• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 14:42

Алматыдағы заңсыз құрылыстар Бас прокурордың бақылауына алынуы тиіс – депутат

60 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловтың атына Алматыдағы заңсыз құрылыс, тау жоталарының қырқылуы және табиғи логтардың көмілуіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттың айтуынша, жазғы уақытта Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарында мемлекеттік органдармен бірлескен рейдтер барысында бірқатар заңсыздықтар анықталған. Атап айтқанда, табиғи логтар мен өзен арналарының көмілуі, тау жоталарының қырқылуы және Заилий Алатауының баурайындағы жаппай заңсыз құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Табиғи жыралардың бітелуі үлкен қауіп төндіреді. Егер мұздықтар еріп, мореналық көлдер таситын болса, мыңдаған адам үйлерімен бірге су астында қалуы мүмкін. Өзімнің рейдтерім кезінде 12 жыраның көміліп жатқанын анықтадым. Оларға құрылыс жүргізуге, учаске беруге және ондай үйлерді тіркеуге түбегейлі тыйым салу қажет» деді депутат.

Сонымен бірге, ол Алатау баурайындағы таулардың қырқылуы белең алып отырғанын, заң жүзінде тыйым салынғанына қарамастан, элиталық коттедждер үшін жер бедерінің жойылып жатқанын атап өтті. Бұл жерлердің көпшілігі ықпалды кәсіпкерлер мен шенеуніктердің туыстарына тиесілі екені белгілі болды.

Бақытжан Базарбек Алматыдағы құрылыс саласындағы заңсыздықтарды да сынға алды. Оның айтуынша, бірқатар ірі нысандар жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптамасыз және рұқсатсыз салынып жатыр. Мысал ретінде ол «РАМС» компаниясының 40 қабатты мұнарасын және «Прайм Парк» тұрғын үй кешенін атады. Осындай заңсыз нысандардың саны жиырмадан асатынын жеткізді.

Депутат сот шешімі бойынша бұзылуға тиіс «Монблан» және «Швейцария» тұрғын үй кешендерінің үш жыл өтсе де әлі күнге дейін тұр екеніне назар аударды. Ол Әділет министрлігі мен сот орындаушыларының шешімді орындауға асықпай отырғанына күмән келтіріп, мемлекеттік органдар тарапынан ықтимал сыбайлас жемқорлыққа тексеру жүргізуді талап етті.

Сауал соңында депутат Бас прокуратурадан:

Заңсыз нысандарды бұзу туралы сот шешімдерінің орындалуын ерекше бақылауға алуды; Жыраларды көмуге толық тыйым енгізіп, заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтаруды;  Таулардың қырқылуын түбегейлі тоқтатып, бүлінген аумақтарды қалпына келтіруді сұрады.

Сонымен қатар, ол Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдымен бірлескен жұмыстың нәтижелі басталғанын, заңсыз құрылыстарды анықтау және сүру ісінде оң өзгерістер байқалғанын атап өтті.

«Жаңа әкіммен бірге заңсыздықтарға қарсы нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз әрі қарай да жемісті жалғасады деп сенемін», деді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек.

Соңғы жаңалықтар