03 Тамыз, 2010

Сүйінші!

1039 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Түрк халкларынын ортак едебі есерлері” Ыстамбұлда жарық көрді Президент Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Астанада Түркі академиясы құрылғанынан оқыр­ман қауым жақсы хабардар. Жа­қында Түркиядан, Ыстамбұл қа­ласынан мұндай академияның түркі халықта­рының қарашаңы­рағында – Қазақ елінде құрылуы жарасымды заңдылық екенін көр­сететін құнды кітап жарық көрді. Ол – филология ғылымдарының док­торы, профессор, Күлтегін сыйлы­ғы­ның лауреаты Немат Келім­бе­товтің “Түрік халықтарының ортақ әдеби мұралары” атты еңбегі. Біз бүгін оқырман назарына сол кітап­ты түрік тіліне аударған белгілі ғалым Әбдіуақап Қараның еңбекке жазған алғысөзін ұсынып отырмыз. Ежелгі дәуірлерден қа­зірге дейін көптеген мем­ле­кеттердің іргетасын қала­ған түркілер мә­дениет са­ла­сында, әсіресе әдеби са­лада көптеген ма­ңызды ту­ын­дыларды өмірге кел­тір­ген. Сондықтан түр­кілер әрі ауыз әдебиетіне, әрі жазба әдебиетке аса бай. Зерттеу­шілер түп тамыры заманы­мыз­дан бұрынғы ғасырла­р­­ға дейін созылатын және шамамен үш мың жылдық тарихы бар түркі әдебиетін түрлі тұрғыдан қолға алып талдауда. Түрік тіліне аударылып отырған профессор Немат Келімбетовтің осы еңбегі қазақ тілінде “Ежелгі әдеби жәдігерліктер” деген атпен жарық көрген. Біз оның атын түрік тіліне аударғанда “Түрк халкларынын ортақ едебі есерлері”, яғни “Түрік халықтарының ортақ әдеби мұралары” деп қоюды жөн көрдік. Өйткені, біріншіден, Түркияда ежелгі немесе ескі әдебиет дегенде еске ал­дымен Ос­ман патшалығы дәуіріндегі әдебиет оралады. Екін­шіден, осы еңбекте бүгінгі түрік халықтарының әде­би­ет­теріне негіз болған ортақ әдеби мұралар біртұ­тас қолға алынып зерттелуде. Ең­бекте бұл мұраларға Исламға дей­інгі дәуір, Исламдық дәуір және Алтын Орда әдебиеті деген үш тарауда талдау жасалуда. Кітаптағы назар аударарлық маңызды жәйт, Келімбетовтің зерттеуінде мыңдаған жыл бұрын ортаға шыға бастаған Түркі әдеби мұраларының бір-бірінен үзік, байланыссыз емес екенін, қайта олардың арасында қазірге дейін жалғасып келген көркем өнер дәстүр жалғастығы болғандығы жөніндегі тезисін табыспен ортаға қойып отырғандығы. Осы орайда нақты бір мысал берер болсақ, автор Қорқыт ата кі­та­бындағы “Байбөрі баласы Бәмсі-Байрак туралы жыр” дастанының бас кейіпкері Бәмсі-Байрак пен қазақ халқының әлемге әйгілі дастанындағы Алпамыс батыр арасындағы байланысты дәлелдеп көрсетуде. Келімбетовтің тұжыры­мы бойынша, Бәмсі-Байрак уақыт өте келе түркі халықтарының әлеу­меттік өміріндегі сан түрлі тарихи құбылыстарға сай кейбір өзгеріс­терге ұшыраған сияқты. Сөйтіп, Бәмсі-Байрак әңгімесі қазақ халқы арасында “Алпамыс батыр” даста­нына айналған. Ғұн­дардың “алып” деген әскери атақ­ты шайқаста ерлік көрсеткен ба­тырлардың аты­на қосып айтқаны ғалымдардың зерттеулерінен бел­гілі. Міне осы жәйтті ескерткен Келімбетовтің пікірі бойынша, Бәмсі-Байрак Алп Бамсы болып та айтылған. Ал бұл есім кейін бірте-бірте Алпамса, Алпамша, Алпамыс атанып кеткен. Екінші жағынан Бәмсі-Байрак жыры өзінің композициялық құ­ры­лысы тұрғысынан да “Алпамыс батыр” дастанына жақын келеді. Ал сюжеттік тұрғыдан бұл екі жыр­дың бірінші және екінші бөлімдері бірін-бірі қайталайды. Атап айт­қанда, Бәмсі-Байрак пен Алпамыс­тың дүниеге келуі, сүйген қызына үйле­нуі, батырдың жау қолына қапы­лыста тұтқынға түсіп, ұзақ жылдар бойы зынданда жатуы, батыр сүйген жарының басқа бі­реу­лермен үйлену тойының үстінен шығуы, жыр қаһармандарының мұрат-мақсатына жетуі т.б. екі жырда да бір-біріне ұқсас болып келеді. Қазақстанның белгілі ғалым және авторларынан профессор Немат Келімбетов әдебиеттану са­ла­сында бірқатар маңызды зерт­теу­лердің авторы. 1937 жылы туылған автор жалпы түркі әдебиеті және тарихы туралы жасаған зерттеулері нәтижесінде “Ежелгі түркі поэ­зия­сы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы”, “Қазақ әдебиеті бас­таулары”, “Көркемдік дәстүр жал­ғастығы”, “Ежелгі дәуір әдебиеті”, “Ежелгі әдеби жәдігерліктер” сын­ды еңбектерді дүниеге келтірген. Келімбетовтің осы кітаптан бұрын “Үміт үзгім келмейді” атты автобиографиялық хикаят моно­логы осы жылдың басында түрік тіліне аударылған болатын. Бұл еңбек бұдан бұрын орыс, украин, түркімен, неміс және қытай тіл­дерінде де жарық көрген. Автордың шығармашылық салада “Үміт үзгім келмейді” атты еңбегінен басқа “Қариялар”, “Ұлыма хат” деген кітаптары да баршылық. “Қариялар” атты еңбегі ТМД елдерінде жылдың үздік кітабы атағына ие болды. Келімбетовтің түркі халықтар­дың ортақ әдеби мұралары сынды кең байтақ тақырыпты қамтыған бұл зерттеуін түрік тіліне аударуда бірқатар қиыншылықтар болмай қойған жоқ. Оларды шешу бары­сында түпнұсқадан ауытқымауға ерекше күш жұмсадық. Әсіресе әдеби жәдігерлерден алынған үзін­ділердің түпнұсқасының түрік ем­лесіндегі транскрипциясын айна-қатесіз беру үшін аудармадан тыс тә­сілдер қолдануға тура келді. Өйт­кені, Келімбетовтің “Диуани лұғат-ат түрік” сияқты мұралардан өзбек, қазақ немесе орыс тілдеріндегі ең­бектерден алған үзінділерінің ал­фавит айырмашылықтары себе­бімен Түркиядағы ғалымдардың бұл салада қалыптасқан транс­крип­ция жүйесімен үйлесімсіздік көрсетуі, кей жерлерде түсінік­сіз­діктерге, тіпті қателіктерге апарып соқтыруы әбден ықтимал еді. Мұн­дай жағдайларға жол бермеу үшін мұралардан алынған үзінділерді, аударып жатқан еңбектің өзінен емес, Түркияда жарық көрген еңбектерден алып қойдық. Бұл еңбектерді де аударылған еңбектегі сілтемелердің қасында бұрышты жақша ішінде қосымша көрсеттік. Сонымен бірге Келімбетов көне түркі әдеби мұраларынан алынған үзінділердің қазақша аудармасын да беріп отырған. Бұл аудармалар кейде қолданылған материалдың орыс немесе өзбек тілінде болуына байланысты аударманың да аудар­масы болған. Біздің осы мәтіндерді қазақшадан түрікшеге аударуымыз аударманың үшінші рет жасалуы болатын еді. Сондықтан мәтінде әрі мағыналық адасулар, әрі эсте­тикалық бұзылушылықтар болуы ғажап емес еді. Міне, осындай жағ­дайларды болдырмау үшін әдеби мұралардан қазақшаға жасалған аудармаларды тағы бір рет түрік тіліне аударудың орнына, түрік ғалымдарының түпкі нұсқадан жасаған аудармаларының өзін қолдандық. Мұндай аударма мәтіндердің бұлақтарын бұрышты жақша ішінде қосымша көрсеттік. Мысал үшін айтар болсақ, “Қорқыт ата”, Жүсіп Баласағұн­ның “Құтты білік”, Махмұт Қаш­қаридің “Диуани лұғат-ат түрік” еңбектерінен алынған үзінділердің түрік тіліндегі аудармалары үшін Мұхаррем Ергин, Решит Рахметі Арат, Бесим Аталай сынды Түр­кия­ның бұл саладағы мықты ға­лым­дарының зерттеулерін қолдан­дық, сондай-ақ бұлардың да сіл­темелерін автордың сілтемелеріне қосымша бұрышты жақша ішінде қасында көрсеттік. Бұлардан басқа аударма бары­сында кездескен кейбір термино­логиялық қиыншылықтар үшін сол салалардың маманы болған түрік әріптестерден кеңес алып отырдық. Мәселен, қазақ әдебиетіндегі кей­бір терминдердің түрік тіліндегі ба­ламасын табуда Мармара универ­ситетінен филология ғылымдары­ның докторлары Орхан Сөйлемез бен Гөксел Өзтүрік, көне грек та­рих­шы­ларының есімдері мен ең­бек­тері туралы осы саланың маманы, тарих ғылымдарының докторы Фе­рит Баз, парсы тіліндегі өлеңдердің түрік ем­лесінде дұрыс жазылуында Ми­мар Синан университеті тарих ка­­федрасының оқытушысы Гүлсе­рен Жежелинің берген кеңестері пай­далы болды. Оларға алғысым шексіз. Белгілі ғалым, профессор Немат Келімбетовтің бұл еңбегінің түркі дүниесінің ортақ мәдени құнды­лық­тарының айқындалуына және бұл саладағы зерттеулерге өзіндік зор үлесін қосатындығына сенімдімін. Құрметпен, Әбдіуақап ҚАРА, тарих ғылымдарының докторы,  Мимар Синан көркемөнер  университетінің профессоры. Ыстамбұл, мамыр 2010