Айбын • 06 Мамыр, 2024

Шекарашы сарбаздар ант қабылдады

106 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

5 мамыр – ҰҚК Шекара қызметінің сапына алынып, әскери өмірдің әліппесімен танысуды бастаған жас сарбаздар үшін естерінде ерекше сақталып қалатын күн. Өйткені, сол күні Алматы облысы департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының техникалық және кәсіби даярлық бөлімінің 600-дей сарбазы Отанына адал қызмет атқаруға салтанатты түрде ант берді.

Шекарашы сарбаздар ант қабылдады

ҰҚК

Аталған рәсімге департамент бастығы полковник Ә.Каюпов бастаған қонақтар, Шекара қызметінің ардақты ардагерлері, салтанатты түрде ант қабылдаған сарбаздардың ата-ана, туыстары қатысты. Саптық алаңға Жауынгерлік Ту шығарылғаннан кейін, жиналған қалың қауым тағатсыздана күткен шара басталып кетті.

ҰҚК

Айта кету керек, шекарашылар сапына көктем мезгілі басталған кезде алынған сарбаздар мұнда өздерінің жауынгерлік даярлықтарын шыңдап қана қоймай, ел шебіне қажетті мамандықтарды да игеріп шығажы. Бұл – аспаз, байланысшы және санитарлық нұсқаушы мамандықтары. Сондай-ақ Отан алдындағы борыштарын ел шебінде өтеуге дайындалып жатқан сарбаздарды алдағы уақытта тамаша мүмкіндіктер күтіп тұр. Атап айтқанда, сарбаздық міндеттерін абыроймен өтеген мерзімді қызметтің жауынгерлері өздері қалаған отандық жоғары оқу орындарына тегін түсе алады. Бұған қоса, айта кетсек, өзінің саналы ғұмырын ел шебімен байланыстырғысы келетіндер үшін еліміздегі және шетелдік жоғары әскери білім ұстаханаларының есігі айқара ашық. Осы орайда, департамент бастығы Әлібек Каюпов аталған мүмкіндікті иеленген «Көктем-2023» шақырылымының үш сарбазы: Диас Хамзин, Мақсат Зада, Арсен Матқұрмановтарға өздері таңдаған жоғары оқу орындарының сертификаттарын салтанатты түрде тапсырды.

ҰҚК

Сарбаз ғұмырында бір рет қана болатын маңызды мезетке куә болған ата-ана, бауыр, құрбы-достардың ерекше толқынысы бал-бұл жанған жүздерінен байқалып тұрды. Әсіресе, немерелерін сағынып келген ата-әжелердің қуаныштарында шек жоқ.

Шекарашыларды ант қабылдауларымен құттықтаған департамент бастығы Ә.Каюпов жас толқындардың алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Келесі кезекте сөз алған Наурызбай ауданы әкімі орынбасары Мирас Нысаналиев, сондай-ақ, шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы запастағы полковник Д.Мамырханов, аталған аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы Мәдениет Кәрпеновтер ел тыныштығымен тікелей байланысты шекарашы мамандығының қастерлі саналатынын тілге тиек етті, сарбаздардың берген анттарына адалдық танытатындарына сенім білдірді.

Сондай-ақ сапта тұрған сарбаздардың атынан мінберге көтерілген қос шекарашының бірі, қатардағы жауынгер Эмиль Маликов құдды Мағжан Жұмабаевтың «біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ...» деген өлеңін еріксіз еске салып тұрғандай екен. Іс-шараны Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сайыпқырандары жалғастырып, жиналған қауым арнайы жасақтың қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін тамашалады. Сонымен қоса, күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға машықтанған әскери қызметшілер мемлекеттік шекара бұзушыны ұстаудың тәсілдерін шебер көрсетті.

ҰҚК

Іс-шара соңында Наурызбай ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен, жас бишілер мен әншілер тамаша өнерлерімен мерекелік көңіл-күй үстеді.

Тағы бір айта кететін жайт, рәсім кезінде ата-аналар ұлдарының мерзімді әскери қызметтерін өткерген соң еліміздегі жоғары оқу орындарының біріне грантқа үміткер бола алатынын білді.

Мерекелік іс-шара аяқталған соң алғаш рет сарбаздарға жақындарымен бірге қалаға серуендеп келуге рұқсат берілді.

 

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі