12 Қаңтар, 2016

Ақтөбеде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай іс-шаралар басталды

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
12-01-2016-aktobe 01АҚТӨБЕ. 12 қаңтар. Ақтөбеліктер мен қала қонақтары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне қанша уақыт қалғанын бақылау мүмкіндігіне ие болып отыр. Уақыт есебін көрсететін алып LED экрандар қаланың бес жеріне орналастырылған. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Аптаның кез келген күнінде, күндіз де, түнде де көшелердегі жарық диодтты алып экрандардан еліміздегі ең маңызды тарихи оқиғаға қанша уақыт қалғанын көруге болады. «Үлкен экранның қасынан күн сайын өтемін. Ондағы Тәуелсіздік күніне дейінгі уақыт мөлшерін көрсететін есептегіш назарымды ерекше аударады. Мен бұдан еліміздің тарихына деген құрметті көремін. Осы шараның арқасында тіпті кішкентай бүлдіршіндеріміз де тарихи күн туралы хабардар болуда», – дейді Қ.Жұбанов атындағы университеттің студенті Жәдігер Бөпеліков. Мерейтойға арналған жаңа мерекелік шара туралы жайдарманшы Жанар Жорабаева алып экранда Тәуелсіздік мерекесіне дейін қанша күн қалғанын көрсететін есептегіштің орнатылғанын досы екеуі бірден байқағанын айтады. Ол бұл ерекшелік барлығына ұнайтынын тілге тиек етіп, халқымыз өзінің тарихын білуі тиіс екендігін алға тартады. «Қазақстан – жас тәуелсіз мемлекет. Бұл өте маңызды. Біз болашаққа сенімді түрде қараймыз. Ал Тәуелсіздігіміздің мерейтойына дайындық жұмыстары – жастарымыздың еліміздің дамуына қосып отырған үлесі. Өйткені, әрбір қазақстандық – өз Отанының патриоты!» – дейді ол. Айта кету керек, соңғы кездері өңірде үлгі алатын өнегелі істер көптеп жүзеге асырылуда. Соның бірі жақында Ақтөбеде еліміздің барлық облыстарында жалғасын табатын «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты республикалық жалпыұлттық жоба бастау алды. Ауқымды мерекелік шараға 4 мыңнан аса адам қатысты. Олардың арасында ардагерлер, жастар және мемлекеттік емес ұйымдар мен этноұлттық бірлестіктердің өкілдері болды. Бұдан өзге, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында қол жеткізген жетістіктерді кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін облыстың аудандарына үгіт пойыздары мен ақпараттық топтар жіберілді. Ақтөбеліктер осындай қадамдар арқылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын асыға күтетіндіктерін және оған тиянақты дайындалатындықтарын айқын аңғартуда. Ия, ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы еліміздегі іргелі істермен айшықталып, сәт сайын жақындап келеді. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz.
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024