26 Наурыз, 2016

Өмір оты

360 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
25-03-сканер-1Азамат соғысы, кәмпеске, ашар­­шылық сияқты зобалаңнан ен­ді арылдық па деген тұста, ұлт жақсыларының басына тағы бір пәле жабыса кетті. Қазақ ұлтының мүддесі жайында айтылған саяси мәндегі астарлы әңгімелер үшін ғана емес, ел басқарып, халық сөзін сөйлеген ел азаматтарының етігінің қонышынан абайсызда бір түйір дән табыла қалса да халық жауы деген жалаға ілігіп жатты. Ел ішін дүрбелең жайлап, адамдар бір-біріне күмәнмен қарайтын күн де туды. Міне, осындай аума­лы-төкпелі заман басталғанда бұрынғы Талдықорған, қазіргі Ал­маты облысының Ақсу ауданы Жайпақ ауылында колхозшы Назарұлы Қабдолданың отбасында ұл дүниеге келді. Күн мен түн теңесіп, Самарқанның көк тасын еріте келетін наурыз айының жиырма екінші жұлдызында өмірге келген ұлына әкесі Құдайберген деген есім берді. Оның жөні де бар еді. Ашаршылықтан кейін ел-жұрт еңсесін жия алмай, ауру-сырқау иектеп, өмірге келген жас нәрестелер белгісіз сырқаттың салдарынан шетінеп кетіп жататын. Ал оның себеп-салдарын анықтайтын дәрігер де тапшы еді ол кезде. Сон­дай қауіп-қатерлерден аман қалған нәрестелерін құдайдың берген сыйы деп бағалаған мар­құм Қабдолда мен Несіпбала ұл­дарының есімін Құдайберген қойған еді. Бірақ, әкесі мен анасына ұлының қызық-қуанышын көру бақыты бұйырмады. 1941 жылы соғысқа аттанған әкесі Қаб­долдадан 1943 жылдың 22 шіл­десінде Украинаның Харьков облысы, Изюм ауданы, Андреевка хуторында қайтыс болды деген қара қағаз келді. Үйелмелі-сүйелмелі екі баламен жастай жесір қалған Несіпбала шешей болса тағдырдың ауыр сынағын көтере алмады ма, кім білсін, 1946 жылы дүние салды. Аналары өмірден өткенде Құдайберген  небәрі тоғыз жаста, ал қарындасы Қатипа алты жаста ғана болатын. Біреудің балалары тұрмақ, өз балаларын әрең асырап отырған ағайынның жетім қалған екі бірдей баланы бауырларына басуға шамалары жетпеді. Үкімет өлтірмес деген үмітпен екеуін Ақсудағы балалар үйіне өткізеді. Анасынан айырылған күні-ақ алты жасар қарындасын бауырына басып жылап отырып ержетіп, ес жиып үлгерген Құдайберген бала жүрегімен қарындасының ендігі жердегі әкесі де, анасы да өзі ғана екендігін түсініп, ата-анасының атына кір келтірмей ержетіп, үл­кен азамат болуға ата-анасының аруағы алдында уәде берген болатын. «Жыртық үйдің құдайы бар», деген емес пе, Құдайбергеннің бұл уәдесі Жаратқанның құлағына жеткендей. Бүгінде бір әулеттің ғана емес, 220 мың­нан астам халқы бар Алатау ауданының ақсақалдар алқасын басқарып отырған Құдайберген ағаның еңбек кітапшасын па­рақ­тап шықсақ, шынымен де ең­бек жолын 1956 жылы Ақсу аудандық Пионерлер үйінің ди­рек­торлығынан бастаған ол кісі саналы ғұмырының 41 жылын ел басқару ісіне арнапты. Ол еңбек­тері елеусіз де емес. 1982 жылдан 1987 жылға дейін Орталық Кәсіп­одақ Кеңесінің пленум мүшесі болса, Қарасай аудандық  кеңесінің, кейіннен аудандық мәс­лихат депутаттығына сайланды. «Ең­бектегі ерлігі үшін», «Ерен ең­бе­гі үшін» медальдарымен марапатталды. 2005 жылы зейнет жасына шыққан Құдайберген Қабдолдин қол қусырып қарап отыра алмады. Енді қоғамдық жұмысқа араласып, ауылдағы ақсақалдардың басын қосып, оларды пайдалы іс атқаруға шақырды. 2008 жылы Алатау ауданы құрылған тұста аудан әкімі Бағдат Мәнізоров Құдайберген ақсақалға елдің басын біріктіріп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» жұмылып жұмыс істеуге шақырды. Содан бері де зымырап сегіз жыл уақыт өте шығыпты. Құдайберген Қабдолдин басқаратын ақсақалдар алқасы тек аудан аумағында ғана емес, қала, тіпті, республика көлеміне танымал ұйымға айналды. Олар ақылмансып құр сөз айтудан бой­ларын аулақ ұстап, жастарды өздерінің белсенді істерімен үлгі көрсете жүріп тәрбиелей бастады. Ақсақалдар алқасына қарасты 25 ұйым талай тентекті тезге салып, талай адасқан жандарды ұясымен қайта табыстырды. Елбасының саясатын халық арасына жеткізуге ықпалдарын тигізді. Соның нәтижесі болар, аудан құрылған сегіз жыл ішінде олар екі рет Президент сайлауын, екі рет Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткі­зуде белсенділік таныта білді. Спорттық жарыстарға қатысып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, аудандағы 27 елді мекенде тұратын өнерлі зейнеткерлердің басын біріктіріп «Ардагерлер» хо­рын, «Әжелер» ансамблін ұйым­дастырды. Құдайберген аға әдемі қартая білудің үлгісін көрсетіп жүрген өнегелі жан. «Мерейлі отбасы» қалалық байқауының жеңім­паздары. Жұптары тек қуа­ныш пен бақыттан мүсінделген Құдай­берген әкей мен Тұраш шешей бұйыртса, екі жылдан кейін гауһар той иелері атанады. Сексенге келдім деп айтқаны бол­маса, Құдайберген ақсақалды көрген адам жігіт жасы жетпіске де жетпеген шығар деп топшылау­ы мүмкін. Денесін әлі күнге дейін тік ұстайтын, қаншама қиындықты басынан өткерсе де жүзін әжім шала қоймаған ақсақалдан әдемі қартаюының сырын сұрағанбыз, Құдайберген әкей оның бар сыры отбасындағы береке-бірлік пен отбасындағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігінің, махаббатының жемісі, алған жары жақсы, бала-шағасы өмірден өз орындарын тауып, еліне қызмет ететін деңгейге жеткен ата-ана еш­қашан қартаймайды дейді тағ­дыр шыңдап, жетпістен желіп өтіп, ғұ­мыр таудың сексен деген шы­ңына шыққан Алатаудың ақсақалы. Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ. АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024