Ақтөбе қаласының іргесінде тұратын Балзия Бисенғалиқызы мен немересі Ринат Оралұлы Доспанбетов Шығанақ Берсеұлының ақ тары тұқымын сақтап қалған шаңырақ. Қазір осы үйдің ауласында көктеп тұрған ақ тары тұқымын 1970–1980 жылдары Ойыл ауданы Ш.Берсиев атындағы кеңшарды басқарған атасы Дәулетжан Доспанбетов ұзақ жыл сақтап келген екен.
Балзия Бисенғалиқызы өмірден өткен ерінің заттары арасынан екі жыл бұрын қағазға оралып сақталған 24 түйір тары дәнін тауып алып, балаларына көрсетеді. Содан Ринат дәндерді үйдің ауласындағы шие талының түбіне егіп тастайды. 30-35 күн өткенде жас өскіндер көктеп шыққанда, әжесі байқамай арамшөп деп жартысын жұлып тастаса да, қалғандары күзде жақсы өнім берген. «Биіктігі 1,5 метрден асып, бітік шықты. Менің атам 1936 жылы Ойыл ауданы Қаратал ауылында дүниеге келген. Бұл – 1936–1944 жылдары тары өсіруден әлемдік рекорд орнатқан атақты Шығанақ Берсеұлының туған жері. Атам атақты тарышының звеносында еңбек еткен үлкен кісілердің әңгімелерін жастайынан естіп өскен. Өзі де ұзақ жыл туған жерінде агроном болып қызмет етті, кеңшарды басқарды. Шығанақтың тарысын сақтағаны туралы әжемізге де айтпаған. Әжем кездейсоқ тауып алып, бізге бергенде де 30 жылдан астам сақталған дәндердің көктеп шығатынына сенбеген. Үйде сақталған дәндердің Шығанақ тарысының тұқымы екеніне күмән туған. Дегенмен біз өсіріп бастаған дақыл атақты диқанның шығарған тұқымы екеніне бірден-бір дәлел – Махмуд Шығанақұлының қолжазба деректері. Соғыста теміржолшы болып, елге оралған Махмуд әкесінің ақ тарысында үш қара ноқат болатындығын жазып кеткен», дейді Ринат.
Расында да, Ринаттың дәндеріндегі үш қара ноқат бірден көзге түседі, Ерекше күтімді қажет ететін ақ тары соғыстан кейін елде көп өсірілмеді. Диқан дақылының тұқымдары сақталмады деп айтылады. Енді Ринат осы дақылға патент алып, Ащыойылдың бойына, Шығанақ кетпенінің ізі қалған Қараталда тары өсіруге ниет етіп отыр.
Ақтөбе облысы