31 Шілде, 2010

Жол үстіндегі журналист

952 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әріптес туралы әңгіме

Өзім аса бір қадірлейтін Нұрма­хан Оразбек ағамның бір тағы­лымды ісі ойыма оралып отырғаны. Сонау бір Кеңес өкіметінің арқы­рап тұрған кезінде ол ҚазТАГ атты ақпарат агенттігінде қызмет істеп, “Одақ және шетел хабарлары” бас редакциясында аударма жасаған. Нұрағаң сол тұста талай мәрте “шеңберден шығып кетіп” жүрген екен. 1987 жылы Мәскеуде Журналистер одағының VІ съезі өтіпті. Айтулы алқалы жиынға Қазақстаннан Нұрмахан аға да қатысқан. Сонда ТАСС-тың алқа мәжілісінде: “Гениальные мысли даже в голову генерального секре­таря не каждый день приходит. Что вы даете стенографическиий отчет?..” деп, алып елдің іргелі ақпарат агенттігіндегі дөкейлердің зәресін бір ұшырған. Шынында да, ол кезде Горбачевтің, басқа да компартия басшыларының шетелге барғаны стенографиялық есеп сияқты берілетін еді. Ал ақпарат агенттігі жүйесінің міндеті – хабар беру, айтатын ойын анық жеткізу. Қашанда өзі ұстанған қағидаттан ауытқымайтын Нұрағаң Алматыға бір-ақ тартады. Келесі күні ТАСС-тың қызметкерлері жанұшыра хабарласады, “Нуреке, вы что наделали, тут вся руководства в шоке” деп. Осылайша, Нұрағаң одақтық жүйенің олқылығын да сын тезіне алып, өткір тұлғаның ұстанымын танытқан еді. Жалпы, журналистика төңірегінде, журна­листер туралы әңгіме қозғала қалса, Нұрағаңның осы бір бейнесі көз алдыма елестейді. Бүгінде, құдайға шүкір, қазақ журналистикасы Нұрағаң сынаған стенографиядан іргесін ажыратып, соны сүрлеуін қалыптастырып келеді. Бір кездері Кеңес Одағы тұ­сын­да Оразбектің оғыланы салған озық жолды – халықаралық мәсе­лелер төңірегінде тұшымды пікір айтып, қазақтың мүддесі тұрғысы­нан оқырманға жеткізетін журна­листер шоғыры қалыптасып та үлгерді. Халықаралық тақырыпқа қалам тербеген бірегей журналис­тердің санатында егемендік Самат Мұса да бар. Көшбасында десек те, бәлкім, асыра айтқандық болмас. Өйткені, “Егемен Қазақстан” – тәуелсіз елдің сыртқы саясаттағы әр­бір қадамын жеріне жеткізе жа­зып келе жатқан басылым. Халық­аралық қарым-қатынастар мәселесі басылым бетінде күн сайын жария­ланып, жұмыр жер бетіндегі қазаққа қатысты мәселе назардан қалыс қалған емес. Ол тақырыпты жазатын, қалам тербейтін журна­листің бірі сол – Самат Мұса. Кезінде “КазПИ” атанған іргелі оқу орнының филология факуль­тетінің оқуын тауысқан Сәкеңнің әлі күнге дейін “тілге” бүйрегі бұ­рып тұрғаны. Қазақ тілінің ұңғыл-шұңғылына дейін оқытатын фил­фак­тың бергені көп, әрине. Сон­дық­тан да филолог Саматтың уәжі көп тұста орынды шығып жатады. “Бізде КазПИ-де...” деп басталатын әңгіменің ақыры да өзі дәріс алған “дәулерді” түгендеумен аяқталады. Қазақ әдебиетінде орны бөлек мықтылардың аттарын есті­геннен кейін көптен дайындаған “аргумен­тің” де “ойнамай” қалады. Кори­фей­лерден лекция тыңдаған шә­кірт­тің осал болуы мүмкін бе! Сондықтан журналистикаға “сауат­тылық мекте­бінен” шыңдалып кел­ген Сәкең білім тұрғысынан, сөз жоқ, “бестік­ке” ие болады. Тіл төңіре­гіндегі тайталаста ұпай соның жағында. Айтпақшы, Самат Мұса журна­лис­тикадағы еңбек жолын да “сауатсыздықпен күресуден”, корректорлықтан бастаған. Кейін жаңа кезеңнің, жаңа қоғамның жаршысы ретінде дүниеге келген “Халық кеңесі” басылымында жемісті қызмет етіп, ақпарат әлемінің қыр-сырын меңгерудің соңы халықаралық ақпараттармен қоян-қолтық жұмыс істеуге ұласты. Соңғысының дені тәржімамен тікелей байланысты ғой. Бертінге дейін халықаралық тақырыптарға қатысты ақпарат көзі Ресейдің ақпарат агенттіктерінен алынып келгені мәлім. Ендеше, орыс тіліндегі ақпараттарды қазақша сөйлетуге де білім керек, біліктілік қажет. “Филфак” түлегінің жаңа қыры, саяси ұғым-түсінікке жетік­тігі осы ыңғайда молынан танылды. Самат Мұсаның “лентасынан” шыққан ақпараттарды “Егемен Қазақстан” газетінің басшылары көп түземейтін де, күземейтін де. Осылайша халықаралық хабарлар оқырманға жатық тілмен жеткізіліп жатады. Әу басында Нұрағаңды, Нұр­махан Оразбек ағаның тағылымын бекер келтірген жоқпыз. Саматтың бойында алдыңғы буын ағасына деген, оның атқарған ісіне деген ұқсастық бар. Кездейсоқтық шы­ғар, бәлкім. Алайда, жақсы ағаның өнегесін кейінгі буынның бойынан табу жақсылықтың нышаны емес пе! Самат Мұса Нұрмахан ағасы сынды тәржімаға келгенде, қаламы жүйтки жөнеледі. Сондай-ақ ағасы ҚазТАГ-та “Одақ және шетелдік хабарлар” бас редакциясында қызмет жасаса, Самат бұрынғы кеңестік кеңіс­тіктегілермен қоса, әлем елдерінің хабар-ошарларын қажетке жаратып жүр. Уақыты мен талабы басқа демесеңіз, илегені – сол терінің пұшпағы. Не десек те, өнеге болар ағаның жолын жалғас­тырғанға не жетсін. Ендеше, тәуел­сіз елдің төл ақпараттарын таратқан Самат Мұсаны осы үдеден шығып жүр деп ауыз толтырып айтуға құ­қымыз бар. “Бұрын-соңды “Қазақ” деген ұлттың, елдің барын шетел біле бермейтін. Қазір Құдайға шүкір, көпшілігі таниды. Ал егер сая­сатымыз жақсы жүріп, халқы­мыздың әл-ауқаты, тұрмысы оңға­рылса, біздің ортақ мақсатымыз сол. Сонда ғана дүние жүзі алдында абы­ройымыз асқақтайды. Әркім өз пікірін ашық айтып, ашық жария­лайтын болса, және сол пікірді билік ескеріп жатса, сонда ғана “Біз – қазақпыз” деп мақтана алатын жағдайға жетеміз” деген-ді бір сөзінде Нұрмахан Оразбек. Осы жолда Самат Мұса сынды білікті журналист аянбай қызмет етіп жүр деп айтар едік. Самат Мұса – жол үстіндегі журналист. Жол болғанда қандай! Алты құрлыққа түгелдей табаны тимесе де, төрт құрлықтың елдерін түгендегені рас. Бұрын-соңды қолына қалам ұстаған журналист қауымы бір республиканың аума­ғын аралауының өзі үлкен мәртебе болып табылатын. Бүгінде, құдайға шүкір, қазақ журналисінің аяқ баспаған аумағы қалмады десе де болады. Халық­аралық қарым-қатынас мәселелерін арнайы сапар барысында көзбен көріп, диплома­тиялық байла­ныстарды жете зерт­теуге мүмкіндік туады. Осындай мәр­тебелі сапарларға арнайы іріктелген журналистер тобының ортасында “егемендік” Самат Мұса да жүреді. Мәскеуде өткен ТМД басшыларының басқосуы хақында мақаласы жарық көрсе, енді бірде Рақымжандар ту тіккен Берлиннен хабар беріп жатқаны. Тағы бір күні “Егемен Қазақстан” бетінен “БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-ші сес­сиясы бұрнағы күнгі жұмысын жалпы пікірталастармен жалғас­тырды. Оны БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун сөз сөйлеп ашты. Ол өзінің сөзінде бүгінгі таңда адамзат ешқандай шекараны білмейтін, барлық мемлекеттерге ықпал-әсері бар сы­нақтармен бетпе-бет қалып отырғанын атап көрсетті. Қаржы, энер­гетикалық және азық-түлік дағдарыстары, соғыстар мен зорлық-зомбылық қатерлері қазіргі дүниенің өмір шындығы болып та­былады. Бұған климаттың өзгеруі проблемасын қосыңыз” деген Нью-Йорктан жолданған мақаласын оқисыз. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Жапонияға ресми сапары туралы Токиодан жолдаған репортажы шығады тағы бірде. Сәкеңнің әуеде ұшқан уақыты анау-мынау ұшқыштардан кем соқпаса керек-ті. Сондықтан оның ұшақ ішіндегі уақыты отандық журналистің жоғары көрсеткіш­терінің бірі болуы да ықтимал. Гәп көрсеткіште емес, мәселе барған елден жазылған репортаждарда ғой. Бұл жағынан алғанда, Самат Мұса барған сапардан “Егеменнің” ұпайы түгенделіп жатады. Сапар алдында Сәкең алдын ала дайын­даған “дүниелер” барған елдің уақыт айырмашылығына қарамай, кәдеге жарап кетеді, аз-кем толық­тырулардан кейін. Телеви­зиялық форматпен жағаласқан репортаждар ертеңгі күні-ақ газеттің бетінде жарияланады. Мақаланың төбесін­де “Токиодан... Самат Мұса хабар­лайды” деген белгісі тұрады. Журналистік қызмет мәртебесінің өзі осында болар. Самат халықаралық саясатта өзіндік қолтаңбасы бар журналист. Бір мақаласында Қырғыз еліндегі ахуал туралы жете зертттеп жазып, оған ресми Астананың көмек қолын созғандығын баяндайды. “Қазақстан Қырғызстанды күрделі жағдайда қалдырмайды” деп айта келіп, Қазақ елінің туғандарға 10 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлгендігі жөніндегі ақпа­рат­ты жеткізеді. Енді бірде Шанхай ынтымақтастығы ұйымы туралы жазғанын тұшына оқисыз. Тағы бір сәт Қазақстанның Өз­бекстан Республикасындағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Бөрібай Жексем­бин­мен екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы кеңінен әңгіме қозғап отырғаны. Орынсыз жерден “қылт” ете қалатын ресми Таш­кент­­тің бағыты мен ұстанымы хақында хабардар боласыз. Халық­аралық мәселелер жөніндегі толғақты тақы­рыптар — Самат Мұса қаламының өзегі. Толымды тәжірибе мен үзбей ізденісінің арқасында оның жазған дүниелері оқырманның үнемі қызығушы­лығын тудырады. Жемісті еңбегінің арқасында құрметке де бөленіп келеді. Былтыр ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұ­хамеджанов бастаған қазақстандық делегация Бакуде өткен түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ас­самблеясының І жалпы отырысы­ның жұмысына қатысты. Осы Парламенттік Ассам­блея аясында Парламент тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистердің Ас­социациясы құрылды. Оған Қазақ­стан тарапынан “Егемен Қазақ­стан” газеті бас редакторы­ның орынба­сары Самат Мұса мүше болып кірді. Мі­неки, халықаралық тақырыпқа қалам тербейтін қалам­гердің халықаралық деңгейде мойындалуы. Бүгінде ердің жасына келіп отырған Сәкеңнің еңбегі алдағы уақытта да жана берсін демекпіз. Ғабит МҮСІРЕП.