Қытай зерттеушілері астронавттарға арналған шағын кір жуғыш машина ойлап тапты. Салмағы небәрі 12 келі болатын құрылғы ультраұсақ тұман мен озон технологиясын қолданып, бір циклде бар-жоғы 400 миллилитр суды пайдалана отырып киімді тазартады, деп хабарлайды Egemen.kz South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.
Chinese Journal of Space Science журналының деректеріне сәйкес, жаңа технология «Тяньгун» орбиталық станциясына және болашақ ай базаларына жеткізілетін киім көлемін 60%-дан астам қысқартуға мүмкіндік береді. Мысалы, үш адамнан тұратын экипаж үшін 15 жылдық миссияда бұл 3,3 тоннадан астам киім үнемдеуге тең.
Бұған дейін ғарышкерлерде орбитада киім жуу мүмкіндігі болмаған. Олар киімді жағымсыз иіс шыққанша кие беретін, кейін пайдаланылған заттар арнайы жүк капсулаларына салынып, Жер атмосферасына кіргенде жойылып отырған.
Зерттеу авторларының айтуынша, алдағы уақытта Ай мен Марсқа ұзақ мерзімді миссияларды жүзеге асыруда ғарышта кір жуу технологиясының болуы жерден жеткізілетін жүктің азаюына айрықша ықпал етеді.
Жаңа құрылғы кемінде бес жылға есептелген. Ол микрогравитация жағдайын ескеріп жасалған, химикат қолданбай матаны зарарсыздандырады әрі ылғал мен газдың сыртқа шығуын болдырмайды. Келесі кезеңде ғалымдар толыққанды жұмыс істейтін прототип жасап, құрылғының тиімділігін арттыруды жоспарлап отыр.