19 Наурыз, 2016

«Күлкі және көз жасы»

865 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
DSC_6135Тұрсынжан Шапайдың жаңа кітабы жарыққа шықты Осыдан біраз бұрын танымал қаламгер Тұрсынжан Шапайдың «Күл­кі және көз жасы» кітабының тұсау­кесері өтті. Оған шаһардағы әдебиет­танушылар мен белгілі публицистер, БАҚ жетекшілері мен қаламы жүйрік журналистер қатысты. Бұл жиыннан белгілі ға­лымдар да табылды. Көптен күткен кітаптың тұсау­кесер рәсімін «Ел» продю­серлік орталығының директоры Ғалым Доскен мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы жасап, жазу өнеріне қатысты ойларымен бөлісті. Рухани басқосу тұрғысында өткен кітаптың тұсаукесерінде Тұрсынжан Шапайдың сөзіне жазылған әндер орындалып, әдеби кейіпкерлері сөз алды. Рамазан Стамғазиев, Бекжан Тұрыс, Ұлту Қабаева сынды өнердің бел балалары шығармашылық бас қосудың салмағын арттырды. Танымал актер Асқар Наймантаев жазу­шының шығармасынан («Қа­зақпен саудаласу») үзінді оқыды. Аталмыш кітап «Ақжүніс» баспасынан шыққан тұңғыш кітап екенін айта кету ләзім. Осы­нау жобаға мұрындық болған «Ақжүніс-Астана» журналының бас редакторы Сәуле Әбединова қазірге «Күлкі және көз жасы» кітабы 2 мың данамен жарық көргенін, сұраныс өскен сайын таралымы да өсе беретіндігін айтады. Тұрсынжан Шапайдың ер­те­ректе жарық көріп, жұрт­шы­лықтың ықыласына ие болған «Қазақтың жаны» кітабына енген әңгіме, эсселері соңғы жылдары жазылған көптеген жаңа туындыларымен толықтырылып, «Күлкі және көз жасы» деген атпен шығып отыр. Жаңа кітап «Күлкі және көз жасы», «Жазу», «Бір мысқал...», «...Және бір эссе» деген төрт бөлімнен тұрады. Төрт тараудан тұратын кі­тап бөлек сарынымен, ерекше ой оралымдарымен, тілі­нің шұрайлылығы, сөзінің сал­мақтылығы, мәселелерінің көкей­кес­тілігімен оқырмандарын елеңдетіп отыр. Замана тынысы, қоғам мен адам мінезіндегі құ­былыстарды, қазіргі көңіл күйді бейнелеу талабы – бұл кі­тапқа енген туындылардың негізгі мазмұнын айқындайды. Жазушы, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапайдың бұдан басқа, «Ой түбінде жатқан сөз», «Шын жүрек – бір жүрек», «Қаз­ақтың жаны» атты кітаптары жа­рыққа шыққан. 2001 жылы «Шын жүрек – бір жүрек» кітабы үшін қаламгер Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған. Тұрсынжан Шапайдың саз­­герлігі – өз алдына бөлек әң­гіме. Оның «Арман», «Дариға-дәурен», «Сәуле-ғұмыр», «Ай­дай», «Ай, сәулем», «Ой, дүние», «Қара­көз қалқа», «Ой, жаным», «Қайран, Қарасазым-ай», «Ба­ла ғашық» әндері Рамазан Стамғазиевтың, «Қоңыр» тобы, т.б. қазақ әншілерінің орындауында халыққа кең тараған. Ұлы Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің», «Жүрегім менің қырық жамау», «Ғашықтық құмарлық пен ол екі жол» өлеңдеріне жазған бірнеше әні бар. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Самат ҚҰСАЙЫНОВ.
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024