26 Наурыз, 2016

Алтын баулы шаңырақ

793 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
* М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына – 90 жыл М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры-2Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы  академиялық драма театрының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Бұл – тек театр үшін ғана емес, жалпы Қазақ елі мен қоғамы үшін, өнері мен мәдениеті үшін үлкен рухани мереке. Өйткені, мұндай театр ашу – өткен ғасырдағы мемлекет қайраткерлері, Алаш ардақтылары мен ел зиялыларының арманы еді. М.Әуезов театрының бүгіні – сол үлкен  армандардың орындалуы. Сонымен қатар, әлемдік интеграцияға бет алған бүгінгі тәуелсіз Қазақстан өнерінің жарқын мазмұны.  ерлан біләлЕрлан БІЛӘЛ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Кеңестерінің 1925 жыл­дың сәуір айында өткен 5-құрыл­тайының шешімінде «Қазақтың Ұлттық театрын ұйымдастыруды жедел­дету» мәселесі қойылды. Сол ал­ғашқы кезінен-ақ Қазақ Ұлт­­тық театры аталған кәсіби өнер ор­да­сының ашылып, еңсе тік­теуі­не Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ж.Ша­­нин, Қ.Сәтбаев, О.Беков, т.б. көп­те­ген қайраткерлер атсалысты. 1925 жылдың күзінде театрды ұйым­дастыру жұмыстарын сол кез­дегі Қазақстан Халық ағар­ту комис­­­сариатының бастығы С.Сәду­а­­қасов өзі қадағалап отыр­ды, театр­­­дағы алғашқы шығар­ма­шы­лық-шаруашылық ұйым­дастыру жұмыстарын алғашқы директоры Д.Әділов жүзеге асырды. Тарихи құжаттар театр ашу үшін үкіметтен арнайы қаржы бөлі­­­­ніп, сол жылдары халық ара­сын­­­да аты шыққан, ел-ел, жер-жер­­­­дегі дарынды өнерпаздар, ән­ші, күйшілерге, бас-аяғы 23 адам­ға шақырту жол­дан­ғанын көр­­сетеді. Сол кездегі астана Қы­зыл­­­ордаға алғашқы болып Қос­та­най­­дан С.Қожамқұлов келіп­ті. Театр шаңырағын көтеріп, ке­ре­­гесін тіктеуіне алғашқы бас ре­жис­сері Серке атамызбен бірге Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Ба­дыров, Қ.Жандарбеков, төкпе ақын И.Байзақов, атақты әнші Ә.Қашау­баев, балуан Қ.Мұ­ңайт­пасов, тағы да басқа көптеген өнер­паздар атсалысты. 1926 жылдың 10 қаңтарында Қ.Кемеңгеровтің «Ал­тын сақинасын», 13-і күні М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын көрсетіп, соңынан концерт берумен ресми ашылған Ұлт театрының атағы бү­кіл елге кеңінен тарап, республика өмі­ріндегі бұл аса елеулі оқиға бүкіл елдің қуанышына айналған. Қы­зылордаға сол жылы күзде жеткен Ж.Шанин театрдың директоры әрі көркемдік жетекшілігіне таға­йын­далып, ұжымның шығарма­шы­лық қалыптасуына аса көп ең­бек сіңірді. Міне, содан бері 90 жыл өтіпті. 1928 жылы республиканың оң­түс­­тік аймағында, Бішкекте гас­трол­ь­де болған театр Алматыға ке­л­іп, жаңа астанада орнығады. 30-жыл­­дар белесінде театр Қ.Бай­­­сейітов, К.Байсейітова, Қ.Бе­йісов, Ш.Жиенқұлова, М.Шамова, М.Ержанов, Ж.Еле­беков, Х.Еле­бекова, К.Қар­мысов, С.Тел­ғараев, Ә.Ха­­сенов, Қ.Әділ­шінов, Ж.Өгізбаев, А.Абдул­лина, А.Жо­лымбетов, Ж.Жал­­мұха­медова, Р.Сәлменов, Р.Қой­шы­баева, Ш.Айманов, С.Май­қанова, Г.Сыз­дықова, т.б. жаңа шы­ғар­­ма­шы­лық күшпен толықты. 1933 жылы музыкалық студия ашылып, ұжымдағы әншілік таланты басым актерлер сонда ауысты. Бүгінгі таңда республикамыздағы іргелі өнер ордалары: Абай атын­дағы опера және балет театры мен Жам­был атын­дағы республикалық филармония, «Қазақконцерт» сол кезде М.Әуезов театры құрамынан бөлініп шыққан музыкалық театр негізінде құрылған. Театрдың тарихында М.Әуезов­тің есімі алтын әріптермен жазылады. Алғашқы күндерден бастап-ақ бағыт-бағдар беріп, актерлерге ұстаз болған, өзінің көркем пьесаларын осы театрға арнап жазған ұлы суреткердің көркем мұрасы біз­дерге рухани азық. М.Әуезовтің қалам­дастары, қатарластары, Қ.Ке­меңгеров, І.Жансүгіров, С.Сей­фуллин, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұ­қанов, өкшесін басқан Ш.Хұ­са­йынов, Ә.Әбішев, Ә.Тәжі­баев, Қ.Мұхамеджанов, Т.Ах­танов, кейін­гі буын Қ.Ысқақ, С.Жү­нісов, О.Бодықов, Е.Домбаев, А.Сүлей­менов, О.Бөкей, Б.Мұқай, Т.Ах­мет­жан; сонымен қатар, жазушы, ақын драматургтер Ә.Тарази, Д.Иса­беков, Т.Нұрмағамбетов, Т.Әб­дік, Н.Оразалин, С.Балғабаев, И.Ораз­бай, И.Сапарбай, И.Вовнянко, Шахимарден, С.Асылбековтің пьесалары театр репертуарын байыта түсті. Кейінгі буын драматургтер Е.Аманша, Р.Мұқанова, Р.Отарбаев, Е.Жуасбек, Д.Амантайлар қатары да толыға түседі деген ойдамыз. Әлем драматургиясынан Софокл, Еврипид, Шекспир, Мольерлерден бастап бүгінгі замандасымыз Т.Жу­женоғлыға дейінгі қаншама пьеса сахналанды. Осының бәрі театрдың ғана емес, қазақ руханиятының байлығы. 90 жыл дегеніміз 10 жылы кем бір ғасыр! Бір мақалада бүкіл тарихты түгесіп айту мүмкін емес. Дегенмен де, мерейтой тұсында театрдың бүгінгі биігіне жетуінде еңбегі зор сахнагерлердің есім­дерін атамасқа болмайды. Театр­да буын-буынмен актерлік мектеп – Ж.Жалмұхамедова, Х.Бө­кеева, Ш.Жандарбекова, Б.Ри­мова, Ш.Айманов, М.Сүр­тібаев, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Т.Жай­лыбаев, З.Шәріпова; Ф.Шә­ріпова, Ә.Молдабеков, Е.Жай­саңбаев, Р.Әуезбаева, М.Аб­дуллина, Р.Те­леубаев, Ғ.Сүлейменов, Ж.Ме­дет­­баев, бұлардан кейінгі буын­да Ә.Бо­ранбаев, Ә.Кенжеев, Қ.Сұл­тан­баев, У.Сұлтанғазин; сондай-ақ, Б.Нау­рызов және бүгінде Астана театрында еңбек етіп жүр­ген Г.Әс­петова, Т.Мейрамов, Ж.Мей­рамова, Н.Тәшімова, Қ.Тілеуова, Л.Әб­­зелбаевалар; режиссурада – А.Тоқ­панов, Б.Омаров, Ә.Мәмбетов, Р.Сейт­метов, Е.Обаев, Ж.Омаров, Қ.Жет­пісбаев, А.Пашков, В.Пұсыр­манов, М.Байсеркенов, Б.Атабаев, Қ.Сүгірбековтер; сценогра­фия­да – Қ.Қожықов, М.Ержанов, Д.Сү­леев, С.Үмекенов, М.Жолтаев, Ф.Мұ­қанов, Қ.Ақбаевтар өнерімен қалып­тасып, шыңдалды, кәсіби биік­ке көтерілді. Қара шаңырақ театр тарихының үштен бір бөлігі тәуелсіздік жыл­дары­на келеді. Болашаққа көз тігіп, мына жаһандану заманында өзге елдермен иықтас, тұрғылас өмір кешемін дейтін қай ел, қай мем­лекеттің де рухани тұғыры биік болмағы шарт. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жол­дауында атап көрсеткендей: «Тәуелсіздік арқылы мәдениетіміз құлашын кеңге жайып, қарқынды дамуға зор мүмкіндік алды». Бүгінде қара шаңырақ алыптар салған дәстүр-жарастықты жал­­ғастыра, құлашын кеңге жая өр­кен­деп отыр. Ұлттық сахна өне­рінде сапалық өзгеріс жасап, одақ­қа, бірталай шетелдерге таныт­қан Ә.Мәмбетовтің шәкірт-үзең­гілес­тері, көрнекті сахнагерлер – театр­дың көркемдік жетекшісі А.Әшімов, театр кеңесшісі Е.Обаев, үлкен буын көрнекті актер­лер С.Оразбаев, Х.Елебекова, З.Шә­ріпова, Н.Мышбаевалар қара шаңы­рақ­тың ғана емес, қазақ сахнасының қазынасы. Олардың ізін ала аға буын Т.Тасыбекова, С.Қожақова, Б.Имашева, Ғ.Байқошқарова, Қ.Тас­танбеков, Р.Машурова, Т.Жа­­манқұлов, Б.Жанғалиева, Т.Арал­баев, С.Мерекеұлы, сондай-ақ, О.Ке­небай, Ш.Ахметова, М.Өтекешова, Ш.Мең­диярова, М.Нұрәсіл, Ғ.Әбді­нәбиева, Р.Хаджиева, Г.Жақып, А.Бектемірлер; бұ­лар­ға үзеңгілес буын Б.Қожа, А.Сейтметов, Д.Темір­сұлтанова, Б.Қаптағай, Б.Әбділ­манов, Б.Тұрыс, Ғ.Құлжанов, Ж.Ма­ханов, О.Қыйқымов, Ж.Әміров, М.Омар­бекова, Ү.Сей­тім­бет­тер же­міс­ті еңбек етіп келеді. Тағы да тізімге жүгінуге тура келеді. Қазіргі таңда сахнаның ауыр жүгін көтеріп отырған кәсібилігі жоғары орта буын десек, бұл мо­йын­далған шындық. Д.Ақмолда, А.Боранбай, Ж.Толғанбай, Д.Жүсіп, Ш.Асқарова, Ш.Жанысбекова, Г.Тұтова, К.Шаяхметова, Н.Бек­сұл­т­анова, Б.Айтжанов, А.Сұрапбай, Н.Қарабалина, Ж.Садырбаев, З.Көпжасарова, Б.Қажнәбиева, А.Саты­балдиева, Н.Жекенова, А.Бө­кен­бай; бұлардан кейінгі буын Е.Дайыров, Л.Қалдыбекова, Г.Шың­ғысова, Р.Сенкебаев, Д.Мұ­саев, Т.Сағынтаев, А.Шаях­метов, Ж.Байсалбеков, Б.Жа­қып­бекова, А.Өмірова, Н.Әбілов, С.Құ­лым­бетова, Е.Тұрыс, Е.Бектасов, С.Ба­қаева, З.Карменова, А.Бақыт­жанова, Ғ.Оспанов, М.Мұхтарұлы, Қ.Набиолла, А.Жұмабаевтардың өнерін көрермендер сүйсіне тамашалайды. Актерлік құрам жас буынмен толығуда. Режиссураның ауыр жүгін қол­таң­балары әртүрлі танымал сахнагерлер Е.Обаев, А.Әшімов, Т.әл-Тарази, Ә.Рахимов, А.Кәкішева, жас буын Е.Нұрсұлтан, Е.Нұртазиндер көтерсе, сценографияда Е.Тұяқов, Е.Әдісбек, М.Сапаровтар бар. Театр қоғаммен байланыстың заманауи әдістерімен жұмыс жасау­ға көшті. Ішкі және сыртқы мақ­сатты ортамен байланыс, әлеу­меттің әр тобымен әріптестік жолдары жүзеге асырыла бастады. Әрине, ең басты мақсатымыз – зама­­­ны­мыздың тынысын, жаңа тұр­пат­ты еліміздің өмірін, замандастарымызды бейнелейтін, көркемдік-эстетикалық ізденіс аясы кең жаңа қойылымдар шығару. Әр кезеңнің өзіндік идеалдары, басымдықтары, идея-мақсаттары болады. Бүгінде еліміз мүлдем жа­ңа саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік кеңістікте күн кешуде. Рухани тұғырдың маңызды бөлі­гі өнерге, оның ішінде халықты ұлт­қа айналдыра алатын театр өнеріне елімізде үнемі ерекше көңіл бөлі­ніп отырады. Алға қойылған мақсат-міндеттер де ауқымды. Бұл міндеттер ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан хал­қы­на Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген  Қазақстан Респуб­ли­касының мәдени сая­саты­ның ұзақ мерзімді тұжырым­да­ма­сында сараланып, айқын көрсетілген. Театр репертуарындағы ұлттық және әлемдік классиканың жауһар­лары, бүгінгі драматургияның озық туындыларының азаматтардың рухани-адамгершілік бағдарларын, қазақстандық жаңа отансүйгіштік пен орнықты құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы рөлі үлкен. Және бүгінгі идеологияның қазығына айналып отырған «Мәңгілік Ел» идеясына қызмет етеді. Бұл ретте театрдың тарихи спектакльдердің орны бөлек десек, ерекше атауға болатын үлкен жобамыз – өткен жылы қыркүйекте Қазақ хандығының 550 жылдығы салтанатында Тараз­дағы мереке күндері ашық ас­пан астында 700 адамның қа­ты­суы­мен көр­сеткен «Қилы жол» (Ж.Ерғалиев) қо­йылымы. Тарихи-патриоттық тақырыптағы бұл алаңдық қойылым еліміздің сахна өнері тарихындағы ғана емес, рухани тәжірибесі орайынан да аса сәтті мегажоба деуге әбден болады. Ұжымның жаңа жұмысы, көрнекті жазушы І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша премьерасы енді ғана болған қойылым да (сахналық нұсқа Ә.Бағ­дат, режиссер А.Кәкішева) осы идеядан бастау алады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап тарихи спектакльдер апталығын ұйымдастырып, көрермендерімізге «Томирис», «Қорқыттың көрі», «Қазақтар», «Бей­барыс сұлтан», «Алмас қылыш», «Абай», «Қилы заман» спек­такль­дерін ұсынамыз. Көркем әдебиеттің озық үлгі­лерін сахналау – театрдың қалып­тасқан дәстүрі. Көрнекті жазушы Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы бойынша сахналық нұсқасын Е.Жуасбек жасап, Т.әл-Тарази режиссерлігімен сахнаға шыққан спектакль сол игі дәстүрдің жалғасы. Мәдени саясаттың аса маңызды міндеті ізгі адам тәрбиелеу. Театр репертуарында бұл бағыттағы спектакльдер ежелден баршылық. Ал соңғы көркем қойылымымыз қазақ режиссурасы жаңа буы­ны­ның өкілі А.Маемиров сахна­ла­ған көрнекті орыс драматургы А.Володиннің «Қоштасқым кел­мейді!..» драмасы. Отбасы құнды­лықтарын қастерлеуге бастайтын қойылым, әсіресе, жастар арасында қызу талқыланып, әлеуметтік әсері жоғары болып отыр. Тұжырымдамада көрсетілген ұлттық саналуандылықты сақтау және Қазақстан халқы мәдениетін үйлесімді дамыту негізінде бүкіл­қазақ­стандық мәдени кеңістікті дамыту бағытындағы жұмыстарымыз да жеміссіз емес. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнап басқа ұлт театр­ларымен біріге отырып арнайы жоба дайындамақпыз. Репер­туарымызға өткен, 89 маусымымызда қосылған «Қаза мен жаза» спектаклін белгілі қазақстандық сценарийшы И.Вовнянконың пьесасы бойынша театрдың көркемдік жетекшісі А.Әшімов сахналады. Қазақстандық өзге де жазушы-дра­матургтармен, Ұлттық орта­лық­т­армен тығыз байланыстамыз. Спектакльдерімізге өз­ге ұлт өкіл­дері, Алматыдағы орыс мек­теп­тері­нің оқушылары жиі келеді. «Қазақстан-2050» Стратегия­сын­да басым бағыттардың бірі ретінде – жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша сер­пін беру, қазақстандықтардың бәсе­­кеге қабілетті мәдени менталь­ді­гін қалыптастыру мәселесі атап көрсетілді. Қара шаңырақ театр бұл орайда ұлттық сахна өнерін әлемдік кеңістікке шығару бағы­тында еңбектеніп келеді. Мұның көрінісі – халықаралық жобаларды жүзеге асыру және халықаралық фес­тивальдарға қатысу. Атап айт­қан­да, «Отелло» спектаклі Ресей және Беларусь сахнагерлерімен, ал «Қорқыттың көрі» литвалық сахнагерлермен бірігіп қойылды. Екі қойылым да мамандар және көрермендер тарапынан жоғары баға алды. Мерекелік 90 маусымына театр жақсы жетістіктермен келді деуге болады. Солардың бірі – ұжым­ның бірнеше халықаралық театр фестивалінде еліміздің өнерін өзге елдерге паш етуі. Соңғы жылдары Мәдениет министрлігінің, жалпы Үкіметіміздің қолдауымен театрымыз халықаралық фестивальдарға жиі қатысып, еліміздің сахна өнері жетістіктерін өзге елдерге паш ете бастады. Ұлттық рухты, отан­сүйгіштікті дәріптеген «Бей­барыс сұлтан» (Р.Отарбаев, реж.Ю.Ханинга-Бекназар) қойы­лымы өткен жылдың сәуір айында Түркияның Конья қаласында өткен «Мың үн – бір дауыс» атты VIII театр фестиваліне қатысып, «Ең үздік спектакль» атанып қайтса, ежелгі түркілік танымды қазақы болмыспен шебер шен­дес­тіре білген «Қорқыттың көрі» (Иран-Ғайып, реж.Й.Вайткус) қойылымы Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен «Наурыз» халықаралық фести­валінде көр­сетілді. Бұл қойы­лым режиссурасы өз алдына актерлік ойын шебер­ліктері тұрғысынан Халық­аралық қазылар алқасы мүше­лері тарапынан өте жоғары баға алды. Бәсекеге қабілетті ментальдыққа ұмтылудың бір жарқын көрінісі – театр актерлерінің үштұғырлы тіл талабынан шығып, орыс тілімен қатар ағылшын тілінде сөйлей бас­тауы. Театр Беларусь елінің Брест қаласында өткен «Белая Вежа» халықаралық фестивалінде «Бей­барыс сұлтанды» ағылшын тілінде ойнап, актерлердің қарымы мен мүмкіндігін басқа жұрттың алдында танытып қайтты. Театрдың кіші залында Өнер академиясының түлектерінің жұмылдыруымен тағы да екі спектакль ағылшын тілінде сахнаға шықты. Театр «Бейбарыс сұлтан» спек­таклі­мен Атырау қаласында өткен Р.Отарбаев атындағы Халық­аралық театр фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. Ал талантты жас режиссер Е.Нұрсұлтан сахналаған «Қас-қағым» қойылымы Қырғызстанның «Арт-Ордо» халықаралық фести­валінде Бас жүлдені иеленді. Театры­мыз Қазақстан мен Орталық Азия театрларының екі жыл сайын өтетін халықаралық фестиваліне табысты қатысып келеді. Республика имиджіне жұмыс істейтін бұл фес­тиваль Мәдениет және спорт министр­лігінің ұйымдастыруымен биыл күзде 6-шы рет өткелі отыр. Фестиваль демекші, М.Әуезов театрының өзінің «Театр көктемі» атты төл фестивалі бар. Биыл 21-ші рет, 24-27 наурыз аралығында өтіп жатқан өнер мерекесі қазақ өнері­нің көзі тірі аңызы Хабиба апа Еле­­бекованың 100 жасқа толуына арналады. Қазір қоғамда буын алмасу про­цесі жүріп жатыр. Бұл үдеріс М.Әуезов театрында да бар. Қазіргі таңда театрда салиқалы аға буын, мықты орта буын және талантты жас буын жарасыммен өнер жасауда. Театрдың маман кадрлары, атап айтқанда, режиссура, актерлік құрам, композитор, менеджерлік блок, ақпараттық технологиялар мамандары талантты жастармен толығуда. Қазіргі таңда жас буын сахнагерлерді киноэкраннан, небір ірі жобалардан жиі көреміз. Мысалы, Елбасының тапсырмасымен, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсіріліп жатқан «Қазақ елі» көркем фильмінде, өзге де кинокартиналарда, көптеген телесериалдарда М.Әуезов театрының актер­лері лайықты өнер көрсетіп жүр. Театрға жас буын актерлер, режиссура, драматургия, суретші, ком­позиторлар келді дедік. Демек, бәсекеге қабілетті мә­дени орта қалып­та­стыру сапа­лана түсіп, сах­наға жаңа та­ным, жаңа тіл келеді. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі, министр Арыстанбек  Мұха­медиұлы қандай да креативті идея­ларға үнемі қолдау көрсетіп оты­ра­тынын атап айту керек. Бұл жас буын үшін өте жақсы. Театр жас буын­ға арнап былтыр өткізген «Жа­ңа көз­қарас» және «Ашық сахна» идея­­лары жалғасын табатын болады. Мәдениет тұжы­рым­­дамасында көр­сетілгендей, қазір­­гі заманның үздік бейнелерін, атау­лы тарихи оқиғалар,.. мәдени мұра мен дәстүрді біл­ді­ретін жар­қын көркем бейнелер ж­а­сау – театрымыздың да басым бағыты.

ойласыу 001*Лебіздер легі

асанәлі әшімовАсанәлі ӘШІМОВ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Мен театрға келгелі 60 жылға жуықтады. Алғаш ак­­тер болып келгеннен бері қара­ шаңырақтың 30, 40 жылдық мерейлі мере­ке­лерін атап өткен асыл­дардың арасында болған едім, міне, содан бергі мерейтойларының бәрінің куәгеріміз. Тарихы жүзжылдықтармен есеп­телетін әлемдік театрлар бар, солар­мен салыс­тырғанда, біздің театр­дың 90 жасы деген – жігіт жасы. 90 жыл­дыққа аман-есен жеткеніміз, тойына қатысқанымыз, кейінгі буынмен бірге қуанғанымыз – біз үшін үлкен дәреже. Қалибек Қуанышбаев пен Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов пен Серке Қожамқұловтың мектебінен өтіп, солармен бірге спектакльде ой­нап, асқар таудай ағаларымның ар­қам­нан қағып қанаттандырғаны,  ойыныма баға беріп, одан сайын қам­шы­лағаны кез келген сын­шының пікірінен әл­де­қайда жоғары. Елу­бай ағаның жасының үл­кен­ді­гіне қарамастан, қал­жы­­ңымыз жарасатын еді. Менің режиссер ретіндегі ең алғашқы жұмысым «Ревизор» болса, осы спек­­такль­дегі Земляниканың рөлі Серағаңның соңғы рөлі болды. Бұл кезде Сер­ағаң­ның жасы 80-ге таяп қалған еді, бас репетицияның ең соңғы күні төтен­нен келіп қосылғанына қарамастан, сахнада 40 жыл бұрын ойнап кеткен кейіпкерінің бүкіл сөзін жатқа білетін болып шықты. Өкінішке қарай, бір-ақ рет ойнап үлгерді. Бірақ Серағамның менің спектаклімде ойнап кеткені үшін ғана бақыттымын. Сәбира апам, Хадиша апам, Бикен апам, Фарида құрдасым, Ыдырыс, Әнуар замандастарым сахнаға шыға келгенде олармен бірге Өмір ілесіп шығатын еді. Бұлар Өмірден өнер жасайтын немесе, керісінше, Өнерден өмір жасап шығаратын. дулат исабековДулат Исабеков, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – М.Әуезов атын­дағы ака­де­миялық театр тек біздің ғана мақ­таны­шымыз емес, атақ-абыройы дүр­кіреп, бүкіл Кеңес Одағы халқының аузында сөз болған театр. Әзір­байжан Мәмбетов бас­қарып тұрған кезең – бұл театрдың ең жұлдызды сәті болды. Сол мектеп әлі күнге жалғасын тауып келе жатқанына шүкіршілік айтамын. Зама­нында Мұхтар Әуезовтің барлық драмалық шығармалары жұртқа жол тартып жатса, одан кейін Ғабит Мүсіреповтің, содан беріде Тахауи Ахтановтың, Сәкен Жү­нісовтің, Асқар Сүлейменовтің, Қалихан Ысқақовтың, Әкім Таразидің, Оралхан Бөкейдің, Баққожа Мұқайдың іргелі, озық ойға құрылған, ізгілік дәнін себетін жақсы дүниелері сахнаға шықты. Біздің замандастардың ара­сында бірінші болып Оралханның «Құлыным менің» пьесасы қойылғанда, бұл өнердегі үлкен рухани оқиға ретін­де қабылданды. Театр ұлы Шек­с­­пирдің, Гольдонидің, Гоц­­­ци­дің шығармаларын сах­­на­лау арқылы қазақ ак­тер­лері­­нің кәсіби өсуіне, шың­далуы­на үлкен үлес қосып отыр­­ды. Шыңғыс Айтматов, Әбді­жәміл Нұр­пейісовтің шығармалары арқылы әлемге аты жайылды. Менің ең алғашқы «Әпке» ат­­ты тырна­қалды драмалық туын­дым осы қара шаңы­рақта 1978 жылы, Бәйтен Ома­ров бас режиссер болып тұрған кезде сах­­на­­ланды. Содан бері бұл театрмен ме­нің бай­­ланысым бір сәтке үзілген емес. Пре­мье­ра­сы өткен жылдың қарашасында бол­­ған «Жүз жылдық махаббат» атты дра­мам театр сахнасында қойылған жетінші пьесам. М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық театры – бүкіл республика театрларының шамшырағы. Бәрі де осы әкемтеатрға қарап бойын түзейді, осы театрдан үлгі алады. сәбит оразбаевСәбит Оразбаев, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Айтуға оңай бол­ғаны­­­мен, 90 жыл деген бір ғасыр. М.Әуезов театры­ның бір ғасыры осылай ұлы дәстүрменен аман-есен келе жатқаны көңілді қуан­тады. Театрымыздың негізі күш­ті болды. Мен өзімнің кіта­бымда театрға зор еңбек сіңіріп өзінің сыбағасын ала алмай, атақ-абыройға жете алмай қалған кісілер туралы жаздым. Олар – Әділшінов, Сәлменов, айта берсең өте көп. Театрдың негізін қалаған Әміре Қашаубаев қандай әнші еді. Париждегі дүние жүзі көр­­месіне барып айт­қан­­­дағы әні қандай. Сол сияқ­­ты, Қ.Жандарбеков, С.Қо­жам­құлов, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, оның бер жағында келе жатқан Ш.Ай­манов, Ж.Өгізбаев қан­дай керемет актерлер еді. Жап-жас кезінен бас героиня­лар­ды ойнап жүрген апа­лары­мыз Ш.Жандар­бекова, Х.Бөкеева, Ә.Өмірзақова,  Р.Қойшыбаева Ленинград­тан бітіріп келді. Қандай образдар жасады бұл кісі­лер. Одан кейін Мәс­кеу­ден Ы.Ноғайбаев, М.Бай­­зақова келді. Сол театр­дың дәстүрі, жеткен биік­тіктері – ол бірінен соң бірі таланттардың ш­оғыр­­ланып келуінде. 40-жылдары ең алғаш кәсіби ре­­жиссер А.Тоқпанов кел­­ді. Ол кісі келгенде Ғ.Мүсі­реповтің жазған мақаласы бар. Бізге нағыз маман келді деп. «Абай» спектаклін қойғанда М.Әуезов те қатты қуанған. Театрдың өміріндегі ең үлкен ал­тын ғасыры Ә.Мәмбетовтің есімімен байланысты. Оның кезінде қандай жаңа спектакль қойылса Мәскеудің мықты театр сыншылары талдап, жақсы пікірлерін білдіріп отырды. «Ваня ағай» спектаклімен Ә.Молдабеков жарқырап шықты. М.Әуезов театры Кеңес Одағы кезінде алдыңғы шептегі театрлардың бірі болды. АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024