Медицина • Бүгін, 09:42

Алматыдағы Кардиология орталығында алғашқы жүрек ауыстыру операциясы жасалды

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қалалық кардиологиялық орталығында алғаш рет жүрек ауыстыру отасы жасалып, терминалдық кезеңдегі созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан 34 жастағы ер азаматқа донорлық жүрек салынды. Ауруы асқынып, дереу жүрек трансплантациясын қажет еткендіктен, науқас республикалық Күту парақшасына енгізілген еді, деп жазады Egemen.kz.

Алматыдағы Кардиология орталығында алғашқы жүрек ауыстыру операциясы жасалды

Донор – артериялық гипертензияның ауыр түріне шалдығып, инсульт алған 50 жастағы әйел адам. Науқас жедел түрде Орталық қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілгенде, дәрігерлер консилиумы оның миы семгенін анықтап, қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа жарамдылығын растады. Туыстары келісім берген соң донорлық жүректі алу отасы басталды.

Жүрек ауыстыру отасы бес сағаттан астам уақытқа созылып, ойдағыдай аяқталды. Трансплантациялық операцияны Алматы қалалық кардиологиялық орталығы мен UMC корпоративтік қорының мамандарынан құралған кәсіби дәрігерлер жүргізді. Бұл күрделі отаға Қалалық жүрек орталығының директоры Ермағанбет Қуатбаев пен UMC басқарма төрағасы, профессор Ю.В.Пя жетекшілік етті. UMC командасы ақпарат түскен бойда Алматыдағы әріптестеріне қолдау көрсету үшін жедел түрде ұшып келген.

Юрий Владимирович Пя орталық ұжымын осы тарихи оқиғамен құттықтап, оның Алматыдағы кардиохирургияның жаңа кезеңге қадам басуына жол ашқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол донордың жақындарына көңіл айтып, олардың шешімінің басқа адамдардың өмірін сақтап қалғанына ерекше тоқталды.

«Трансплантология бағдарламасына қосылу – емделушінің өмірін ұзартуға, оның сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл тек медицинаның даму деңгейін емес, қоғамның да донорлық мәдениетке дайын екендігін көрсетеді», деді Ермағамбет Қуатбаев.