• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:23

Ұрпаққа жол ашқан «Jas Qazaq»

30 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министр­лі­гіне қарасты «Отандас­тар қорының» КеАҚ ұйым­дастыруымен шетелде тұратын этностық қазақ балаларына арналған «Jas Qazaq» жазғы танымдық этно-лагері жұмысын бастады. Бесінші мәрте жүзе­ге асып жатқан бұл жо­баға бұған дейін 700 бала қатысқан. Ол жет­кін­шектердің өзі – өнер, білім, спорт бағыты бойын­ша іріктелген «сен тұр, мен атайын» деген кіл мық­тылар. Атажұртты бетке алған балалардың көңіл күйін, әсер-сезімін білмекке Бурабайдағы «IQanat High School of Burabay» базасына біз де арнайы бардық.

Этно-лагерьдің екінші күні. Орталық Азиядан, Еуропадан, тіпті Америка құрлығынан жиналған 150-ге жуық қазақ баласы Бурабайда бас қосты. Бір-бірімен танысып, табысып жатқан оқушылар мәз-мейрам.

Осы сәтте мерекелік шараға дайындалып, өзінен үлкен домбырасын шертіп тұрған балақай көзімізге ерекше жылы ұшырады. Жақын барып таныстық. Он жасар Дулат Қылышбай Қарақалпақстанның Нүкіс қаласынан келіпті.

– Өзің өнерлі жігіт секілдісің?

– Иә, домбырамен ән айтып, терме орындайтыным бар.

– Әп, бәрекелді! Болашақта кім бола­сың?

– Мейрамбек Беспаев!

Міне, жауап! Бауырымыздың асқақ арманы мен аппақ көңіліне шексіз риза болдық. Содан соң оның жанында тұрған Әйгерім Сапарбаеваны да сөзге тарттық.

– Әйгерім, Қазақстанға бұл нешінші келуің?

– Алғаш рет келіп тұрмын. Осы лагерьді екі жыл бұрын естіп, іріктеуден өту үшін түрлі сайысқа қатыстым.

– Сонда немен айналысасың? Қандай жетістіктерің бар?

– Жақында ғана қол күрестен Азия чемпионы атандым. Бұйырса, Алматыдағы спорт және туризм академиясына оқуға түскім келеді.

Осылай, балаларға «бәрекелді» десіп, көптен күткен этно-лагерьдің ашылу салтанатына қатыстық. Нағыз еміренген, тебіренген сәт сол кезде болды. Тоғыз мемлекеттен келген 130 қазақ баласы оң қолдарын кеуде тұстарына қойып, Мемлекеттік әнұранды шырқағанда біз отырған сарай күмбірлеп кетті. Кім біледі, «Ұрпаққа жол ашқан, Кең-байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар», деген жолдарды шетелдегі қазақ баласы осы сәтте алғаш рет айтқан болуы мүмкін ғой...

Тағы бір мерейлі мезеттің бірі – сахнаға жиырма шақты баланың көтеріліп, «Балбырауын» күйін орындаған сәт. Жүрегіміз шымырлап, көңіліміз кәдімгідей толқып кетті. Себебі осы іс-шараның ашылу салтанаты басталмас бұрын бір балақаймен әңгімелескенбіз. Ол: «Бөлмеде қазір үш бала бірге жатырмыз, бірақ жан-жақтан келген соң, бір-біріміздің тілімізді түсіну оңай болмай тұр. Бір таңғаларлығы, үшеуміз де домбыра шерте алады екенбіз. Бізді дәл қазір тіл емес, күй біріктіріп тұр!» деген еді. Осыдан соң сахнадағы «Балбырауын» тартқан балаларға ет-жүрегің елжіремеуі мүмкін емес.

Кейін бұл залда «Бір үйдің баласындай», «Қазақ осы» сынды патриоттық әндер бірінен соң бірі орындалып, өлеңдер оқылды. Сахнаға қауымдастықтың өкілдері шығып, құттықтау сөз сөйлеп, балаларға көңілді демалыс тіледі.

– «Атасын алдырамын десең, ботасын алдыр» дейді ғой. Бүгін балалардың Қазақстанда демалып, үйлеріне жақсы әсерде қайтуы – ертең шетелдегі қандастардың атамекенге келуіне жол ашады. Осы жоба арқылы қаншама бала өзінің ата-анасына көшіп келу туралы ұсыныс айтқан. Он төрт күн бойы этно-лагерьде балалар тегін демалады. Сондай-ақ осы жоба аясында білім көрмесін ұйымдастырамыз. Яғни еліміздегі жоғары оқу орындары балаларға түрлі мамандықты таныстырады. Осы білім көрмесінен соң балалар «Қазақстанда оқимын» деп жатса, біз үшін үлкен қуаныш. Сондықтан бұл іс-шараны жыл сайын ұйымдастыруды жос­парлап отырмыз. Алдағы уақытта лагерьге келетін балалардың санын арттырғымыз келеді, – деді «Отандастар» қорының вице-президенті Алибек Жұрқадам.

«IQanat» мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жания Есмағамбетованың айтуынша, екі апта бойы қатысушылар қазақ тілі, Қазақстан тарихы пәндерінен сабақ өтіп, киіз үй құрып, атқа мініп, домбыра мен өзге ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді.

 – Екі жыл бұрын осы лагерьге шекараның ар жағынан Нұргүл деген қызымыз келген еді. Ал бүгін өзі сол жақтан бірнеше оқушыны ертіп әкеліп, оларға елімізді таныстырып жатыр. Сондай-ақ «Ұлттық мұра – домбыра» атты кітабының тұсаукесерін жасады. Біз үшін бұл – үлкен мәртебе. Мақсатымыз – балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыра отырып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. Бүгінгі бала – ертеңгі халық. Елге келген соң, бұл балалар бір-бірімен танысады, табысады, бір-біріне бауыр басып, дос болады. Терең қарайтын болсақ, ынтымақ-бірлік осы жерден басталады. Сөйтіп, осы жеткіншектер келешекте елімізді әрі қарай көркейтеді. Мұндағы игі іс-шаралардың бәрі де олардың тәрбиесіне оң ықпал етеді. Он төрт күнде әжептәуір тіл сындырып қайтады. Алғашында бір-бірінен тосырқағанымен, кетерлерінде жылап қоштасады, – деді Жания Есмағамбетова.

Балалармен 15 күн бойы бірге болып, барлық іс-шарада басы-қасында жүріп, оларға жетекшілік ететін – ұйымдастырушы ұстаздар. Солардың бірі Думан Бақытнұрдың айтуынша, дәл осындай Халықаралық лагерьдің қызығы мен қиыншылығы қатар жүреді.

– Өйткені бәрі де қазақ балалар бол­ғанымен, жан-жақтан келгеннен кейін әуел баста бір-бірін түсінісіп кету оңайға соқпайды. Тіпті әрқайсысының әзілдері де әртүрлі. Бірақ балалар 9 мемлекеттен келгеніне қарамастан, бір шаңырақ астында болғаннан кейін, көп ұзамай тез тіл табысып кетеді. Түрлі ойын мен іс-шара арқасында ұжымдасып, бір-біріне бауыр басып қалады. Балалар жас ерекшелігіне қарай бірнеше ордаға бөлінген. 9 елден келген балалар бір топта болуы да мүмкін. Енді қызығы сол, олар бір ұжым болғаннан кейін түрлі жарыс­тар ортақ ұрандарын айтып, бір-біріне қолдау көрсетіп, 14 күннен кейін бір үйдің баласындай болып кетеді,  – дейді Д.Бақытнұр.

Этно-лагерьге сонау Америка Құрама Штатынан, Еуропадан келген балалар тілшілерге өздерінің алғашқы әсері туралы айтып жатты. Соның бірі – Польшаның Варшава қаласынан келген Нұрбану Серік.

– Бұл жаққа ата-анам да әлі келіп көр­ген жоқ. Олардың «Атамекенге көшеміз» дегенін естіп жүрмін. Бұйырса, ол күнге де жетеміз деп ойлаймын. Жалпы, біз үйде тек қана қазақша сөйлесеміз. Бірақ сыныптағы достарыммен ағылшын, поляк тілдерінде диалог құрамыз. Олар мені Нұрия деп атайды. Өзім болашақта атақты дизайнер болсам деймін. Ал бұл лагерь туралы алғаш туыстарымнан естідім. Содан әлеуметтік желіден осы демалыс орнын тауып алдым. Бурабайдағы балалардың атқа мініп, алтыбақан теуіп, асыр салып ойнап жатқанын көріп, «Мен де барсам ғой» деп, қызыға қарайтын болдым. Мінеки, екі-үш күн бұрын аңсаған атамекеніме жеттім. Ұшақтан түскендегі әсер-сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Ал ата-анам менен бетер қуанып жатыр, – деп ағынан жарылды Н.Серік.

Ал Моңғолияның Ұлан-Батыр қала­сынан келген Ералы роботтехникаға қызығады екен.

– Мен жақында Нью-Йоркте өткен математика олимпиадасының қола жүлдегері атандым. Роботтехника саласы Қазақстанда да қарқынды дамып жатқанын білемін. Қазірдің өзінде осы бағытқа қызығатын өзім секілді балалармен танысып үлгердім. Кейін бәріміз үйімізге қайтқан соң да, байланысымызды үзбес үшін әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылып алдық, – дейді Е.Алтынбек.

Иә, осылайша атажұртқа алғаш аяқ басқан жас жеткіншектер ұлттық құн­дылықтармен сусындап, бір-біріне бауыр басып жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген балаларды ортақ тарих, ортақ тіл мен өнер біріктіріп тұр. Ендеше,

«Jas Qazaq» – алыстағы ағайынның арасын жалғайтын алтын көпірдің нақ өзі.