26 Наурыз, 2016

Жетінші төраға, жеті комитет һәм 107 депутат

307 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
1 (1)-1Кеше Парламент Мәжілісінің алғашқы жалпы отырысы болды. Мәжіліс Төрағасы сайланғанға дейін заңға сәйкес жиынға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов төрағалық жасап, алдымен күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Күн тәртібіне жеті мәселе – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасын сайлау, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасарларын сайлау, Қазақстан Республикасының Үкіметіне сенім білдіру, Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің  саны мен атауы, Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің төрағаларын сайлау, Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің мүшелерін сайлау және Электронды жүйенің қолданылуын бақылау жөніндегі уақытша комиссия­ны сайлау туралы мәселелер енді. Күн тәртібі бекітілген соң депутаттар реті-ретімен мәселелерді қарауға кірісті. Бірінші мәселе Мәжіліс Төра­ғасын сайлауға байланысты Қ.Тұр­ғанқұлов  жалпы отырыс бары­сында Мәжіліс Төрағасы мем­лекет­тік тілді еркін меңгерген болуы керектігін, Мәжіліс депутат­тары­ның арасынан палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланатынын, Мәжіліс Төра­ғасы лауазымына кандидаттар­ды палата депутаттары ұсынатынын жеткізді. Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров Мәжіліс Төрағалығына Бақтықожа Ізмұхам­бетовті ұсынды. «Бақтықожа Сала­хатдинұлы – тәжірибесі мол, әртүрлі салада қызмет атқарған тұлға. Еңбек жолын 1971 жылы өн­дірістен бастап, мұнай-газ саласында жиырма жылдан астам еңбек етті. Сонымен қатар, мемле­кет­тік органдарда ұзақ жылдар қызмет атқарды. Атап айтсақ, Энер­гетика және минералды ресурстар министрлігін басқарды, облыстарға әкім болды. Одан басқа, Бақтықожа Салахат­динұлы депутаттық жұмысты жетік біледі. Қазақстан Респуб­ликасы Парламентінің Мәжiлiсі Төраға­сының орынбасары лауазымын абыроймен атқарды. Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасы бойынша  Үкіметпен, басқа да атқарушы органдармен  бес инсти­туттық реформаны, «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру мақ­сатында бірлесіп, белсене жұмыс жасау қажет. Бақтықожа Салахат­динұлы еліміздің көп партиялы Парламенті депутаттарын бірік­тіріп, бір жеңнен қол, бір жаға­дан бас шығаратын тұлға  деп есептейміз. Сол себепті ұсынылған канди­датураны қолдауларыңызды сұраймын», – деді Н.Әбдіров. Төраға лауазымынан үміт­кер­дің өз сөзін тыңдауды, сондай-ақ сұрақ қоюды басы артық санаған әріптестері кандидатураны талқы­лауға бір-ақ көшті. Депутат Шауқат Өтемісов өз сөзінде Мемлекет басшысының Парламент алдына жаңа мін­деттер қойып отырғанын, осы мін­деттерді жүзеге асыру барысында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе жұмыс жасайтын сәт туып тұрғанын жеткізді. Депутаттың пікірінше, палата Төрағасын сайлау үлкен жауапкершілік жүктейді. «Бақ­тықожа Салахатдинұлы Ізмұхам­бетов қай кезеңде болса да, қандай қызмет атқарса да өзін бі­лікті жетекші, тәжірибелі ұйым­дастырушы және жауапты саясаткер ретінде көрсете білді. Оның жұмыс тәжірибесінде Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары болып қызмет атқарғаны депутаттар үшін ерекше маңызды жайт. Бұл біздің палатаның жұ­мысын нақты және тиімді жолмен ұйымдастыруға негіз болатыны еш күмән туғызбайды», – деді Ш.Өтемісов. Қазақстан Коммунистік халық партиясынан депутат Владислав Косарев өз сөзінде өткен сайлау елдегі саяси күштердің бірлігін көрсеткенін айта келе, кең ау­қым­ды саяси пікір алуандығы бар кезде бірлік пен мақсаттылық таны­ту елдің біртұтас даму жолын­да екенін аңғартатынын атап көрсетті.  Ол әріптестерін билік пен халық­тың бірлігін нығайта отырып, алдағы асқаралы биіктерді ба­ғын­дыруға шақырды. Төрағалыққа ұсы­нылып отырған Бақтықожа Ізмұхамбетовтің еңбек­қор­лығын, істің адамы екенін жақсы білетінін жеткізіп, оның кандидатурасын қолдайты­нын мәлімдеді. «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан сөз алған Азат Перуашев Бақтықожа Сала­хат­динұлы өндіріс саласында, мем­лекеттік басқару саласында да өлшеусіз еңбек еткен тұлға екенін айта келіп, «Ақ жол» фрак­ция­сы оның кандидатурасын қол­дайтынын жеткізді. Қазақстан хал­қы Ассамблеясы сайлаған Роман Ким де Бақтықожа Сала­хат­дин­ұлының өндірістің қыр-сырын же­тік білетін, сондай-ақ, жергі­лікті және орталық басқару органдарында ұзақ жыл қызмет атқарған мемлекетшіл тұлға,  Парламент қызметінен де жан-жақты хабардар екендігін назарға салды. Ұлтаралық келісімді нығай­тудағы үлесін де  ерекше баға­лай­тынын айта келіп, оның басшы­лығымен Парламент Мә­жілісі заңдық тұрғыдан Елба­сының  бес институттық реформасын және басқа да стратегиялық бағ­дарламаларын жүзеге асыру­ға сенімді екенін білдірді. Сөзінің соңында әріптестерін Б.Ізмұ­хам­бетовтің кандидатурасын қол­дауға шақырды. Сөйтіп, жасырын дауыс бе­ру нәтижесінде VI шақы­рылым Парламент Мәжілісінің Төрағасы лауазымына Бақтықожа Ізмұхамбетов бірауыздан сайланды. Ал Парламент Мәжілісінің жа­ңа­дан сайланған Төрағасы Бақ­ты­қожа Ізмұхамбетов сенім көр­­сеткен әріптестеріне алғысын жет­кізді. «Мен мұны өзіме көр­сетілген үлкен сенім және мен үшін жоғары жауапкер­ші­лік деп түсінемін. Өткен сай­лау біздің бірлігіміз бен топтас­қа­ны­мызды көрсетті. Қазақ­стан­дықтар Елбасының елімізді дамыту аясында ұсынған страте­гия­лық бағыттың дұрыстығын және мұқият ой елегінен өткіз­ген­дігін түсінді, оған сенеді. Сайлау­шылардың бұрын-соңды болмаған белсенділігі де осыны көрсетті деп ойлаймын. Бүгін Қазақстанда көппартиялы Парламент дәстүрі қалыптасқанын сеніммен айта аламыз. Екінші сайлау қатарынан үш партия халықтың сеніміне ие болып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы біздің көпұлтты халқымыздың  әртүрлі этнос өкілдері  Мәжіліске енді. Парламенттің пікір алуандығы берік орнығып келе жатқанын біздің еліміздегі демократияның белгісі деп білуіміз керек», – деді Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде. Әрі қарай ол биыл Қазақстан үшін мерейлі жыл екенін назарға сала келе: «Біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлағалы отырмыз. Осы уақыт ішінде елімізде елеулі үлкен істер жүзеге асты, сонымен қатар, әлі де жасайтын қызметтеріміз көп. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз халықтың көкейкесті проблемаларын анықтап, оларды шешуге барынша жәрдемдесуіміз керек. Елімізді құқықтық, әлеу­меттік, демократиялық мемле­кет ретінде орнықтыру жолы­мен алға қарай ілгерілете беруіміз үшін депутаттарға ерекше жауап­кершілік жүктеледі. VI сайланған Парламент осы сенімді ақтайды деп сенемін», – деді. Жаңадан сайланған Мәжіліс Төрағасы әрі қарай, жалпы оты­рыстың тізгінін өз қолына алып, күн тәртібіндегі келесі мәселеге көшті. Ол, әрине, Төрағаның орынбасарларын сайлау-тұғын. Б.Ізмұхамбетов өзінің депутаттық құқығын пайдалана отырып, Төрағаның екі орынбасары  лауазымдарына Владимир Божко мен Гүлмира Исімбаеваны ұсынды.  Ұсыныс Мәжіліс депутаттары тарапынан қолдау тауып, екеуі де Мәжіліс Төрағасының орынбасары болып сайланды. Жалпы отырыстың күн тәр­тібіндегі үшінші мәселе – Пар­ламенттің Үкіметке сенім білдіруі туралы мәселе еді.  Депутат Татья­на Яковлева аталған мәселе­ні талқылап жатпай-ақ, бірден дау­ысқа қою жөніндегі ұсыны­сын білдірді. Сөйтіп,  дауыс беру нәтижесінде 96 депутат жақ­тап, 4 депутат қарсы болып, 7 депу­тат қалыс қалып, басым көпші­лік дауыспен Үкіметке сенім біл­дірілді. Сонымен, Кәрім Мәсімов басқаратын Үкімет қызметін жалғастыра беретін болады. Өз кезегінде сөз алған Пре­мьер-Министр К.Мәсімов алдымен Мәжіліс депутаттарын жаңа ғана сенім мандатын алған Үкімет құрамының атынан құттық­тай­тынын жеткізді. «Үкімет сол се­німді ақтау жолында жұ­мыс іс­тейтін болады. Бүгін Пар­ламент­тің бірінші сессиясының ашы­луын­да Мемлекет басшысы елі­міз­дің алдында тұрған маңызды мін­деттерді жан-жақты атап көр­сет­ті. Елбасы тапсырмаларын іске асыру және халықтың әл-ауқа­тын  арттыру жолында бірлесе ат­қа­­ратын жұмысымызға сәттілік тілей­мін», – деді Кәрім Қажым­қанұлы. Үкімет басшысының атап өткеніндей, Үкімет қазіргі уақыт­та 100 нақты қадам стратегиялық жоспарын жүзеге асыруды қолға алып отыр. «Депутаттар мен Үкі­мет­тің тығыз жұмысының арқасында «100 нақты қадамды» жүзеге асыруға бағытталған бірқа­тар заң жедел түрде қабылданды. Пар­ламент пен Үкіметтің арасын­дағы тиімді байланыстар – прези­денттік жоспарлардың сәтті іске асуының кепілі», – деді К.Мә­сімов. Премьер-Министр өз сөзін­де әлемдік экономикадағы дағ­дарыс кезінде  Үкіметтің алдына Мемлекет басшысы жаңа, жауап­кершілігі жоғары міндеттерді қойып отырғанын, ал Үкіметтің елдің дамуына бағытталған экономикалық саясатты жүзеге асыруға барлық күш-жігерін салатынын шегелей айтты. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының күн тәрті­біндегі төртінші мәселе төменгі палатаның тұрақты комитет­терінің саны мен атауы жөнінде болды. V сайланған Парла­мент Мәжілісінде де 7 тұрақ­ты комитет жұмыс істеген еді. Олар: Аграрлық мәселелер коми­теті, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті, Заңнама және сот-құқық­тық реформа  комитеті, Қаржы және бюджет комитеті, Халық­аралық істер,  қорғаныс және қауіпсіздік комитеті, Эколо­гия мәселелері және табиғат­ты пайдалану комитеті, Эконо­мика­лық реформалар  және өңірлік даму комитеті. Депутат Майра Айсина Мәжі­лістің тұрақты комитеттерінің саны мен атауын сол қалпында  өзгеріссіз қалдыруды ұсынды. Бұл ұсыныс депутаттар тарапынан толықтай  қолдау тапты. Келесі кезек, яғни күн тәр­ті­біндегі кезекті мәселе  тұрақ­ты комитет төрағаларын сай­лауға қарай ойысты. Мәжіліс Төр­ағасы Б.Ізмұхамбетов комитет төрағалығына кандидатуралар­ды өзі ұсынды. Сонымен, Аграр­лық мәселелер комитетінің төра­ғасы қызметіне Сапархан Ома­ров, Әлеуметтік-мәдени даму ко­митетінің төрайымы қызметіне Гүлнар Ықсанова, Заңнама жә­не сот-құқықтық реформа  коми­тетінің төрағасы қызметіне Нұр­лан Әбдіров, Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы қызметіне Гүлжан Қарақұсова, Халықаралық істер,  қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне Мәулен Әшімбаев, Экология мә­селелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы қыз­метіне Глеб Щегельский, Эконо­микалық реформалар  және өңір­лік даму комитетінің төраға­сы қызметіне Роман Скляр  бірауыз­дан сайланды. Жалпы отырыстың күн тәрті­біндегі қалған басқа мәселелер бойынша да тиесілі шешімдер қабылданып, Парламент Мәжі­лі­сінің депутаттары алғашқы жал­пы отырысты ұйымдастыру мәселелеріне арнады. Парламент Мәжілісінің алғаш­қы жалпы отырысы жетілік­тер жымдасқан жиын болды. Әң­гі­менің әлқиссасы 107 депутат сайлануымен әдіптелсе, күн тәртібіне 7 мәселенің енуімен өрнектелді. Оның сыртында Мәжілістің тұрақты 7 комитетін, 7 комитеттің 7 төрағасын қайда қоясыз. «Бәрін айт та бірін айт», Бақтықожа Ізмұ­­хам­бетов Мәжілістің жетінші Төрағасы! Негізі, жеті саны қазақ үшін жақсы сан саналады ғой. Енде­ше, жетілік үйлесім тапқан Мәжі­лістің жаңа құрамынан елімізді жетістікке жетелейтін сапалы заңдар күтеміз. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024