Таным • 24 Сәуір, 2024

Ғалам ғажаптары: Ауыр ой

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күлкілі және оғаш мүсіндер жасау ХХ ғасырдың аяғында сәнге айналды. Солардың бірі – бельгиялық мүсінші Томас Леройдың қолынан шыққан өнер туындысы.

Ғалам ғажаптары: Ауыр ой

«Ауыр ойлар» деп аталатын мүсін 2009 жылы қоладан қашалып жасалған. Өнертанушылар бұл шығарманы сюрреализм бағытына жатқызады.

Яғни бұл мүсін әдеттегі ережелердің шекарасына сәйкес келмейді. Дене пішіні қалыпты болғанымен, басы өте үлкен. Ауыр ойды арқалай алмай денесі қисайып, басы төңкеріліп жатқаны талайлардың таңдайын қақтырды. Себебі адамдар бұл мүсіннен өздерін таниды. Расымен, біз арқалап жүрген ең ауыр жүк – өзіміздің ойларымыз.

 

Қуыс кеуде

см

2013 жылы Францияның Марсель портында Каталано Бруноның мүсіндері халыққа таныстырылып, ә дегеннен көпшіліктің көңілінен шықты. Солардың ішінде ең танымал болғаны – «Саяхатшылар» деп аталады.

Иә, оның чемоданынан-ақ жиһанкез екенін аңғару қиын емес. Бірақ неге кеудесі қуыс? Әлемді аралаған жанның ішкі әлемі де бай болу керек еді ғой. Сөйтсек, автордың айтпағы мынау екен. Егер қилы-қилы күндерді бастан кешкен саяхатшының екі көзі бәрін көріп, бәрін бақылағанымен, көкірегі керең болса, бәрі бекер деген сөз. Тоқсан елді аралаған туристің қиялы жұтаң болса, түйгені жоқ деп ұғыңыз. Санасында мысқалдай таңба, жүрегінде зәредей эмоция қалмайды. Қысқасы, көпті көргеннің бәрі көсемдік көрсете алмайды, егер көкірегі ояу болмаса. Қазір әлеуметтік желінің әсерінен бе екен, халықтың шетелге ынтызары ерекше. Сіздің де Францияға жолыңыз түссе, Эйфель мұнарасынан бұрын осы бір ескерткішке соққаныңыз абзал деп ойлаймыз.

 

Жалаң аяқ

чсм

Будапештегі Дунай өзенінің жағасында жүздеген аяқ киім жатыр. Бір көрген адам мұны жа­ғажайдың сәні үшін қойылған ес­керткіш деп ойлауы мүмкін. Бірақ олардың символдық мәні мүлде басқа.

Мүсіннің авторы – Жюль Пауэр. Оның бұл еңбегі соғыс уақытында оққа ұшқан Холокост құрбандарын еске түсіреді. 1944-1945 жылдары Венгрия нацистік партиясының мүшелері Дунай жағасында бірнеше мың адамды ату жазасына кес­кен. Атылар алдында тұтқындардың аяқ-киімін шешу талап етіліпті. Сондай-ақ оқты үнемдеу үшін 50-60 адамды бір-біріне байлап атқан. 2005 жылы құрбан болғандарды еске алу үшін өзен жағасында 60 жұп темір аяқкиім орнатылды. Құрбандарды еске алу үшін жыл сайын мұнда мыңдаған туристер келіп, суретке түсіп жатады.