Қазақстан • 06 Мамыр, 2024

Ортақ әліпби жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Әзербайжан астанасы Бакуде Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссиясының екінші отырысы өтті. Аталған жиынды Түркі Академиясы Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих жоғары кеңесі жанындағы Түрік тілі қоғамымен бірлесіп және Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы Насими атындағы Тіл білімі институтының қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz Түркі Академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ортақ әліпби жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті

Фото: Түркі Академиясының баспасөз қызметі

Басқосуға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Түрік тілі қоғамының президенті Осман Мерт, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті Иса Габиббейли, Ататүрік орталығының төрағасы Низами Джафаров және ТМҰ ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов, сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерден және бақылаушы мемлекеттерден келген Комиссия мүшелері мен тіл білімі саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары қатысты.

Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссияның екінші отырысында бауырлас мемлекеттердің өкілдері ортақ әліпби идеясын ілгерілету бағытындағы жаңа қадамдарды талқылады.

Отырыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шаһин Мұстафаев ортақ әліпби мәселесі — түркі халықтары ынтымақтастығының маңызды бағыты екенін атап өтті.

«Түркі әлемінің бірлігін нығайту үшін әліпби бірлігіне де мән берілуі тиіс. Соңғы жылдары түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық институционалды сипатқа ие болған сайын, ортақ әліпби мәселесі күн тәртібінде жиі қозғала бастады», деді Ш.Мұстафаев.

Айта кетсек, Түркі мемлекеттері ұйымымен келісе отырып, Түркі Академиясының базасында жұмыс істейтін комиссия әр тараптан лингвистикалық салаға жауапты екі мүшенің қатысуымен құрылған болатын. Комиссияның алғашқы отырысы 2023 жылы 29 мамырда Астана қаласында өтіп, бірқатар маңызды шешімдер қабылданған еді.

Түркі Академиясы