Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында ағайынды Үрімбаевтар да майдан даласына аттанды. Алайда Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Бөрте (бұрынғы Студенческий) ауылынан шыққан жауынгерлер – Езін, Қаден, Қазыржан, Жәкен туған жеріне төрт көзі түгел оралмады.
Ағайынды жауынгерлердің ерлігі туралы естеліктерді Астана қаласының тұрғыны Панасұлу Тетеғұлова қазіргі ұрпаққа жеткізуді мұрат етті. Ол – майданнан аман-есен оралған ағайынды төртеудің бірі Жәкен Құрмановтың қызы. Жәкен әкесінің үлкен ағасының тәрбиесінде болғандықтан фамилиясы Құрманов болған екен.
П.Тетеғұлованың айтуынша, Езін ағасы 1914 жылы туған. Ол ерте есейіп, ел қамын ойлаған ер болған. Езін Үрімбаев азамат және Фин соғыстарына қатысып, өмірінің көп жылдарын ел қызметіне арнаған. Ақтөбеде ветеринар мамандығын игеріп, еңбек етіп жүрген тұста фашистік Германия кеңес одағына басып кіреді. Осылайша, 1941 жылы соғыс басталғанда ол бірден әскери комиссариатқа барып, майданға аттануға өтініш береді. Алайда денсаулығына байланысты әскерге бірден алынбай, ауылда жұмысын жалғастыра береді. Сол жылы ол отбасын құрады.
«Езін ағам шаңырақ көтерген соң көп кешікпей оған әскерге шақырту қағазы келіп, әскери міндетін өтеуге Эстонияға аттанады. Майданда ерлігімен көзге түскен оның жанкештілігі 1945 жылдың қаңтарында Польшаның Краков қаласы маңындағы шайқаста ерекше танылған. Жауынгерлік ерлігі үшін бірқатар орденмен марапатталған. Алайда көп ұзамай 26 қаңтар күні ауыр жарақаттан осы Польша жерінде көз жұмған», дейді П.Тетеғұлова.
Ал Қаден Үрімбаев 1916 жылы дүниеге келген. Ол 1942 жылы Сталинград шайқасына қатысып, сол жақта із-түзсіз жоғалып кеткендердің тізіміне енеді.
«Қаден ағам із-түзсіз жоғалғандардың қатарында болғанмен отбасымыз оның тірі екеніне сеніп, үміттенген, деректер жинаған. Біз де есейдік. Етек-жеңіміз кеңейген соң өзім немеремді алып 2015 жылы Сталинградқа бардым. Архив деректерінен Қаден ағамның Варшава түбіндегі шайқаста 1942 жылы ауыр жарақаттан қайтыс болғанын біліп келдім», дейді ол.
Соғысқа аттанған Қазыржан Тілемісов – отбасының кенже ұлы, 1925 жылы өмірге келген. Езін ағасы секілді 1944 жылы ауыр жарақаттан Польша жерінде қайтыс болған. Бұл кісі туралы қолда бар деректер – осы ғана.
Осылайша, ағайындылардың үшеуі жеңісті күнде жолыға алмай, майдан даласынан оралмады. Ұлдарын үмітпен әскерге шығарып салған Үрімбаевтар отбасы Жәкен ұлының майданнан аман-есен келгеніне шүкіршілік айтып, тіршілігін жалғастыра берді. Жәкеннің қызы Панасұлудың айтуынша, ол өз заманында ерлігімен де, өнерімен де көптің есінде қалған азамат болған. Соғыс жылдарында Берлинге дейін жетіп, талай ауыр шайқастарды басынан өткерген. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталып, Сталиннің атынан Алғысхат алған. Бір шайқаста бес бірдей неміс солдатын тұтқынға алып, командирлерінің мақтауына ие болған.
«Соғыстан кейін 1946 жылға дейін әкем Германияда қызмет атқарған. Ақтөбедегі ет комбинатында жұмыс істеді. Осы жылы отбасын құрып, 1947 жылы тұңғышы дүниеге келді. Әкем өмірден өткенге дейін қолынан домбырасын тастамады. Өте еңбекқор кісі еді. 1988 жылы дүниеден өтті», дейді қызы Панасұлу.
Майдан даласы қаншама үйдің асыраушысынан, жалғызынан айырды. Ал төрт бірдей ұлын соғысқа шығарып салу қандай қиын болғанын елестетудің өзі ауыр. Алайда мұны сол кездегі әр отбасы басынан өткерді. Сондықтан Панасұлу секілді ел үшін жанын пида еткен батырлардың тұяғы аталарының ерлігі ұмытылмай ұрпақ санасында сақталса екен дейді. Соғыс жай ғана тарихи оқиға емес, ол адам тағдыры. Бұл әр жүректе жазылған ауыр естелік. Сол себепті біз әрбір жауынгерді, әрбір майдангерді еске алып, ұлықтап отыруға міндеттіміз.