• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бюджет Кеше

Мемлекет қаржысы халық игілігіне жұмсалуы керек

40 рет
көрсетілді

Әрбір мемлекеттік бағдарламаның сұрауы бар. Сондықтан қазына қаржысына салынатын нысандар уақытында аяқталып, халыққа қызмет көрсетуі керек. Өңірлерді аралап жүрген Сенат депутаттары жергілікті атқарушы билікке осыған мұқият болуды тапсырды.

Сенатор Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай және Ка­тонқарағай аудандарында салынып жатқан нысандардың сапасы мен мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қаржыландыру мәселесіне зер салды. Ол Үлкен Нарын ауылында құрылысы аяқталмаған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Мұнда жұмыс 2021 жылы басталған. Алайда қазір құрылыс жұмыстары толығымен тоқтап тұр. Жұмыстың жалпы көлемнің тек 35 пайызы ғана орындалған.

Сондай-ақ сенатор осы жерде салынып жатқан жаңа музыка мектебіне де ат басын бұрды. Құрылыс барысымен танысқан соң ол мектепті уақтылы аяқтау және заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Депутат Полянское ауылындағы сүт фермасында болып, «Алтай Хамир» жаңа туристік базасының құрылыс алаңын да аралады. Жоба «Ауыл аманаты» бағдарлама­сымен жүзеге асып жатыр. Келешекте нысан тұрғындардың отбасылық демалыс орнына айналуға тиіс.

«Әрбір мемлекеттік бағдарлама қағаз жүзінде қалмай, нақты іске асуы керек. Құрылыстар мерзімінде аяқталып, мектептер балаларға есігін айқара ашуға тиіс. Ауылдағы бизнесті өркендетуге де мүмкіндік бар. Мұндай жобалар – өңірде болашақтың негізі», деп атап өтті О.Булавкина.

Сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова да Шымкент қаласын­дағы Абай ауданының тұрғындарымен кездесуде халықтың өмір сүру сапасын артты­ру, азаматтардың құқығын қорғау және сот төрелігі жүйесін жетілдіруде заң­да орын алған өзгерістерді айтып берді. Ал мегаполис тұрғындарын қала­лық инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар құ­рылысы, коммуналдық қызмет, абат­тан­дыру, бизнесті дамыту, білім беру және денсаулық сақтау мәселелері толғандырды.

Депутаттар жеңіл өнеркәсіп және қызмет көрсету колледжінде де болды.

«2025 жыл – жұмысшы мамандықтары жылы. Техникалық және кәсіптік білім жүйесін реформалау қажеттігіне байланыс­ты біз оны жаңғырту жөніндегі заң жобасына бастамашы болдық. Онда оқу үдерісін цифрландыру, колледждердің дербестігін кеңейту, білім бағдарламаларын жаңарту және теорияны өндірістегі практикамен ұштастыра отырып, дуалды оқытуды дамыту көзделген», деді А.Қапбарова.

Ал депутаттар Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Орал қаласында су ша­руашылығын дамыту мәселелері бойын­ша кеңейтілген кеңес өткізді. Суа­ру инфрақұрылымының жай-күйі, су тап­шылығы, су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу, су шаруашылығы нысандарын қаржыландыру және жаңғырту мәселелерін талқылаған сенаторлар аграр­лық секторды сумен тұрақты қамтамасыз ету жүйелі тәсілді, мекемеаралық өзара іс-қимылды және заңнамалық деңгейде қолдауды талап ететінін атап өтті.

«Сумен жабдықтау қазір өңірлердің басты проблемасы болып отыр. Сондықтан мем­лекеттік бағдарламаларды әзірлеу кезін­де ауыл шаруашылығы өндірушілерінің пікірін тыңдап, ескеру қажет», деді Л.Рысбекова.

Әлібек Нәутиев Атырау облысындағы денсаулық сақтау саласының жай-күйімен танысты. Сенатор сапары Атырау облыстық перинаталдық орталықтан басталды. Онда орталық қызметкерлері мамандармен қамтамасыз ету, техникалық жарақтан­дыру секілді мәселелерді қозғады, сенатор көрсетілетін перинаталдық көмектің сапасына назар салды. Ол салынып жатқан қалалық емхана кешені мен оның филиалында да болды.

Қазір облыс орталығында қосалқы үш стансасы бар жедел медициналық жәрдем стансасы, онкодиспансер жанындағы радиологиялық корпустың құрылысы басталған. Сондай-ақ Алмалы және Береке ауылдарында амбулаториялар салынып жатыр. Келешекте стратегиялық маңызы бар нысандарды – көпсалалы балалар стационарын, облыстық жаңа перинаталдық орталық пен оңалту орталығын салу да жоспарланған.