19 Наурыз, 2016

Дендеген дертке ем табу қиын

352 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
дагдарыс-1Бір тәулікте екі зымыран ұшырылды Солтүстік Корея жұма күні таңертең екінші баллистикалық зымыранды аспанға ұшырды. Оңтүстіккореялық әскерилерге сілтеме жасай отырып Ренхап агенттігінің хабарлауынша, зымыран ұшыру Сунчхон қаласына жақын ауданда орналасқан мобильді зымырандық қондырғы арқылы жүзеге асырылған. Аталған агенттіктің келтірген мәлі­мет­­теріне қарағанда, екінші зымыран Пхёнан-Намдо провинциясындағы Сунчхон қаласы ауданынан ұшырылған бірінші зымыраннан кейін 22 минуттан соң көкке көтерілген. Дегенмен, екінші зымыран 17 шақырым биіктікке жеткенде радардан жоғалып кеткен көрінеді. Ол ауада жарылып кетті деген алдын ала болжам бар. Еске сала кетейік, алғашқы зымыран 800 шақырым қашықтықты ұшып өтіп, Жапон теңізіне құлаған болатын. Оңтүстіккореялық бас штаб­тың мәліметтері бойынша, әңгіме орта радиуста әрекет ететін «Нодон» зымы­раны туралы болып отыр. Оның ұшу қашықтығы 1300 шақырымды құрайды, ол Жапония аумағына дейін жетуге қабілетті. Болжам бойынша екінші зымыранның да «Нодон» болуы мүмкін. ҚХДР осы аттас зымыранды соңғы рет 2014 жылдың 26 наурызында ұшырған болатын. Осыған байланысты АҚШ-тың Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкциялар енгізгенін де айта кету қажет. дагдарыс-2Босқындар мәселесінің басылар түрі жоқ Венгрия билігі елдегі босқындарға арналған лагерлердің барлығын дерлік жабуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Hungary Today басылымы хабарлады.   Жергілікті бұқаралық ақпарат құрал­дарының хабарлауынша, ел билігі елдің шы­ғыс және оңтүстік шекараларында орна­ласқан Надьфе, Кишкунхалаше, Бекешчабе және Ньирбатор елді мекен­деріндегі кү­зе­ті­летін лагерлерді жабуды ойластырып отыр. Босқындардың қазіргі бар лагерлері мигранттарға арналған жаңа екі палаткалы қалашықтарға орын босататын болады. Олардың екеуі де Австриямен ара­дағы батыс шекарада орналаспақ. Жаңа лагерлерді Керменд және Сентготтхард қала­ларында ашу жоспарланып отыр, деп атап көрсетілген жоғарыда аталған басылым таратқан хабарда. Парламенттегі «Фидес» билік фракция­сының басшысы Лайош Коса қазіргі уа­қытта басқаларының бәрінің бос қалуы екі ғана лагерь қалдыруға себеп болып отыр деген пікір білдірген. Бұған дейін хабарлағандай, наурыз айының басында Венгрияның бүкіл ау­ма­ғында босқындарға байланысты дағ­дарыс ахуалы режімі енгізілген болатын. Британдықтар болса, өз кезегінде заң­сыз тасымалдаушылар қызметінің жолын кеспек ниетте. Сол мақсаттар үшін британдық әскери кемелердің таяудағы бірнеше айда мигранттарды Еуропаға жеткізіп жатқан заңсыз тасымалдаушылармен күрес жүргізу үшін Ливия жағалауына бағытталуы мүмкін. Daily Telegraph газетінің мәліметтеріне қарағанда, министрлер кабинетінің басшысы Дэвид Кэмерон Біріккен Корольдік үкіметінде Брюссельдегі самитте өз әріп­тестерін Ливиядан Еуропаға келе­тін жүз мың­­даған мигранттарды тоқтату үшін Еу­ро­одақ мемлекеттері әскери-теңіз күштерінің Жерорта теңізіндегі миссия­сын ұлғайтатындығын хабарлағанын айтқан. Британ үкіметі Ливия жағалауынан бірнеше шақырым аймақта мигрант­тар­ды жеткізуге талпыныс жасаушылар­дың жолын кесу үшін кемелерді, тік­ұшақ­­тарды және басқа да техни­калық құрал­дарды тікелей іске қосудың жос­парланып отыр­ғанын атап көрсеткен. Өткен жылы Лондон Жерорта теңізіне HMS Bulwark дессанттық кемесін аттан­дырып, оның экипажы 2,9 мыңнан ас­там мигрантты құтқарған болатын. Бри­тан­дықтардың ендігі мақсаты заңсыз тасымалдаушылар қызметін тиімді түрде қадағалап, олардың жолын кесу үшін Ливия жағалауына неғұрлым жақынырақ барып әрекет ету болып отыр. дагдарыс-3Қара алтын бағасының төмендеуіне не себеп? Халықаралық энергетикалық агенттік 800 мың баррель «артық» мұнайдың қайда кеткенін біле алмай бас қатыруда. Егер оны сол күйі таба алмайтын болса, онда мұнай бағасының болжанғандағыдан әлдеқайда тезірек қалпына келуі мүмкін, деп жазады америкалық The Wall Street Journal басылымы. Оның себебі, әлемдік шикізат рыногында ұсыныстың шамадан тыс болуына байланысты мұнайға рекордтық төмен бағаның белгіленуі және оның сол күйде сақталып тұруы Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) статистикалық қателігінің салдары болуы әбден мүмкін. ХЭА-ның есебінше, 2015 жылы рынокқа әр күн сайын сұраныс талап еткендей, 1,9 млн. баррель мұнай жеткізіліп тұрған. Осы шикізаттың 770 мың баррелі қоймаларға түсіп, қалған 300 мыңдай баррелі мұнай құбырлары арқылы немесе танкерлермен тасымалданған. Сонда күніне есепке кірмеген шамамен алғанда 800 мыңдай баррель мұнай қалады, деп жазады америкалық басылым. «Жоғалған» мұнай баррельдері қайда деген сауалға жауап мұнай өнер­кәсібі үшін түйінді мәселе күйінде қалып отыр. Көп­теген сарапшылар осынау жетіспейтін баррелдер іс жүзінде мүлде жоқ деген пікір білдіруде. Егер ол солай болса, онда бағаның мейлінше төмендеуіне себеп болған ұсыныстың көптігі ойлағандағыдан әлдеқайда азырақ болып шығып, мұнай бағасының тез арада қалпына келуі мүмкін. Өйткені, ХЭА-ның ұсыныстың артықтығы туралы есебі көп жағдайда мұнай бағасын қалыптастыруға ықпал етіп жатады, деп түйіндеген өз хабарын жоғарыда аталған басылым. дагдарыс-4Батыс Сахарадағы жағдай ушығып тұр Марокконың корольдіктен кетуді талап етуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне Батыс Сахарадағы бітімгершілік миссия төңірегіндегі дау-жанжал тыйыла ма, миссия өз жұмысын одан әрі жалғастыра ала ма деген сауалға қатысты айтарлықтай алаңдаушылық ту­ғызуда. Бұл туралы Анголаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Исмаэль Гаспар Мартинс хабарлаған.           Біріккен Ұлттар Ұйымы Батыс Саха­раның тәуелсіздігін мойындаудан бас тартып отыр. Сонымен бірге, халықаралық ұйым ол аймаққа Марокконың аннексия жасауын да мойындамай, осы мәселеге қатысты референдум өткізуді талап етуде. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Батыс Сахараның «басып алынғаны» туралы мәлімдегеннен кейін-ақ Марокко Батыс Сахарада референдум өткізу жөніндегі БҰҰ миссиясының азаматтық контингентін «айтарлықтай қысқарту» және оның бюд­жетіне тиесілі 3 миллион доллар жарнаны кері қайтарып алу жөнінде шешім қабылдады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мәселені жабық консультацияларда талқылаған. Гаспар Мартинстің айтуынша, кеңес ахуалға «ай­тар­лықтай алаң­даушылық» білдіреді және жағдайдың тұрақ­танатынына, сонымен бірге, миссия жұмысының одан әрі жалға­сатынына көз жеткізу қажет болып отыр. Біз әңгіме миссия жұмысы туралы бол­ған кезде ахуалдың тұрақтануын қамта­масыз ету үшін бәрімізге екіжақты форматта іс-қимылды жалғастыру қажет, деген шешімге келдік, деп мәлімдеген Гас­пар Мартинс. Ол бұл жерде әңгіменің Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері мен Марокко арасындағы екіжақты байланыстар туралы болып отырғанын нақтылаған. БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжарриктің айтуынша, бейбіт­шілікті сақтау жөніндегі операциялар департаменті миссия жұмысын төтенше жоспарлауды жүзеге асыруда. Со­нымен бірге, Батыс Сахараны (Полисарио) азат ету халық майданының БҰҰ-дағы өкілі Ахмед Букхари өңірде БҰҰ бітімгершіл мис­сиясының болмауы тараптардың тікелей бір-біріне қарсы тұруына апарып соқтыратындығын айтқан. Марокконың миссияны аяқтау туралы ұсынысы барынша қысқа мерзім ішінде соғысты қайта жандандыруға бастайтын жол болмақ. Миссия жоқ жерде – вакуум бар, яғни соғысқа шақыру бар. Қауіпсіздік Кеңесі оны білуі тиіс, деп атап көрсеткен Букхари БҰҰ-да журналистерге берген сұхбатында. Айта кету керек, Батыс Сахарадағы референдум бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес 1991 жылы тағайындалған болатын. Топтаманы дайындаған Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024