12 Қаңтар, 2016

Испанияда корольдің әпкесіне қатысты сот процесі басталды

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
12-01-2016-spain 01АСТАНА. 12 қаңтар. Испанияда король VI Фелипптің әкпесі Кристинаның ісі бойынша сот процесі басталды. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Испанияда тарихи сот процесі аталып кеткен бұл іс бойынша барлығы 18 адам жауапқа тартылған. Олардың ішінде корольдің әпкесінен бөлек, оның күйеуі Иньяки Урдангарин де бар. 5,8 миллион евроны жымқырды деп, үстінен қылмыстық іс қозғалған Иньяки Урдангарин Noos институтының қоғамдық ұйымының басшы құрамына мүше болған. Айыптаушы тараптың айтуынша, Урдангарин мен оның серіктесі Диего Торрес түрлі қалалар мен автономды бірлестіктердің (Балеар аралы, Валенсия автономды бірлестігі) әкімшілігін осы институтпен бірлесіп жұмыс істеуге келісімшартқа отыруға көндіріп келген. Алайда, шартта көрсетілген жұмыстар шын мәнінде орындалмаған. Кейіннен ақша солардың есепшотына аударылып отырған. Ал, Инфанта Кристинаға 2007 және 2008 жылдары мемлекеттік қазынаға қарсы екі салық қылмысына қатысы бар деген айып тағылып отыр. Корольдің әпкесі Aizoon фирмасы арқылы салықтан жалтарған деген күдікке де ілінген. Алдын ала жорамалдар бойынша, Noos мемлекеттік әкімшіліктерден заңсыз жолмен алынған қомақты қаражатты осы фирмаға аударып отырған. Бұл сот процесіндегі ең басты сұрақ – Кристина «Ботин доктринасын» пайдалана ма? Аталған құжаттың басты принципі – егер прокуратура іс бойынша айып тақпаса, күдікті жауапкершілікке тартылмайды. Испания монархтары отбасының ісі бойынша прокурор Педро Оррача судьяға Кристинаға қатысты істі тоқтата тұру туралы өтініш жасаған. Қадағалаушы орган өкілінің пікірінше, король әпкесінен салық төлеуден жалтарды деген айыпты алып тастау керек. «Себебі, осы айып Кристина күйеуінің іс-әрекеттері туралы «білуі мүмкін» деген күдікке ғана сүйеніп отыр. Ал бұл кінәсіздік призумпциясы принципіне қайшы келеді. Оның кінәсін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар жоқ», – дейді прокурор. Сонымен қатар, прокурор өз өтінішінде Кристинаның жарының заңсыз әрекеттерінен түскен жалпы сомасы 587 413 евро болатын табысты алғанын, бұл қаражатты айыппұл ретінде төлеуі керектігін, және оның бұл талапты орындағанын да мәлімдеген. Алайда, судья Хосе Кастро сот процесіне қатысушы тағы бір тараптың – «Таза қолдар» жемқорлыққа қарсы қоғамдық ұйымының өтінішін қарау туралы шешім қабылдаған. Бұл ұйым 49 жастағы Кристинаны тоғыз жылға темір торға қамап, 2,6 миллион евро айыппұл төлетуді талап еткен болатын. Естеріңізге сала кетейік, бұл – Испания тарихында алғаш рет сот процесінде айыпталушы ретінде монарх отбасының мүшелері қатысып отырған іс. Осы елдің сот төрелігі тарихында бұл ең шулы іс болары анық. Себебі, күні бұрын сот басталмай тұрып Иньяки Урдангариннің бизнес серіктесі Диего Торрес айыптаушы тарап көрсеткен бұл істер туралы король отбасы біліп қана қоймай, «кей жағдайда тіпті өздері де бірге қызмет еткенін» мәлімдеген болатын. Алайда, ол барлық келісімнің заңды болғанын сендіріп баққан. Еламан Қоңыр. Дерек: РИА «Новости». Сурет: AP Photo.
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024