• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Кеше

Кендірлі зауытындағы кешенді жоба

30 рет
көрсетілді

Жаңаөзен қаласына қарасты Кендірлі зауытында теңіз суын тұшыту үдерісінің басталуы өңір тұрғындары үшін үлкен жаңалық болды. Ауызсу тапшылығын теңіз суын тұшыту және жерасты су көздерін пайдалану арқылы еңсеруді басым бағыт еткен Маңғыстауда негізгі жобалардың бірі жоба­лық қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын «Кендірлі» теңіз суын тұшыту зауытын салу болатын.

Кәсіпорындағы құ­ры­лыс жұмысы биыл мамырдың ая­ғын­да­ бітті. Суды тұшыту, тұз­сыз­­дандыру және мине­рал­дан­дыру цехтары, сор­ғы стансасы, екі қосалқы станса, жөн­деу-механикалық цехы, гараж, қоймалар, зертхана мен өрт сөн­діру бекеті, қазан­дық салынды. Әрбір нысан үшін ең қажетті нәрсе инженерлік-ком­муникациялық инфра­құрылым десек, зауытқа ұзындығы 80,1 шақырым электр беру желісі, жалпы ұзындығы 201,4 шақырым екі тармақ­ты магистралды су құбыры, 48,1 ша­­­қырым газ құбыры, 40,1 ша­қы­рым автожол салынып, жоба­ның теңіз бөлігі бойынша теңіз түбіндегі траншеяға полиэтилен құбырлары төселді. Кәсіп­орында әлемнің жетекші өнді­руші компанияларының озық технологиялары қолданылады.

Іске қосу-баптау іс-шаралары жүріп жатқан зауытта алдымен технологиялық жабдықтардың бүкіл циклі реттелді. Бұл – теңіз суын тұшытуға арналған өнді­рістік желі тексеріледі және жуы­лады деген сөз. 72 сағатқа созылатын бұл үрдістен соң сынақ іс-шаралары сәтті аяқталған кезде зауыт жұмыс режіміне көшеді.

Зауыттың суды тазарту және тұшыту жұмысы күрделі. Маман­дардың айтуынша, алдымен зауыттан 730 метр қашықтықта теңіз үстінде орналасқан арнайы су жинайтын құрылғы арқы­лы тереңдігі 12 метрлік құдыққа келіп түскен теңіз суы қон­дыр­ғылар­дың көмегімен құбыр арқылы кәсіпорынға жетеді. Тұшыту цехында лайдан тазар­туға және басқа заттарды жоюға бағыт­талған бірқатар проце­дура­дан өткен су өздігінен тазар­татын сүз­гі­лерге жіберіледі. Осы­дан кейін су ультра сүзгілеу үдері­сінен өтеді.

Бұл тәсіл су құрамындағы органикалық заттарды 70–75%-ға дейін төмендетуге және барлық қоспаны, соның ішінде бактерия, бір жасушалы балдыр және басқа да элементтерді толық жоюға ықпал етеді. Сондай-ақ кері осмос технологиясы су құрамын минералды қоспалардан тазартып, 99,5% тұшытуға мүмкіндік береді. Ал тұщы суды жоғары сапаға жеткізу үшін реминерализация процесі жүргізіледі. Хлорланғаннан кейін ол су ауызсу резервуарларына жіберіледі.

Көптен күткен Кендірлі су тұшыту зауыты толық жобалық қуатына енгенде өңірде ауыз су мәселесіне белгілі мөлшерде серпін бермек.