Елордада Cardiff University Kazakhstan ресми түрде ашылды. Бұл оқу орны – Cardiff University тарихындағы алғашқы халықаралық кампус әрі Орталық Азиядағы Russell Group университеттерінің жалғыз өкілі. Жоба Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып, халықаралық деңгейдегі білімге жол ашуды мақсат етеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Салтанатты шараға ҚР мен Ұлыбритания Үкіметінің өкілдері, сондай-ақ Cardiff University және Cardiff University Kazakhstan басшылығы қатысты. Құрметті қонақтардың арасында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксворти ханым, Cardiff University президенті әрі вице-канцлері профессор Венди Ларнер, университеттің Бас операциялық директоры және хатшысы, Cardiff University Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы доктор Пола Сандерсон, Cardiff University кеңесінің төрағасы Патрик Янг, кампус серіктесі Qualified Centre of Education қоғамдық қорының тең құрылтайшысы әрі директоры Қуаныш Көшекбаев, сондай-ақ Cardiff University түлектері мен халықаралық ұйым өкілдері болды.
Cardiff University президенті және вице-канцлері Профессор Венди Ларнер елорда Астанада Cardiff University филиалының ашылуы тарихи оқиға екенін атап өтті.
«Бұл – университеттің алғашқы шетелдік кампусы. Біз Қазақстандағы алғашқы студенттерімізді қабылдауды тағатсыздана күтіп отырмыз. Russell Group құрамында Қазақстанда кампус ашу біздің жаһандық стратегиямыздың маңызды бөлігі. Қазақстанның халықаралық білім беру орталығына айналу бастамасын қолдай отырып, білімнің ел дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналатынына сенеміз. Бұл күн – бірлескен еңбектің жемісі. Әсіресе Қазақстан Үкіметіне көрсеткен қолдауы үшін ризашылығымды білдіремін. Cardiff University Kazakhstan ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың бастауы болады деп сенемін», деді ол.
Cardiff University Бас операциялық директоры және Cardiff University Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы, доктор Пола Сандерсон трансұлттық білім беру саласын зерттеуші ретінде Саясат Нұрбектің Қазақстанда іске асырып отырған стратегиясын ерекше бағалайтынын айтты.
«Бұл бастама елді аймақтық қана емес, жаһандық білім беру орталығына айналдырып, білімге негізделген экономиканың қозғаушы күші болатынына сенемін. Cardiff University осы маңызды процестің бір бөлігі болғанын мақтан тұтады», деді Пола Сандерсон.
Ал Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксвортидің айтуынша, бұл жоба екі ел арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашады. Қазақстандық жастар енді әлемдік деңгейдегі британдық білімге қол жеткізіп, мемлекеттердің байланысын одан әрі нығайтады.
Айта кетейік, Cardiff University халықаралық рейтингтерде дәстүрлі түрде жоғары орындарға ие. QS World University Rankings 2026 мәліметінше, университет әлем бойынша 181-орында, ал Complete University Guide 2026 тізімінде 22-орынға табан тіреген. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Cardiff University Kazakhstan студенттерді төрт жылдық бакалавриат бағдарламалары бойынша қабылдайды: компьютерлік ғылымдар, бизнес басқару, азаматтық құрылыс және геология. Барлық курстар ағылшын тілінде оқытылады, сабақтарды Cardiff University және Cardiff University Kazakhstan профессор-оқытушылар құрамы жүргізеді.
Ашылу рәсімі екі елдің мәдени байланысын айшықтаған арнайы бағдарламаға ұласқан. Қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарымен және валлий тәттілерімен танысып, арфада орындалған дәстүрлі әуендерді тыңдап, қазақстандық және валлий мәдениетінің синтезін көрсеткен өнер қойылымдарын тамашалады.