өтірік көлгірсуі ме, оны да байқап қалуға болады ғой. Солардың ішінде маған әсіресе, әнші Иосиф Кобзонмен болған сұхбатым есте қалды. Ол Қазақстан тура­лы аса жылы, адами естеліктерін айтып еді. Со­ның ішінде Қазақстан туралы айтқан әндерін, Пре­зидент Н.Назарбаевпен қосылып шырқа­ған­­да­рын, меніңше ешқандай көлгірсусіз са­ғынышпен еске алды. Зураб Церетелимен болған сұхбат та әлі күнге көз алдымда. Ол да Қазақстан жайлы жылы, шын жүрегімен жақсы пікірлер білдірді. Астана құрылыстарына өзінің архи­тек­тор, маман ретіндегі қызығушылығын жасырма­д­ы. Олег Сосковецпен болған сұхбатым да ұмытыл­майды. Ол өзінің Қазақстанның арқасында биікке көтерілгенін, сол үшін де біздің елге әрқашан ырза екендігін айтты. Бірдеңеге қолы жеткендер арасынан мұндайды айтатындар сирек болады. Сондай-ақ аса ұнам­сыз адамдар да болғанын жасыруға болмайды. Солардың ішінде Михаил Горбачев менің есімде сүйкімсіз пиғылымен қалды. Ол КСРО-ның тарағанына, өзінің тақтан айрылып қалғанына өкінетінін білдіріп алды. Соған қарағанда, оның демократиядан гөрі тотали­таризмді аңсайтын­ды­ғы, ұзақ жылдар демокра­тия­мен ойнап, өзінің шын жүзін жасырып келгендігі көрініп тұрды. Тұла бойын өкініш билеп, республи­калардың өзін қолдама­ғанына, КСРО-дан еншісін алуға ұмтылғанда­рына ыза болған пендешілігін жасыра алмай отырды. Соған қарағанда, ол өзінің күні әбден өткен, барынша қызықсыз адам (кәрілік емес, көзқарасын айтамын) екендігін аңғартты. Менде ол туралы тіпті де көсем емес, керісінше ақы­мақ­тау, жан-дүниесі барынша қаңырап қалған, кеудесі бос, көк мылжың адам екен ғой деген әсер қалды. – Елдің болашағы туралы не айтар едіңіз? – Мен Қазақстан дұрыс жолмен дамып келе жатыр деп ойлаймын. Батыстық демократияға тым қатты берілеміз деп елдің тыныштығын, даму процесін тоқтатып алмауымыз керек. Меніңше, демократия дегеннің өзі де салыс­тырмалы дүние ғой, батыстықтардың өздері де мемлекеттіліктің негізгі ұстанымдарына қол сұғатын болса оны тыйып тастайды. Біздің жас еліміз елігіп- желігіп, оның барлық талабына сай боламын деп тыраштануының керегі жоқ. Жанымыздағы Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдерді көріп отырмыз ғой, олар демокра­тия­ның соңғы сатысына жетеміз деп қолдағы ба­рынан айрылып қалған жоқ па? Сондықтан, бәрінен де жоғары тұратыны – Қазақстанның елдік мүддесі болуы керек. Ол үшін авто­кра­тизм керек болса, оны да қабылдаған жөн. – Әңгімеңізге көп рахмет. Ісіңіз сәтті болсын! Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.