Осы күні заманауи кинотуындыларды компьютерлік арнайы эффектілерсіз елестету қиын. Алып айдаһарлар, жарқ-жұрқ еткен фантастикалық әлем, неше түрлі қабілеті бар актерлер – цифрлы технологиялардың арқасында құлпырып шыға келеді. Ал осының барлығы алғаш киноға ене бастағанда өнер емес, алаяқтық ретінде қабылданған, деп жазады Egemen.kz.
1982 жылы көрерменге ұсынылған «Трон» фильмі – компьютерлік графика кеңінен қолданылған алғашқы кинотуындылардың бірі болды. Стивен Лисбергердің бұл туындысы кинематографияда мүлдем жаңа парақ ашты. Жарқыраған костюмдер, цифрлы әлем, лазерлер мен графикалық қозғалыстар сол кез үшін таңғажайып жаңалық болғаны рас. Өйткені мұның барлығы компьютер көмегімен жасалған еді.
Алайда дәл осы жаңашылдыққа «Оскар» сыйлығын тағайындайтын академия жылы қабақ танытпады. Фильм визуалды эффектілер номинациясына ұсынылмақ болғанда, комиссия оны тізімнен шығарып тастайды. Неге дейсіз ғой? Өйткені авторлар компьютер қолданған. Иә, комиссия мүшелері мұны «алаяқтық» деп қабылдаған. Ол уақытта компьютерлік графика өнер емес, әділетсіз артықшылық ретінде саналды. Былайша айтқанда, олар «фильм жасаудың шынайы еңбегін компьютер алмастырмауы керек» деген ұстанымда болды.
Бүгінгі күнмен салыстырғанда бұл көзқарас тіпті күлкілі көрінуі мүмкін. Өйткені дәл қазір Оскар сыйлығының ең қызықты номинацияларының бірі – ең үздік визуалды эффектілер. Бұл санатта жеңіске жеткен фильмдер – көрерменді шынайылық пен қиял арасындағы шекараны ұмыттырып жіберетін туындылар. Мысалы, «Аватар», «Жұлдызды соғыстар», «Интерстеллар», «Доктор Стрейндж» – бәрі де осы техниканың жетістігіне сүйенеді.
«Трон» фильмі – сол бір ауыспалы дәуірдің, ескі мен жаңаның арпалысқан шағының символы. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды. Компьютерлік графика – бүгінгі кинематографияның маңызды бір бөлігі ғана емес, нағыз шығармашылық құралына айналды. Енді ешкім оны «алаяқтық» деп санамайды, керісінше жаңа мүмкіндіктердің кілті деп бағалайды.
Иә, сонымен, 1982 жылы «Трон» фильміне жасалған әділетсіздік – бүгінде күлкілі көрінетін тарихи сәт. Алайда сол көзқарас қайшылығы цифрлы киноөндірістегі бүгінгі төңкеріске жол ашты. Бұл – өнердің дамуы үшін батылдық пен жаңашылдықтың қаншалықты маңызды екенін дәлелдейтін жарқын мысал.